Еліміздің мәдени өміріндегі ауқымды екі халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар және апта бойғы маңызды оқиғаларға шолу «Айшықты апта» айдарында.
18 елдің музыканттары Ұлытауда өтетін «Жезкиік» халықаралық фестиваліне келді.
Бірінші халықаралық «Жезкиік» фестивалі 12-14 шілдеде Ұлытауда өткізілуде. Онда Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония және Қазақстанның 11 кәсіби фольклорлық ұжымдары өнер көрсетпек.
Халық музыкасының фестивалі бүгін 13-ші шілдеде Ұлытаудың бөктерінде табиғаты әсем Болатсай мекенінде басталды. Бұл күні мұнда Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония және Қазақстанның музыканттары бас қосады. Қойылымдар 14.00-де басталады да, кешке дейін жалғасады. Бұл күні сондай-ақ фестивальге қатысушылардың шеруі өтеді. Соңында «Ұлытау» тобы өнер көрсетеді.
14 шілдеде фестиваль Жезқазған қаласында жалғасады. Қатысушылар шеруі 15.00-де басталады, музыканттар Жезқазған қаласының басты көшелерінің бойымен жүреді.
Қойылымдар Кеңгір су қоймасының жағажайында өтеді. Көрермендер үшін фольклорлық ұжымдардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.
Бұл күні көрермендер сондай-ақ классикалық музыка туындыларын тындай алады. Сахнаға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Молдава, Италия, Австрияның 17 солисті шығып, өнер көрсетеді. Халықаралық фестиваль «Рухани жаңғыру» Мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында өткізіліп отыр.
Павлодар өңірінде «Ertis cinema» І халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр. Ауқымды шараға 21 елдің өкілі қатысып, 200-ден астам туынды қабылданған. Қазақтың атақты әртісі, режиссері Шәкен Аймановтың туған жеріне Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Белорус, сонымен қатар еуропалық кинорежиссерлер ат басын тіреді. Қысқа метрлі, деректі және ойын киноларына арналған фестивальдің тізіміне 68 шығарма іріктеліп, қазылар алқасының назарына ұсынылды. Конкурстық және конкурстық емес шығармалар кинотеатрларда үш күн бойы тегін көрсетілетін болады. Байқауда бағы жанған жеңіске жеткендерге алюминийден жасалған мүсіншелер табысталады. Қанатты металл Ертіс өңірінде балқытылып, жергілікті мүсіншілердің қиялынан туғандықтан ерекше тарту болмақ. Фестивальдің қорытындысы ертең,сенбі күні жарияланады.
Осылайша, еліміздің екі киелі өңірінде халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар жалғасуда.
14 шілде күні Бурабай аспанының астында қазақ опера өнерінің інжу-маржаны – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» қойылымы көрермен назарына ұсынылмақ.
Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асуда. «Біржан – Сара» қазақ опера өнерінің төлтума жауһары болып табылады. Қойылымға барынша нақтылық беріп, қазақ жерінің бай табиғатын көрсету үшін спектакльді сұлу өлке – Бурабайда қоюға шешім қабылданған. Қойылым тобының бүгінгі таңдағы бірегей шешімдері мен спектакльдің сценографиялық айшықтарын қоса алғандағы барша драматургия толықтай сақталады. Дегенмен, театрдың қыр-сыры жағдайға байланысты болмақ, қойылымдарды ашық аспан астында өткізу тәжірибесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ: партитурада жазылғандай, Біржан өз ариясын алыстан шырқайды, орманның акустикасы әнге ерекше айқын реңк береді, тіпті табиғаттың өзі декорацияның бір бөлігі іспеттес. Бұл көрермендеріміздің театр сахнасында бұрқырап ағып, баршаны тамсандырған сарқыраманы не болмаса көздің жауын алар жәрмеңкені көре алмайды деген сөз емес, бәрі де болады! Бірақ, ең бастысы – керемет музыка, солистердің тамаша дауыстары мен оркестрдің үйлесімді дыбысталуы тыңдарманға ұмытылмас ерекше әсер сыйламақ.
Астананың 20 жылдығы аясында Елордада Жамбыл облысының күндері басталды. «Жаңарған Жамбылдан – Асқақтаған Астанаға!» атты ауқымды мәдени шара барысында Әулиеата өңірінің қасиетті құндылықтары, өресі биік өнері насихатталмақ.
12-13 шілдеде «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде, Есілдің жағасындағы амфитеатрда өтетін болады. «Ел жүрегі – Астана» атты бас қаланың 20 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы аясында Жамбыл өңірінің өнері мен мәдениетін кеңінен насихаттау – Астана қаласы тұрғындарына тарту ретінде ұйымдастырылуда. Онда қолөнер шеберлерінің және музей қорының жылжымалы көрмесі өңірдің бай тарихы мен мол мұрасы туралы мәлімет беріп қана қоймай, театрландырылған қойылым, өнерпаздардың гала концерті аясында әсем ән мен тәтті күй елорда төрінде әуелемек.
16 шілде күні елордадағы «Тәуелсіздік сарайында» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағымен бірлесе Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімін өткізеді. Халықаралық сәулетшілер конгресін Қазақстан Републикасының елордасында өткізу Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында орайластырылған. Оның мақсаты: кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнерінің дамуының концептуалдық-теориялық бағыттарымен және оның негізгі үрдістерімен танысу.
Апталық шолуда ел өміріндегі маңызды мәдени оқиғалар баспасөз қызметтері таратқан мәліметтер мен ашық ақпарат көздерінен алынып пайдаланылды.