Әйгілі «Парсы хаттары» романының авторы, француз жазушысы, философ Шарль Луи Монтескьенің «кітап оқу өмірде қашсаң да құтыла алмайтын құлазу сәттеріндегі сағаттарды салқын самал ескен сәттерге айырбастағандай» дегені бар. Адамзат баласы жаратылғаннан кейін жазу мен оқуды үйреніп, өркениеттің көшіне ілесіп, өсуге үлес қоса бастады. Абай мен Шәкәрімнен қалған туындылар, Шекспир мен Пушкиннің шығармалары бір-бір дәуірдің тарихын бірнеше парақ кітапқа сыйдырған құндылық. Оны оқығанымыз бар, оқығаннан тоқығанымыз не?Планшет, смартфон, интернет – бұның барлығы парағын сапырып отырып, кітапты тамсана оқитындар қатарын сиретіп жіберген жоқ па? Бүгінгі «Сырласқым келеді» айдарында трендке айналған «оқу» барысы және кітаптың коммуникативтік игіліктері жайлы - Ислам Сұңқар.
QAZIR: «Другой разговор» жобасының идеясы қалай, қайдан, қашан туындады?
Ислам: Бұл менің авторлық жобам емес, Ресейден бастау алған, ал серіктес ретінде астанамызға алғаш алып келген өзім.Мен оқып жатқан Санкт-Петербург қаласында қолынан кітап тастамай оқитындар қарасы қалың. Петербордың мемлекеттік университетінің магистрантымын, мамандығым филолог, бастапқыда білім алушы ретінде көптеген кітапты міндет болып жүктелгеннен кейін оқып шықтым.Мәскеуліктер де кітапты көп оқиды, отыра қалып метрода, саябақта, серуенде. Астанаға жақында ғана келдім, автобуста кітап оқып тұрғаныма үрке қарайтындар болды. Ал үрке қарағандар менің үрейімді тудырды. Неге? Кітап – бұл бизнестің шаблоны. Кітап бұл өлмейтін классика. Кітап- бұл ақы сұрамайтын ақыл қоймасы. Оны неге ала жүрмеске? Неге оқымасқа? Психолог мамандардың, медиктердің, нейробиологтардың – барлығының зерттеуі бір маңызды қорытынды берді: адамның ештеңе жасай алмай отыруы мүмкін емес, оның миы үнемі әрекет үстінде. Қабілетін адам денесінің түрлі әрекетке түсуіне жұмсаған соң миға азық қажет,ол жаңа ақпарат легінен алынады, ол қайда – кітапта. Әрине, ақпараттың кітаптан өзге көзінің көптігіне дауым жоқ. Бірақ оқығанның өзінде ең бірінші бастау көзін, ғасырлар бойы қаз-қалпында, құны кетпей жеткізілген классиканы оқу керек. Жоғарғы курстардың үшіншісіне іліккен кезде кездейсоқ қиыншылықтар көп болды. Түгел жан дүнием кеңістіктегі кеуектік сияқты босап, қаңырап қалды. Мағынасыздық, шарасыздық оп-оңай орап алған кезде құтқарған кітап еді. Адлердің кітабынан аналогия келтіретін болсам: кітапты оқыма, оны өз өміріңмен сәйкестендіріп, қатар өрбіте отыр, басқа авторлардың туындыларымен параллель жүргізе отырып қажетін ал. Қолданысыңа енгіз. Көпшілік кітап оқитындар бас қосатын клуб деп түсінетін шығар, бірақ клубтың мақсатына қол жеткізе отырып өтейтін борышы бар. Бұл – өзіңмен жұмыс жасау, өзіңді өзгерістерге бастау. Кітап оқу ол конспектілеп алу емес, өзіңді өзгертуге болатын өзекті ойын түйсіну. Оқи келе түсінген ой мен жасаған тұжырым өзгеріс енгізеді. Борышымыз «түсіну=өзгеру» үйлесімін дәлелдеу. Қазір жобамды Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ қолдап отыр. Олар ұсынып отырған алаңда кеңейтілген, бірлескен түрде жұмысты жалғастырмақпыз.
QAZIR: Клуб қызметінің көздеген мақсаттары қандай және оның адамның тұлғалық жетілуіне әсері қандай?
Ислам: Ойлана білетін, сезіне білетін қоғам қалыптастыру. Сананы сарабдал ету. Мысалы, кеше ғана орын алған, айдында ойнақтап жүрген жарқын жұлдызымыз, орасан жетістіктері бар, қазақ елін қуанышқа біраз бөлеп, бақытын еселей түскен, жер-жаһанға танымал тұлға, мұз үстінде музыкаға тербелген Денистің қазасы. Әрине, орны толмайтын қаза, қай – қайсымыз болсақ да қапаландық, көңіліміз жүдеп, көкірегімізді дерт шалды. Ал мені құса еткен картина басқа еді. Әлеуметтік желіні жарып жіберердей болып қылмыскерлерге жеке жаза тағайындап, қоғамымызға лағынет айтып, мемлекеттің саясатына сын тағып, жарысып жазып жатқан жұрт. Егер тұтас қоғамды қарғап-сілеуге дайын болсақ, қылмыскерден қай жеріміз артық? Жазалау да, жылау да ештеңені өзгерте алмайды. Кеш емес пе? Мен өмір сүретін ортада осындай оқиғаның орын алуында жіберген менің қателігім қандай? Қылмыскерді жазалап қамап тастағаннан гөрі оны дұрыс өмір сүретін амалдарға үйретуіміз керек десем ше? Ататын мылтығымызды қылмыскерге кезеп тұра жөнелгеннен бар қабілетімізді ойлануға, саралауға неге жұмсамасқа? Баласын қоқысқа қалдырған қызды неге жазалуға дайынбыз? Ал оның жағдайының жұпыны тұстарын, олқылықтардың орнын толтыруға неге тырыспасқа? Мінекей, кітап оқудың өзі осыған икемдейді. Барлық энергияны тіпті ерік бермей кететін эмоцияға сарп еткенше, саналы түрде ойлануға жұмсау керек. Қайсымыз есік алдында қоқыс лақтыруға болмайтын көршіге қателігін түсіндіріп көрдік? Қайсымыз қапыда қалған қарындастарымыздың ұятын бетіне баспай, бөбегін бесікке бөлеуіне белсене ат салыстық? Қайсымыз қаңғып жүргендердің жарасын таңуға жәрдемдестік? Осының бәрін озық елдердің қатарына қосылғалы тұрған жұртқа жат екенін біле тұра мемлекеттік мінбеден айтылатындай мәселеге айналдырған өзіміз емес пе? Ат-тонымызды ала қашып, қанша жерден қарсылық көрсетсек те қылмыскердің де, көкек ананың да қылығына қол жалғап отырған өзіміз. Чеховтың «Злоумышленнигін» елестетіп отыр: кейіпкер күнделікті қамын құптаған қарапайым шаруа. Пойызды рельстен тайдырды деп айып тағылды. Күнделікті күнін зорға көріп, жықпа жаным шықпа деп жүрген шаруа болса пойызды аудармақ тұрсын, ол туралы ойланбаған да. Бар болғаны баласы мен әйелінің тоқтығына тобықтай болса да балық аулайтын қармағын суға батыру үшін рельстің гайкасын бұрап алған. Бірақ аударайын деген жоқ. Жазасын алды, түрмеге тоғытылды. Ал шаруаның шақшадай басы шарадай болды, не жазып қойғанын білер емес. Оның өмірлік картинасында пойыз да жоқ, рельс те жоқ. Оның әлемінің «әләулайымы» басқа. Сонда шаруаны жазалау оңтайлы ма, әлде қылмысын қайталамайтындай оқытып, үйрету орынды ма?Бұлай жазалай берсек жететін көмбеміз қандай болады, білесіз бе? Қоғам псевдоқамқорлар мен қылмыскерлер болып қақ жарылады да, өзара қырғын, қым-қиғаш қарауылға айналады. Бұл өзгеше өрбитін әңгіме. Көздеген мақсатымыз да осы, жылт-жылт еткен сезімдер мен, жарылыс әсерінен кем түспейтін эмоциялар жетегінде кетпеу үшін санасы сергек қоғам мүшелерінің қатарын арттыру.
QAZIR: Планшет, смартфон, интернет – барлығы парағын сапырып отырып, кітапты тамсана оқитындар қатарын қалай сиретіп жбергенін ешқайсымыз байқамай қалдық. Ал қазір жастардың да кітап оқуға көңіл бөліп келе жатқаны модаға айналған, дәуірі өткен соң ескіге айналатын амал емес пе? Жастардың кітап оқуы трендтен қалмау ма, әлдеқандай да бір қажеттілік пе?
Ислам: Иә. Кітапты фаст-фудтық тұтынымға теңеп алғандар көп. Сән керек, имидж керек, ермек керек, уақыт өткізу керек болып жатқандар жетіп артылады. Қалай болса да әркім өзіне «не үшін» деге сұраққа жауап бере алатын болса, берері бар. Не үшіннің өзін шетсіз қоя беруге болады. Жер басып жүргендегі мақсатымызды білу үшін өзімізге қоятын сұрақтар ультрақұрылымды, қоя берсең шыға береді? Сауалы көп, жауабы жоқ уақыт қой, құпия емес.
QAZIR: Кітапты оқу бөлек, түйсіну бөлек. Түйген ойды өмірде, іс жүзінде пайдалану бөлек. Бұл жайында не айтасыз? Түсініп оқу үшін қандай ерекше әдіс-тәсіл керек?
Ислам:Оқып шығу деген мазмұндап беру емес. Кейіпкерлерінің аттарын жаттап алып, айтып беру емес.Кітап оқу – ол баяндалған, бейнеленген, сипатталған оқиғаның арасынан сабақ болатын түйінді суырып алу. Оны күнделікті тірліктің теориясына кіріктіріп, қолдана білу. Біздің елдегі халықтың 80% жуығының өмірге келгенде көретін жағдайы бірдей – тапшылық. Көп нәрсенің тәрбиеге тығыз байланысты екенін білеміз ғой. Өзіңнің діттеген мақсатың болмаса әлеумет әсерінен өзгенің мақсатына еріп кетесің. Тәрбие арқылы тұлғалық құндылықтар қалыптасады, сол арқылы әрбір индивид өзінің қажетін іздейді. Қажеттің барлығы кітаптан-ақ табылады. Біреу миллионер болудың амалдарын оқиды, біреу мотивация шақыратын шығармаларға мініп алып түспейді, бірақ әрекеті шамалы. Біреу сән болған соң, көпшілікке еріп оқиды. Біреу қызмет барысына қажетті ақпаратты іздесе, біреу шын мәнінде сусап, таңдап, талғап оқиды. Бастысы- ойланып оқу, саналы түрде оқу. Таңдалған кітапты не үшін оқимын деген сұрағыңа үнемі жауабыңының болуы керек.
QAZIR: Мысалы, шай ішсең шөлің басылады, шомылсаң салқындайсың деген сияқты әрбір әрекеттің нәтижесінде сезінетін рахат болады. Ал кітап оқудан қандай ләззат алуға болады? Кез-келген шығарманы, түрлі туындыларды визуалданған, экрандалған, дыбысталған түрде табуға болады. Көпшілік әлеуметтік желілерді кезіп, телефонға үңілген уақыт қазір. Кітап оқуға құлшынысты қалай оятуға болады?
Ислам:Абайды көп оқимын, қайталап оқимын. Ыбырайды да ынтаммен, сусап тұрып оқимын. Ағартушы болған ғой.Олардың туындылары кешегі дәуірдің тізгіні болса да, біздің бүгінгі ортамыздағы алуан-алуан құбылыстарды ауыздықтауға келетін көптеген параллельдер бар, әрине, аңғара білген адамға. Жүз жылдар бұрын ескертілген қателіктерді бүгін қайталап жатқанымыз қалай деген қайраным бар. Бізге сондай ағартушылық жеткіліксіз. Жас та болсам өз қатарластарыма ақылды көк экраннан емес, кітаптан ізде деуден бастасам, көпшіліктің назарын келе-келе оятамын. Кітап адамды азғындап кетуден құтқаратын құрал. Қазір шақырымдап арбамен алысқа хат тасудың қажеті жоқ, өзен жағалап кілем жумайсың, орманнан отын тасып, тобылғыға күбі ыстамайсың, оның бәрінің жаңарған, цифрландырылған, роботтандырылған атқарушылары мен баламалары бар. Ал уақытты қайда жібереміз? Л.Н.Толстойдың Анна Каренинасын естімегендер, оқымағандар кемде-кем шығар. Бірақ, сұрай кетсең барлығының білетіні оның уыс-уыс таблетка ішкені, күйеуінің сезімге сараң болғаны. Ал неліктен олай болды деп, оқып отырып астарын ақтара кетсең, аңғарасың. Каренинаның кеңістіктегі келбетін маңызсыз етіп жіберген, қызғушылық-құштарлығын құрдымға жіберген, жан дүниесінің жаралы болуынан өмірін маңызсыз етіп, өлімге жетелеген жалғыз жағдай – жарымен ортақ мүдденің жоқтығы.Картина Каренинаның өзіне жасаған қастығында емес, жақынмен жарасым таппағандықтан болған шарасыздығында, жалғыздықтан қажып, құлазуы салдарынан салынған сергелдеңінде. Әрине, бұл менің сүйріктей суырып алған сайып-қорытындым.
QAZIR: Соңғы оқыған шығармалардың бірі Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» еді. Библия, ол да кітап қой, бас кейіпкер Родионның өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Кейіпкерге кітаптан келген ең күшті әсер оған Жаратушының шексіз мейірімділігі мен күнәһар жандардың шын ниеттен шыққан кешірімін қашан да қабыл алуын көрсеткен эпизодтан жетті. Лазарь қайта тірілгенде шын жылап сұраған кешірімнің қабыл болғаны, ішкі жан дүниенің дүние жолында құрбан болғанына қарамастан қайта жандануы көрініс тапқан. Осыдан бастап Родион Библияны мұқият оқи бастайды. Бұл кітап кейіпкерге ең құнды рухани азық болып, алдағы өмірінің өрнектілеу болуына ықпал етеді. Ал Сіз оқыған соңғы шығарма қандай үн тастады, не түйдіңіз?
Ислам: С.Мұратбеков, «Жусан иісін» оқыдым. Аян, бас кейіпкері. Аян жастайынан шешесінен айырылып, әжесімен бірге бір ауылға көшіп келеді. Жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала деп мазмұндай жөнелсем бұл менің фаст-фудтық тұтынғаным болар еді. Ал менің түйгенім бар: бір уыс бидай үшін соттағанда ұтқан ештеңенің жоқтығын, бірде майданда, бірде бейқамда сыналған кейіпкердің тұлғалық қасиеттерінің құрымағанын, әр жетімектің басынан кешкен күнінің көрінісінің күрделілігене қарамастан жасымағанын жүйелей келе жылау бәрінің қолынан келеді, кешуде сыналатын нардай нық басып алға ұмтылудан жалықпау керек деген ой түйесің. Сол арқылы күнделікті әрекетіңді, үйреншікті тірлігіңнің темпін, дағдыңды өзгертіп, өзіңмен жұмыс жасай бастайсың. Өзгеше сөзбен кітап оу дегеніңіз осы. Өзге әңгіме, өзгеше жұмыс.
QAZIR: А.Шопенгауэр бір шығармасында «жер бетінде мен оқитын ешбір кітап болмаса есім баяғыда ауысып кетер еді» деп жазады. Кітап оқу адамның эмоциялық мінез-құлқына келтіретін әсерін ғалымдар зерттеген. Кітап – дос. Кітап – ең сабырлы ұстаз. Кітап – автордың жан сыры. Кітап – белгілі уақытта болған оқиғаның көрінісін сипаттайтын, автордың, болмаса жазушының қиялы мен ойының піскен жемісі. Кітап – түрлі сезімге бөлейтін, адамдық пен надандықтың белгілерін анық көрсететін құрал. Ал сіз үшін?
Ислам: мен үшін кітап - нұсқаулық, қай кітапты алсам да өмір сүруім, жасайтын әр қадамым үшін құнды кеңес, маңызды нұсқаулық таба білемін.
QAZIR: Есімі көпшілікке мәлім, 80 жуық кітаптың авторы, британдық жазушы, прозаик Сомерсет Моэм оқитын ештеңе болмаса этикеткіден бастап, ұшақ кестесіне дейін оқы, бұл мүлде оқымағаннан әлдеқайда жақсы депті ғой. Оқитын ешбір кітап қалмаса, не істейсіз?
Ислам: Олай болуы мүлде мүмкін емес, шартты түрде солай болар-ау деген күннің өзінде мен кітапты өзім жазамын.
QAZIR: Сүйікті автор, шығарма...
Ислам:... Абайдың қара сөздері, Л.Толстойдың туындысы«Исповедь».
QAZIR: Кітапты сүйіп оқу үшін қажет...
Ислам:...анық мақсат.
QAZIR: Ал басты үш құндылық?
Ислам:... Барлығымызды, жеті қабат жер мен көктің арасындағы барлық жаратылыстың иесі бар екендігіне және оның еркі болса мүмкін емес ештеңенің жоқтығына сену, сананың сергектігі, отбасы.
QAZIR: Үлкен қателігім...
Ислам:...қадап айтар қателігім жоқ, кемшіліктер кімнен болсын табылады, әрбір оқиғадан келетін сабақты орынды қабылдап, ситуацияны босатамын. Бұл алдағы жасалатын қадамдарға кедергі болмайды.
QAZIR: Ұстаным...
Ислам:...Жігіт болсаң батыр бол, жау жеңгендей жапырып.
QAZIR: Мен жиі...
Ислам:...өзімнен жасы үлкендермен әңгімелесемін.
QAZIR: Басты жетістігім...
Ислам:...жетістік деген әлеуметтік анықтама немесе көрсеткіш емес, жетістік деген жан-дүниенің және құндылықтардың санамен үйлесім табуы.
QAZIR: Ең керемет сәт...
Ислам:... қазір.
Сұхбаттасқан Жаннат Манасбайқызы