Бұл аптада қалың елі, қазағы үшін ,қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы- Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Барша қазақ жұрты, халық жүрегінен ойып орын алған, саналы ғұмырында әділдік пен ақиқатты іздеп, заманының шерін қаймықпай айтып жеткізген бүкіл ұлттық баспасөздің бірнеше буынын тәрбиелеген алып бәйтерегінен айырылды. Замандастары,қаламдастары,соңына ерген жас буын жан тебірентер естеліктерін айтып, апта бойы бір дәуірдің сөзін ұстап,тәуелсіздіктің тұғырын нықтап,парасат-пайымы, бітім-болмысымен ерекшеленген Шер ағасын қабырғалары қайыса жоқтап,ақтық сапарға шығарып салды.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.
Елордада академиктің атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Астана қаласы әкімдігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі,Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалидың құрметіне өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.
Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бітірген соң ол еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті.2000 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.
Мемлекеттік сыйлығының иегері, әдебиеттанушы-ғалым Рымғали Нұрғалиға өзі тұрған үйге – Астана қаласы Абылай хан даңғылы 6/5 үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Айтыс 2018 жылдың 20-21 қазан күндері Астана қаласының «Қазақстан» орталық концерт залында болады», - делінген хабарламада. Бұл додаға Жамиға Дәулетқызы (Қытай Халық республикасы), Рашат Айдос (Моңғолия), Қуантқан Аманжол, Маратов Асылбек, Усупбек Уулу Мундузбек (Қырғызстан), Серік Қойшығұлов, Еркебұлан Қайназаров, Мұхтар Ниязов, Ринат Заитов, Біржан Байтуов, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, Дәурен Ысқақ, Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қамиев, Аруна Керімбек, Аяулым Жұмабекқызы, Мақсат Аханов (Қазақстан) секілді аузымен құс тістеген ақындар қатысады. Айтысты М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын, мәдениет қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізеді.
Астанада жыл сайынғы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. Биыл байқауда бес номинация бойынша дарынды жастар бәсекеге түспек. Атап айтқанда, «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика». Үстіміздегі жылы байқау 5-9 қараша аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Онда 16-35 жастағы үміткерлер бақ сынайды. Ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Классикалық музыка» номинациясында келесідей ішкі номинациялар болады: «Ағаш үрмелі аспаптар», «Мыс үрмелі аспаптар», «Соқпалы аспаптар», «Камералық ансамбль»; «Халық музыкасы» номинациясында «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Бас шертер», «Прима домбыра»; «Хореогоафия» номинациясында тек халық биін орындаушылар ғана өнер көрсетеді. Ал «Журналистика» номинациясында екі бағыт қосылды – «Телевидение» және «Интернет ресурстар».
«Астана Операда» 2-13 қазан аралығында сұранысқа ие педагог, хореограф, әлемдік балет жұлдызы Оливье Патейдің шеберлік сабағы өткізілді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.
Оливье Патей – Фландрия Корольдік балетінің тәлімгер ұстазы, Париждік балет труппасының премьері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың қазылар мүшесі. Әлемнің түрлі елдерінде тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізеді, ал қойылымдары болса Еуропа, Азия және Америка көрермендерінің ілтипатына бөленіп, табысқа ие болып жүр.
- Астана қаласы маған бұрыннан таныс, мұнда мен 2011 жылы Париж операсының этуальдері М.Юрэль және К.Пакеттпен бірге келгенмін, бірақ бұл менің осы керемет театрға алғашқы келуім. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова – әлемдік деңгейдегі атақты балерина және мен оның шақыртуына шынайы ризашылығымды білдіремін. Байқауымша, әртістердің техникасы тамаша әрі шын мәнінде мектебі мықты, - деді Оливье Патей.
Апта бойғы ел өміріндегі маңызды оқиғалардан дайындалған шолуға ашық ақпарат көздерінен мәліметтер арқау болды.