2018 жылдың қараша айынан 2019 жылдың ақпан айы аралығында еліміздің аумағында «Мейірімділік керуені» байқау-акциясы өтуде, деп хабарлайды Qazir.kz елорда әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Біздің мақсат – маңызды жетістіктерді, белсенді азаматтардың еңбегін көрсету. Олардың қайрымды істері елеусіз қалмауы тиіс, ондай азаматтарды жастар және халық тануы тиіс», - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа әлеуметтік проблемаларды шешуге өз үлестерін қосып, сол арқылы өзге азаматтарға үлгі болып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өтетін кәсіпкерлер субьектісі мен азаматтар конкурсқа қатыса алмайды (мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік грант т.б) Өтінімдер бес аталым бойынша қабылданады. «Асар» аталымы қайырымдылық қызметі ұлттық салт-дәстүрлерді дамытуға өз үлесін қосып жатқан адамдарды ынталандыруды көздейді.
«Туған жер» аталымы – туған өлкеге білім беру саласында, экология және абаттандыру бағытында қайырымдылық көмек көрсетушіге, «Батыл жүрек» аталымы ерлік, қайсарлық танытқан азаматтарға беріледі.
«Мейірім жолында» аталымы қайтарымсыз көмек көрсеткен, қайырымды жандарға беріледі. «Қайырымдылық тарихы» аталымы қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге аударуға атсалысып қайырымдылық тақырыптарға қалам сілтейтін және жариялайтын журналистерге беріледі. Әр аймақтан бес үміткер ұсынылып, олардың қатарынан бес лауреат анықталады. Жеңімпаздар ақпан айының соңында – Алғыс күнін мерекелеу қарсаңында марапатталмақ.