«Шаһарларға саяхат» айдары еліміздегі тағы бір қала жайлы мәліметтермен таныстырмақ. Бүгін Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласы жайлы баяндаймыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһар 1922 жылдан бері Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы.Қала мәртебесіне 1963 жылы ие болған. Облыс орталығы Талдықорған қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 км Қаскелең өзені бойында орналасқан.
2. Қала тарихынан бір үзік сыр. Өткен тарихқа бойласақ, Қаскелең 7-9 ғасырларда қарлұқтар заманында Жетісуда салынған қоныстардың бірі саналады. Ертедегі деректерде 1218 жылы монғол шапқыншылары Қаскелең қонысын қиратқаны жайлы айтылады.1847 жылы Ресей Жетісуда бекінісін салып,1861 жылы Қаскелең қонысының орнына казак-орыс станицасы пайда болып ол Любовный аталса,1901 жылдан Қаскелең атауын алған.
3. Қаланың инфрақұрылымы.Шаһарда Қаскелең оқу-өндірістік комбинаты, қалалық баспахана, мемлекеттік “Водоканал” коммуналдық кәсіпорны, “Жер астын зерттеу институты” мемлекеттік кәсіпорнының бөлімшесі, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, “Сарыарқа” емдеу-сауықтыру орны, қалалық аурухана, фельдшерлік-акушерлік пункт (Әйтей ауылында), т.б. мекемелер жұмыс істейді.
4. Қаскелеңдегі білім ордалары. Оқу-ағарту саласы бойынша мәдениет колледжі, мәдениет үйі, музей, 7 орта, 1 орталау, 1 бастауыш мектеп, 10 кітапхана бар. Еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі - Сүлеймен Демирел атындағы университет те осы Қаскелең қаласында орналасқан. Бұл білім ордасын 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президентімен бірлесе отырып ашқан.
5. Өзен жағасында орналасқан қала. Қаскелең қаласының өзені-Қаскелең аталады.Ол Алматы облысы Қарасай және Іле аудандары жерімен ағады. Өзен Іле Алатауындағы -3580 м биіктіктегі екі қуатты мұздықтардан басталып,Қапшағай бөгеніне құяды.Өзеннің ұзындығы-177 км,ені-30 м болса,тереңдігі-1,5 м.
6. Қаланың қазіргі тынысы. Қала әкімінің есебінде атап өтілгендей, 2017 жылы Қаскелеңге 18 миллиард 719 миллион теңге инвестиция тартылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, қаланы абаттандыру, электр қуатын жеткізу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген.11 адамға өз кәсіптерін ашу үшін 55 миллион 850 мың теңге бөлінген. Сонымен бірге әлеуметтік жұмыс орындарына 32 адам орналастырылып, кәсіптік оқуға 166 адам қатысқан.
7. Қаскелеңге қалай баруға болады? Қала Алматыдан 23 км қашықтықта орналасқандықтан күніне 3 рет арнайы автобустар жүреді. Қала аралық автобуспен шамамен 19-20 минутта баруға болады. Ал облыс орталығы Талдықорған немесе Алматы әуежайына ұшақ арқылы жетіп,одан әрі жеңіл көлік маршруттарын да таңдай аласыз.Осы жылғы мәлімет бойынша шаһарда 64 мың 416 адам тұрады.
Мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.