Кесижилер әулетінің есімі Қазақстанхалқына етене таныс. Кесижилер Еуропаның Германия, Норвегия елдерінде, Ұлыбритания мен АҚШ-та, Түркияда тұрып жатыр. Біздің әңгіме Алманияның Мюнхен қаласында тұратын Каюм Кесижи ағамыздың қыздары жайлы болмақ.
Бұл отбасы - өте мәдениетті, білімді, интеллигентті жандардың жылы ұясындай. Қазақ десе ішкен асын жерге қояды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Қаюм ағамен әңгімелессеңіз, оқыған-тоқығаны мол, айтары, көргені көп. Ол кісі талай жыл журналист болған (Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясы), талай жыл ұстаздық еткен (Германия университеттерінде сабақ берген), ғалымдығы (саясаттану ғылымының докторы), саясаткерлігі (көптеген халықаралық басылымдарда қоғамға баға берген, саяси көзқарасын білдірген мақалалары жарық көрген. Ғаламдық деңгейдегі үлкен басқосуларда баяндамалар жасап жүр), қоғам қайраткерлігі (Еуропадағы қазақтарды топтастыруда, жастарды сол ортаға сіңіп кетпей, қазақ етіп тәрбиелеуде көп еңбек етіп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргендігі) тағы бар. Жұбайы Фатыма ханым екеуі үш аруды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.
Ол кісілердің қазақылығын, жүрегі «қазақ» деп соғатынын, басқаны айтпағанда, отбасындағы балаларынан-ақ байқауға болады. Үш қызы да қазақ екендіктерін мақтан етіп, қазақ үшін еңбек етуді мақсат етіп, Қазақстанның керегіне жарауды армандайтын. Бүгінде, елжанды қыздардың армандары орындала бастағандай...
ӨЗГЕЖАН
Үш қыздың үлкені Өзгежан. Тұрмыста. Данияда тұратын қандасымыз Аят Аюбимен отбасын құрған, бір қызы бар. Екеуі де Ирландияда жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде Дублинде тұрып жатыр. Өзгежан Алашорда тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Өзге елде туып, өзге ортада өскен Өзгежанның қазақ тарихына дендеп, алашорда тақырыбын зерттеп, қазақты шетелдерге танытып жүруіне себеп, отбасындағы тәрбие, ата-анасы сіңірген патриоттық сезім екені даусыз. Диссертация тақырыбы "Modernlenüvge Ultşıldıq arqılı Jetüv: Qazaq Alaş Orda Qozğalısı" «Қазіргі заманға ұлтшылдықпен жету: Қазақ Алашорда қозғалысы». Ол қазақ тарихындағы елеулі орны бар Алаш Орда қозағылысы, сол бір зұлмат жылдардағы ақтаңдақ тарих туралы ізденіп, өзінің докторлық диссертациясына арқау еткен Соның негізінде PhD - ғылым докторы атанған.
Өзгежан айтады:
Мен кішкене күнімде қазақшаны жақсы білмейтінмін. Әкемнің кітапханасы бар еді. Сол кітапханадан бір күні «Абай жолының» немісше аударылған нұсқасын тауып алдым. Кітапты оқи бастадым. Неміс тілінде жазылған кітаптың ішінде «бауырсақ», «домбыра» деген қазақы сөздерді оқығанда қалай қуандым десеңізші. Кітаптың ішінде де бар екенбіз ғой деп шаттандым. Әлгі «домбыра», «бауырсақ», т.б. таза қазақы сөздерді, еш тілге аударылмайтын, алайда нағыз қазаққа бірден түсінікті атауларды қайталап оқи бергім келетін. Сосын оқыған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі, Шыңғыс Айтматовтың қазақтар туралы жазған «Ғасырдан да ұзақ күн» деп аталатын шығармалары қазақ тарихына қызығуыма себеп болды. Бала күнімнен елімді білсем, терең танысам деген сағыныш, мені осы зерттеу жұмысымен айналысуға, ғылымға бер бұруыма септігін тигізді деп есептеймін. Біз Еуропада туып өстік. Еуропаның білімін сіңірдік, тәрбиесін алдық. Мектепте Еуропаның тарихын оқыдық. Оқушы кезімізде ешкім бізге Қазақстанның тарихын оқытқан жоқ. Алайда біз бала кезден Қазақстан туралы тереңірек білгіміз келді. Демек, мектепте Қазақстанды оқытпаса, өзіміз зерттеуіміз керек екен дедік. Адамның ғылыми зерттеу бағыты жас күнінен қалыптасады екен. Есейген соң, сол бала күнгі арманыма адал болғым келді. Сөйтіп, ғылым жолына бет бұрдым. Әрине, әке өнегесі де әсер етпей қоймады. Сонымен қатар, бұл - жеке таңдауым да дер едім.
Ана тілімнен бөлек ағылшын, түрік, неміс, француз тілдерін, аздап орыс тілін де меңгердім. Мектеп бітірген соң Германияның Мюнхен қаласындағы университетте бакалавриат пен магистратураны оқып тәмамдадым. Бір жыл Францияда білімімді жетілдірдім. Эразмус бағдарламасымен Парижде болдым. Докторлық жағын Ирландияда, кейін тәжірибе алмасу үшін Швецияға да бардым.
Базалық білімім – саясаттану мамандығы. Ол кездегі тақырыптарым Қазақстандағы ұлт мәселесі болды, осы төңіректе біраз зерттеулер жаздым. Осы ойлардан кейін мен қазіргі Қазақстандағы ұлт мәселесін тереңірек, әсіресе тарихы тұрғысынан зерттегім келді. Алаш Орда тақырыбына мен осылай келдім. Магистратураны бітірген соң, біраз материалдар алу үшін, өз тақырыбыма қатысты деректерді игеру мақсатында мен Қазақстанға, Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне бардым. Осы кезде ұлт мәселесі туралы зерттеулерімді ойлана келе Алаш қозғалысы тұсындағы ұлтшылдық мәселесіне тоқтап, кеңіткім келді. Оның үстіне, Батыстың академиялық ғылымында басқа елдермен салыстырғанда, Орталық Азия елдері зерттелмеген. Мысалы, Қытай туралы бүге-шігесіне дейін білетін Еуропаның академиялық ғылымы, салыстырмалы түрде Қытайдан бері жатқан Орталық Азияны жетік білмейді. Сондықтан да осы күні Орталық Азия елдеріне қатысты зерттеулерге үлкен ынтамен, қызығушылықпен қарайды.
Әсіресе қоғамдық зерттеулер бағытында даму жоғары. Қоғамдық зерттеулер жүргізу барысында бұрын көбінше Батыстың пікіріне ден қоятын. Тіпті, Шығысты зерттесе де Батыс ғалымының көзқарасы алдыңғы орында тұратын. Қазір зерттеулерде Батыстың көзқарасына емес, ең әуелі зерттелуші елдің көзқарасына ден қоятын болды.
Сонымен, зерттеу еңбегіме деректерді алу үшін мен 2014 жылы Алматы қаласындағы Орталық мұрағатқа бардым. Осыған дейін туған елдің топырағына табаным тұңғыш рет 2009 жылы тиген. Ол кезде елге екі аптаға келіп кеткен едім. 2011 жылы Астанаға келіп, сегіз ай бойы студенттерге сабақ берген тәжірибем де бар.
Бұл жолы Орталық мұрағаттан мен 1905 жылы қазақтардың өзге елге бодан бола жүріп Мемлекеттік Думаға депутат болып қатысқаны туралы деректерді оқып білдім. Олар сонда өз халқының таңдауын жасау арқылы атын тарихта қалдырды. Жердің сақталуына жаны күйген, патшалық Ресейдің үстемдігін әшкерелейтін сөздер сөйлеген қайраткерлердің жазбасымен таныстым. М. Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы шыққанда тұтқындалғаны, Сталиннің Алаш партиясын бақылауда ұстағаны жайындағы жазбаларды да оқи алдым. Көсемнің арнайы бұйрығымен жабылған «Ақ жол» газетіндегі ұлтшылдық тақырыбына арнайы тоқталып, зерттедім. Ол үшін Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан қуғын-сүргін музейіне барып көрдім. Диссертациямды тарихи жағынан емес, әлеуметтік аспекті тұрғысынан зерттеу керек болғандықтан, «Алаш қозғалысы» атты төрт томдық деректер жинағы бойынша көптеген мәліметтерді пайдалана алдым. Менің негізгі мақсатым – әлеуметтік жағынан қарастырғандықтан, тарихи-әлеуметтік жағдайды түсіндіру үшін біраз еңбек етуге тура келді. Орталық мұрағатта көп жұмыс істедім, ондағы деректерді тиімді пайдалана алдым деп ойлаймын. Зерттеуімде әр түрлі қазақ басылымдарында жарық көрген көптеген деректерді де негіз етіп алып отырдым. Мысалы, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының мақалаларын, сараптамалық зерттеулерін, ақын Мағжан Жұмабайдың өлеңдерін оқу арқылы кейбір ойларымды дәлел келтіруге пайдаланып жаздым. Және бұл әдісім сәтті болды деп айта аламын. Бұдан басқа да қазіргі таңда жарық көрген ұлтшылдық туралы тақырыптарды оқып барып, түсініп жазуға құлшыныс таныттым.
Сонымен қатар, Еуропада Стивен Собол деген ғалым бар, ол кісі – таза тарихшы. Алаш туралы тарих жағынан зерттеп, онысын 2003 жылы кітап етіп шығарған. Мұнда ол кісі Алаш қозғалысының мақсаты мен міндетін, саяси көзқарастарын талдап жазып, соңынан қазаққа аса танымал үш қайраткердің өмірбаянын жазған. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Мұхамеджан Сералы. Меніңше, осы кітап өте жақсы жазылған. Бұдан басқа диссертациясын Алаш тақырыбынан қорғаған Питуе Тиер деген ғалым бар. Жапон тілінде жазылған еңбекті де табуға болады. Жалпы, Алаш тақырыбы өзге тілдерде өзге ғалымдардың назарында болған, бірақ көп емес. Осы кісілердің шығармалары да диссертацияма арқау болды.
Қазақ ең алғаш Алашорда қозғалысы арқылы мәдени тұрғыда ұлт ретінде танылған. Әлеуметтік аспект бойынша ұлт болу үшін алдымен әдебиеті, одан кейін ұлттық оқулықтары мен басқа да мәдени белгілері болуы тиіс. Алашорданың басқы жоспарларында осы мәселелер болған. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың тіл танытқыш құралдары, әдебиет туралы оқулықтары. Алғаш рет әдеби бәйге де осы Алашорда тұсында ұйымдастырылған. Өздерінің жеке саяси газеттері болды. Қазақты мәдени тұрғыдан ұлт ретінде танытты. Қазақтың жеке қасиеті – өлең шығару десек, осы өлеңді саяси тұрғыда алғаш рет Алашорда қайраткерлері пайдаланғанын білдім. Мәселен, «Оян, қазақ» деп аталатын өлең сол тұста саяси тұрғыдан өте жақсы берілген. Бұл қазақтың жеке ерекшелігі деп айта аламын.
Мен Абай атамызды, Мағжанды, Міржақыптың шығармаларын көп оқыдым. Он алты жасымнан бастап өлең жаза бастадым. Әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын ұнатып оқимын. «Жан сыры» деген өлеңін ағылшын тіліне аударып, 27 жасқа толған туған күніме тарту жасағандай болдым. Ирландияны ақындар елі десем де болатын шығар. Еуропа әдебиетіндегі айшықты орны бар ақындар осы елден көбірек шыққан. Кітапханаларда отырып ізденем. Қазақстан туралы жазам. Атамекен, көш туралы жазған өлеңдерім де бар. Өлеңдерімді ағылшын тілінде жазамын.Болашақта қазақ тілінде жазсам деймін. Арманым көп. Әлі де Қазақ елінің тарихын тереңірек білсем деймін. Ғылыми зерттеу жұмыстарымды дамытсам деймін,- дейді қазақты әлемге танытып жүрген Өзгежан.
МӘРУА
Каюм ағаның екінші қызы – Мәруа Мюнхен университетінің биохимия факультетінің соңғы курсында оқиды. Ол да бала кезінен қазақ екендігін достарына мақтанышпен айтып жүрді. Өзі оқыған ағылшын-неміс тілді мектептің бітірушілеріне арналған жинақта, өзінің ұлтын қазақ деп таныстыра келе Мәруа өзін және Қазақстан мен қазақ ұлты жайлы түсінік берген. Сол арқылы өзімен қатарлас 100-ден аса жастар мен ұстаздары қазақ жайлы мәлімет алса, келешекте қазақты таныту үшін одан да үлкен қадамдарға баруға ізденіп жүргенін айтады.
Мәруа айтады: Біз үшін жақсы білім алу өте маңызды. Жақсыжұмыс табу одан да маңыздырақ.Шетелдік болсақ та, өз еліміз бар деп мақтанамыз. Қазақстанды бір көруге тіптен қызықтық. Ата-анамыз бізді Қазақстанға ертіп барып, үшеумізге Қазақстанның солтүстігін де, оңтүстігін де аралатты. Мәселен, Еуропаның кішкене мемлекеттерінің қай аймағына барсаң, табиғаты бірдей. Ал, Қазақстанда табиғат та әр түрлі. Бір өңірде қатты ыстық, бір өңірде салқындау. Тамашалайтын ғажап жерлер де, ол жерлердің әдемі тарихи әңгімелері де қызғылықты. Еуропаның бірнеше мемлекеттері алып жатқан территорияда бір Қазақстан орналасқан. Аймақтық ерекшеліктері де бар екен. Әр ауыл өзінің мақтанышын айтып жатты. Біреуінің тауы биігірек, бір жердің суы дәмдірек дегендей. Бұл өте жақсы ғой.Атамекен болған соң ба, өзім көрген аймақтың бәрі тамаша, бәрі ғажап секілді. Мен осының бәрін достарыма айттым. Менің Еуропадағы қазақ достарымның бәрі түптің түбінде Қазақстанға барып, атамекен топырағына бір аунап кететіндерін айтады. Әрине, ана тілімізді ұмытып бара жатқандар да жетерлік. Осы мәселе бізді мұңайтады, - дейді Мәруа.
ШОЛПАН
Каюм ағаның кіші қызы Шолпан, алдымен «Өзім нағыз қазақ болуым керек дейді. Сосын замандастарыма, бүкіл Еуропаға қазақты танытатын болам» деген арманы бар. Шолпан да Мюнхен университетінің заң факультетінің студенті. Ол да мектеп бітірген бойда 1-2 айға Қазақстанға келіп, қазақша үйренді. Алматыда қазақ тілі курсына барып, қаланың мәдени-рухани өмірінен де тыс қалмай, түрлі шараларға қатысты. Өзге жұртта туылып, өзге ортада, өзге тілде білім алған Шолпан, өзі білетін 3 тілден де артық көретін ана тілін - қазақ тілін еркін меңгермесе, өзінің қазақ атына ұят болады деп есептейді.
Шолпан айтады:Қазақы дәстүрді сақтаған отбасында өстім. Әлі күнге салт-дәстүрімізді жоғалтқанымыз жоқ. Сондықтан болар, Қазақстанға барғанда өзімді шеттен келген адам сияқты сезінбедім. Ұлттық тағамдарымыз, той-томалақтағы салт-дәстүрлер де бірдей. Иә, өзім өскен ортамен салыстырғанда азғантай айырмашылықты байқағандай болдым. Бәлкім, біз шетте тұрған соң салт-дәстүрді қатаң ұстанатын шығармыз. Қазақстанда салтты сақтайтындар да, сақтамайтындар да бар екен...
Қазақстанға келіп, қазақшаны жап-жақсы меңгеріп алдым.Көптеген шараларға қатысып, зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттас болдым. Енді қазақшаны достарыма да үйретіп жүрмін. Мен Қазақстан жайлы достарыма сондай әсерлі айтатын болуым керек, достарымның көбі Қазақстанды барып көргісі келіп кетеді... Өткен жылы Қазақстанға Лаура атты неміс құрбымды ертіп бардым. Астана мен Алматыны аралап көріп, ерекше риза болды. Қазақстанды қатты ұнатып, ертіп барғаным үшін маған алғысын айтты.
Жалпы, қазақ жастары өздерін бақытты санаулары тиіс. Қазақтың тарихы, мәдениеті өте бай. Біз шетте жүріп соған жете алмаймыз. Кейде адам қолында барды қадірлемейді.
Мен оқуымды бітірген соң, әрі қарайғы өмірімді Қазақстанмен, қазақ ұлтымен байланыстыруды ойлаймын, - дейді Шолпан қыз.
Ата-ана арманы – ұрпағы үмітін ақтауы
«Біздің мақсатымыз – балаларымыздың бойына қазақтың мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сіңіріп, Атажұртқа деген сүйіспеншілік сезімді арттыру. Елге алып барып, аралатып, ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге деген қызығушылықты ояту.Ұрпағымыз үлтына қызмет етсе – біздің үмітіміздің ақталғаны.
Шетелде жүрген қазақ диаспорасы әрдайым «Қазақстан деген елім, бар, Қазақстан деген атажұртым бар!» деген нық сеніммен жүреміз. Қазақстан мемлекеті – жырақта жүрген әрбір қазақтың өмірлік кепілдігі! Елбасы әрдайым шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау білдіріп отырады. Оның қолдауын, назарын біз әрқашан сезініп келеміз. Қазақстан сияқты жырақта жүрген қандастарын бауырына тартып, жиі көңіл бөлетін ешқандай мемлекет жоқ. Сол үшін біз шаттанамыз, мақтанамыз, - дейді Каюм мырза мен Фатыма ханым.
***
Кішкентай жүректері «қазақ» деп соғып, қазақтығын мақтаныш еткен елжанды қыздарды, енді Қазақстан мақтан ететін болады. Осындай ұрпақ тәрбиелеп өсірген Каюм мырза мен Фатыма ханымға алғыс айтып, үміт-сенімдерінің ақталуын тілейміз. Ал, қыздарымыз мақсат-армандарына жетіп, Қазақстанды әлемге таныта берсін.
Інжу Сағидолла