«Қаншама жылдар бойы ата-бабасы сағынып, аңсап, армандап өткен қазақ жеріне, қалың қазақтың ортасына келген ұлдың: «Біздің ақсақалдар «Жан тартпайды, қан тартады» деген мақалды жиі айтатын, сол сөздің растығына бүгін көзім жетті. Қаным тартқасын, мен сіздерді іздеп келдім»,-деген сөзі қаншама жанның тоң боп қатқан көңілін жібітті». Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарынан жазушы Заря Жұманованың Мұстафа Өзтүрік жайлы оқырманға ой салар естелік әңгімесін ұсынамыз.
1989 жылдың күзі. Ол кезде Қазақстан КСРО құрамында еді. Шетелдегі қандастарымыздың ешқайсысы елге әлі аяқ баспаған уақыт. Республикалық қазақ басылымдары Түркияда туып-өскен, Жапонияда шеберлігін шыңдап, Германияда өз спорт мектебін ашқан, әлемнің талай-талай мықтыларымен күш сайыстырған қазақтан шыққан тұңғыш таэквандошы Мұстафа Өзтүріктің Алматыға келгенін, Алматыдағы орталық циркте шәкірттерімен бірге халық алдына шығып, өнер көрсеткенін жарыса жазды.
Елден жырақтағы қазақтардың бәрін жау тұтып, кеңестік теріс идеологиямен өскен біз үшін бұл бір тосын оқиға болды. Мен ол кезде Жезқазған облыстық телерадио комитетінде тележурналист боп істеп жүргем. «Құлағың естігенді көзің көреді» деген рас екен. Бір күні басшымыз: «Ертең Мұстафа Өзтүрік Жезқазғанға келеді. Таңертең ерте тұрып, әуежайға барыңдар. Сұхбат алыңдар, кейін үлкен телехабар дайындайсыңдар»,- деп, бізге - Базаргүл Үмбетова, Тоғанбай Құлманов үшеумізге тапсырма берді.
Сол күні, басқаларды қайдам, мен үшін күн батпай, таң атпай қойғандай болды. Жұрттың бәрі «Катафалка» атап кеткен, (шынымен-ақ, қақ ортаға табыт қойып, екі жақ қапталына адамдар тізіліп отыратындай етіп жасақталған) шағын автобусқа телеоператорымыз камерасының асай-мүсейлерін салған соң, жүрегіміз алып-ұшып, әуежайға тарттық.
Сыңғыр-сыңғыр күліп, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұстаған жас қыздар толып жүр. «Жақсыны көрмек үшін» деп, шетелдік қонақты қарсылауға келген қаланың басшы-қосшылары бір шетте шоғырлана бөлек тұр екен. Көкшулан шашы бұлттай будыраған белгілі жыршы-жырау Шымболат Ділдебаев ағамыз көптің арасынан көзімізге оттай басылды. Үстінде оқалы мақпал шапаны, қолында үкілі домбырасы бар.
Біз де эфирде киетін ұлттық киімдермен жүргенбіз. Үшеумізді сыртымыздан танитындар қасымызға келіп, жылыұшырай амандасып, бізбен фотосуретке түсіп жатты. Ал біздің бар ойымыз – тек Мұстафа Өзтүрікте. Туғалы атажұртын көрмеген жігіт қазақ тілін білмейтін шығар, одан қалай сұхбат алсақ екен, орысша сөйлесек, түсінбейді-ау деп сан сұраққа бас қатырып тұрғанымызда, Алматыдан шыққан ұшақ аман-сау Жезқазған жеріне келіп қонды.
Бір кезде үстеріне етегі жерге төгілген әдемі көйлек, бастарына биік сәукеле киген, қуыршақтай екі қыз көрінді. Екеуінің ортасында толқынды шашы желмен желбіреп, орта бойлы, бидай өңді, жасы отыздың ортасына келген жігіт жүзінен шуақ шаша, ұшақтан шығып келе жатыр екен. Оң қолын жүрек тұсына қойып, басын сәл ғана иіп, жұртшылықпен сәлемдескенде, бәріміз талай жыл көрмеген ең жақын туысымызды, тіпті бірге туған бауырымызды көргендей қобалжыдық. Толқыдық. Тебірендік...
Шымболат ағамыз қоңыр домбырасын күмбірлете, халқымыздың арғы-бергі тарихын қозғап, арнау жырын төпелете төгіп жатыр. Ақ жаулықты әжелер сырлы тостағанға құйылған қымыздарын ұсынып, ел ағалары «хош келдің» сөздерін айтып, қызғалдақтай құлпырған қыздар жапырлай гүл шоқтарын тапсырып, әуежай басы у-ду, мәре-сәре... Дәл сол сәтте Мұстафа ағамыздың маңына таянып, онымен сұхбаттасу мүлде мүмкін емес еді.
Жоспар бойынша, ендігі кездесу - үш жүздің басын қосқан киелі жер - Ұлытауда. Қошеметшіл жұрт Мұстафаны қаумалай апарып, жеңіл көлікке отырғызды. Салдырлақ автобусымызға міне сап, біз кілең жүйткіген жүйріктің соңынан ердік. Оларға ілесу қайда бірақ?!. Ойлы-қырлы дала жолының көк ала шаңын көкке көтеріп, аудан орталығына әупіріммен жетсек, жер қайысқан көп халық орталық алаңға жиналып қалыпты. Тұңғыш рет шетелден келген қазақ баласын көрген де - арманда, көрмеген де – арманда...
Мұстафа ағамыз елдің алдына шығып, түрікше, немісше, жапонша араластырмай, тап-таза қазақ тілінде сәлемдескенде, араның ұясындай гуілдескен жұрт сілтідей тынды. Қаншама жылдар бойы ата-бабасы сағынып, аңсап, армандап өткен қазақ жеріне, қалың қазақтың ортасына келген ұлдың: «Біздің ақсақалдар «Жан тартпайды, қан тартады» деген мақалды жиі айтатын, сол сөздің растығына бүгін көзім жетті. Қаным тартқасын, мен сіздерді іздеп келдім»,-деген сөзі қаншама жанның тоң боп қатқан көңілін жібітті. (Шынымды айтсам, бұрын-соңды ондай мақалды өз басым естімегем...)
Сонау зұлмат жылдарда алдымен Қытайға шұбырып, одан шыбын жандарына пана таба алмай, Түркияға бет алған ұлы көштің Ыстамбұлға там-тұм сілемі ғана жеткенін айтқанда, тыңдаушылардың көбі көзіне жас алды. Мұстафа түбі бір түрік еліне табан тіреп, тамыр жайған, атамекеннен жырақта жүрген сол қазақтардың бүгінгі ұрпақтары уақыт өте келе өз ана тілдерін ұмытып, тарихи тамырларынан қол үзіп кете ме деп алаңдайтынын да жасырған жоқ. Қазақстанда, өз елінде, өз Отанында жүріп, қазақ тілін менсінбей, орыс тілінде сөйлегенді мақтаныш, дәреже көретін Алматының дүбәра қазақтары жайлы жаны күйзеле айтып, тіл тазалығы жайлы ойларын ортаға салды.
Ол білуге ынтазар жұрттың қойған сұрақтарына байыппен жауап беріп, өзінің шыққан тегі, ата-бабасы, әке-шешесі туралы әңгімеледі. Кездесу аяқтала берген сәтте...кенет бір қария ентіге жетіп келсін. Келе сала: «Қарағым, мен бір жаққа құдай жолы - садақаға барамын деп кешігіп қалдым. Айып етпе, сүйегің қай елдікі? Әке-шешең тірі ме? Өзің не істейсің? Бала-шағаң бар ма?»-деп сұрақтарын үсті-үстіне жаңбырдай жаудырсын. Төрде отырған бастықтардың бірі: «Кешікпей келу керек еді! Соның бәрін жаңа айтып кетті ғой! Сізге бола, тағы қайталап айта ма?! Естіген жұрттан сұрап аларсыз!» -деп, қарт кісіге зекігенде, Мұстафа шыдамай шыр ете қалды: «Жоқ, мен сіздің сұрақтарыңызға жауап беремін. Ата, отырыңыз!»-деп.
Тарауға бет алып, бұзылған сеңдей алды қозғала бастаған алаңдағы адамдар оның сөзіне қайтадан құлақ түрді. Ұшқан шыбынның ызыңы білінердей тыныштықта тек Мұстафаның ғана қоңыр үні естіліп тұрды. Ол бұл жолы бәрін егжей-тегжейлі әңгімеледі. Тың деректермен толықтырып айтқан әсерлі әңгімесі бәрімізді тебірентті. Асықпай-аптықпай, қарияның барлық сұрағына байыппен жауап берген жігіттің кішіпейілдігі мен қарапайымдылығына келген жұрттың бәрі риза болды. (Бұл – бір!)
Кездесу ұзаққа созылды. Обком комсомолдың бірінші хатшысы, осы іс-шараға ұйтқы болған Меңжамал Әлпейісова тықыршып, қайта-қайта сағатына қарай берді. Сценарий бойынша, түскі қонақасыдан соң, Мұстафаны Алашахан, Жошыхан мазарларына апару керек еді. «Сендер кетпеңдер, сол жерлерге барғанымызды камераға түсіріп аласыңдар!»-деп, бізге де алдын-ала ескертіп қойған.
«Тамақ ішіп, жолға шыққанша күн қауысады. Автобуспен салдырлап біз жетеміз дегенше, қараңғы түседі. Тас қараңғыда қалай түсіреміз?» - десек, «Саспаңдар! Мазар басына барғасын, барлық машина жарқыратып фарын жағады, солардың жарығымен түсіріп аласыңдар»,-дейді. Оның сол сөзін құлағы шалып қалған Мұстафа ағамыздың көзі шарасынан шыға жаздасын:
«Оу, күн батқасын қорым басына барып, аруақтардың мазасын алуға бола ма екен? Таң атсын, ертең-ақ барармыз. Мен ешқайда асығып тұрған жоқпын ғой»,-деп, атеистік тәрбие әбден сүйегіне сіңіп кеткен хатшы қыздың жосықсыз әміріне ақылымен тосқауыл қойды. Оның сол жүйелі сөзіне тағы да іштей тәнті болдық. (Бұл- екі!)
Жолдан сәл бұрыстау Қаракеңгір, Сарыкеңгір ауылдарының азаматтары Мұстафа Өзтүріктің Алашахан, Жошыхан мазарларына баратынын естіген соң, ең семіз қойларын арнайылап сойып, қазанға асылған ет пен тобылғыға ысталған бал қымыздарын әкеліп, екі көздері төрт болып, күтіп жүр екен.
Көп ұзамай басқа жолаушылар да жетті. «Мұстафа қарағым, ауылымызға арнайылап шақырсақ, келе алмассың, жол шалғай, уақыт тығыз. Сосын өзіңмен дидарласып қалайық, дастарханымыздан дәм татырайық деп жолыңды тосып отырмыз», - дегенде, сонау ата-бабадан жеткен жол-жоралғының жөнін білетін, парасат-пайымы мол, көңілдері кең, көшелі жандардың ықылас-пейіліне Мұстафа дән риза болып, «Дәмнен үлкен емеспіз», - деп, көліктен түсті.
Ет жеп, қымыз ішіп болған соң, ауыл ақсақалдарының бірі кестелі тілмен керемет бата берді. Қателеспесем, «Қаракеңгір» ауылының басшысы Әліпбек Бекетаев ағай болса керек. Сосын ол кісі үлкен көкжал қасқырдың иленген терісін Мұстафа ағамыздың аяғының астына төсеп, «Қарағым, біздің қазақта осындай ырым бар. Дұшпаның табаныңның астында жатсын!», - деп еді.
Алайда, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөз рас-ау. Көп ұзамай, Мұстафа бауырымыз қапияда қатыгез дұшпанының қолынан ажал тапты. Ең өкініштісі - жазылмайтын дерттен, тосын апаттан емес...кісі қолынан көз жұмды. Суық хабарды естігенде, күллі қазақ даласы күңіренді. «Орны толмас ауыр қаза» деген сөзді әдетте жиі естиміз, алайда сол сөздің батпандай салмағын Мұстафа бауырымыздан айырылып қалған күні ғана тұңғыш рет сезіндім.
Арада жылдар өткесін, өткен уақытты көңіл сүзгісінен өткізгенімде, Мұстафа ағаның жанында аз күн болса да сапарлас, дәмдес болып, әңгімесін тыңдағанымызға шүкіршілік етемін. Кезінде ол туралы үлкен телехабар жасадық, халық оны ыстық ықыласпен қабылдап еді. Өкінішке қарай, сол телехабар да сақталмады. Жезқазған облысы тарап, Қарағанды облысының қарамағына қосылып жатқан аласапыран уақыт еді...
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы қарсаңында, Мұстафа Өзтүрік әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымызбен бірге, Жезқазған - Ұлытау жеріне тағы да келді. Бұл жолы ол қонақ емес, осы жердің бір баласындай көптің ішінде елеусіз жүруге тырысты. Бірақ көзтаныс боп қалған қарапайым адамдар оған қуана құшақ жайып, риясыз ілтипат, құрметтерін көрсетті. Ол көптің көңілін баурап, жүрегін жаулаған ерекше шуақты жан еді.
Өзі өлгенмен, оның бастап кеткен ісі өлген жоқ. Қазір Қазақстанның әр өңірінде таэквандо спортымен айналысатын қазақ жастары аз емес. Солардың әр қайсысының жүректерінің терең түкпірінде Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың есімі сақталарына сенімдімін. Қазақстанның көк туын желбіретіп, әлемнің додалы сайыстарынан жеңіспен оралатын, елін сүйетін, ұлтын сүйетін кішкентай Мұстафаларымыз көбейе берсе екен!
Заря ЖҰМАНОВА,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.
Фото: ашық ақпарат көзінен.