«Қоғамдағы үш анық» айдарында қатерлі ісік ауруларын емдеудің жаңа тәсілдері мен оның алдын алу шаралары жайлы сөз болады.
Қазақстанда соңғы 10 жылда қатерлі ісік ауруларының өсу үрдісі 9,5 пайызға ұлғайған. Осыған орай еліміздің денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Ал бұл жаңа жоба Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының шеңберінде жүзеге асырылмақ. Кешенді жоспардың басты мақсаты, жұрт арасында «аты жаман ауру» аталған қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету болып табылады. Ол үшін жауапты ведомство, ең алдымен ауруды ерте диагностикалау, науқасқа көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізіп және онкологиялық көмекті цифрландырып, осы тұрғыда жалпы ғылымды дамытуды қолға алмақ. Ал осы істің бастамасы ретінде Кешенді жоспарлау бойынша Астана қаласында Ұлттық онкологиялық орталықты құру көзделіп отыр. Осыған қатысты жауапты ведомство басшысы, антисептикалық дәрілерді тиімді, қауіпсіз және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін, цитостатикатты орталықтан сұйылтуға арналған жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Оған қоса, медицина саласында IBM Watson for Oncology жасанды платформасын енгізу жұмыстарында да атқаруда. Белгілі болғандай, ол арқылы дәлелденген медицинаның негізінде жеке емдеу әдісін ұсынып және шетелдік медициналық әдебиеттерге қол жеткізбек. Осы істің барлығын жүзеге асыру үшін министрлік, мемлекет қазынасынан 35,1 млрд. теңге бөлініп отырғандығын мәлімдеді.
Одан бөлек министрдің айтуынша, Кешенді жоспарды іске асыру үшін жеке инвестициялар да тартылмақ. Ол үшін халықтың денсаулығына жауапты ведомство, жергілікті атқарушы органдарды жеке сектормен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға шақырып отыр. Қысқасы, осындай қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде онкологиялық аурулардың ерте сатыларын анықтауды 33,5%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Екіншіден, жатыр мойны обырының бастапқы деңгейін 65%-ға дейін, сүт безі обырының бастапқы деңгейін 45%-ға дейін, колоректалдық обырдың бастапқы деңгейін анықтауды 25%-ға арттырмақ. Үшіншіден, обырдың асқынған нысандарын 7,2% дейін төмендету; ал онкологиялық науқастардың 5 жылдық өміршеңдігін 60%-ға дейін ұлғайту күтілуде. Мамандардың айтуынша, жоғарыда айтылған Кешенді жоспарды жүзеге асырған өзге жетекші елдер «аты жаман аурудың» бетін ары қаратуда оң көрсеткіштерге қол жеткізген. Біздің елде де соңғы жасалған алдын-алу жұмыстарының нәтижесінде, өлім-жітім көрсеткіші 28,5 % - ға төмендегені көңіл қуантатын көрсеткіш. Себебі, обыр ауруы бүкіл дүние жүзінде болатын өлім-жітімнің 13%-ын толтырады екен. Бүгінгі күні қазақстан үшін адамның өмір сүруінің ұзақтығы мен қатерлі ісіктерді анықтаушылықты арттыру және ерте диагностикалауды енгізу тенденциясы өте маңызды. Осы орайда бірқатар жоспарлар әзірленіп жатқанын білдік. Ендігі мақсат онкология саласына серпін берер жаңа жобаларды орнымен жүзеге асыру. Сонда ғана істің нәтижелі болары анық. Оған қоса әр қаланың медицина орталықтары ғылым мен технология мүмкіндіктерін толық қолдана алуы да үлкен маңызға ие.
Қысқасы, күн санап дамып келе жатқан медицинамыздың онкологияға қарсы жаңа серпіні, «аты жаман аурудың» болашақта атын өшірер деген үміттеміз.
Салтанат Сәдібекқызы.
Фото: Среда24