Бүгінгі күнде ғасырлар арасының құндылықтарын сақтап,оны жалғастырумен еңбектері еселеніп отырған іргелі орданың бірі– Жезқазған тарихи-өндірістік мұражайы. Бұл құтты орда-бүгінгі ұрпаққа, геология ілімін танытып,мәдени-ағарту ісімен бағаланған үлкен мектеп. Олай аталуының сыры мұнда сақталған құнды дүниелер, сонау 1928 жылдағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың зерттеу жұмыстарының нәтижелерінен бастау алады.
Сол жылдары Қарсақбай өңірінен, ал 1941 жылдары жезқазған кенішінде, одан бертін келе Жезқазған жерінен жұмысын жалғастырған мұражай, кейіннен 1997 жылы Қаныш Сатбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай болып қайта құрылады. Өз кезегінде «Қазақмыс» корпорациясы жанынан Н.Валукинский атындағы геология-минерология музейінің экспонаттары негізінде құрылған мұражай, бүгінде негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жасауда. Яғни,кен өндірісі тарихынан сыр шертетін мұражайдың бір бөлімі минерология құндылықтарын жинап, зерттеумен айналысса, екінші бағыты тікелей қолдау көріп отырған «Қазақмыс» корпорациясының тарихына бағытталған. Ал және бір бөлімінің жұмысы қазақтың маңдайына біткен дара перзенті геолог, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбектері мен жеке тұтынған дүниелерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатымен айшықталады.
Мұндағы қор саны жылма жыл жәдігерлермен толықтырылуда. Тақырыптық мазмұны жағынан бір-бірінен ерекшеленіп тұратын 3 бөлімнің жәдігерлерінің әрқайсысы келушілерге мысты өңірдің тарихынан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Олай деуге негіз де бар. 460 шақырымды құрап отырған экспозиция аумағынан өзге мұражайларда кездеспейтін Ұлытаудың жанындағы Алтыншоқыдан 1935 жылы Қаныш Имантайұлының өзі зерттеп тапқан Ақсақ Темірдің тасының көшірмесі мен арнайы Ресейдің Санкт Петербургында жасалған Шыңғысханның, Әбу Насыр Әл- Фараби мен Ақсақ Темірдің балауыздан жасалған мүсіндері тұр.
Одан бөлек, жер астында түзіліп ерекшеленген мыс минералдарының толық коллекциясы сақтаулы. Бұл музейдің ерекшелігі де осында. Бұл бір сөзбен айтқанда, тарихи өндірістік мұражай деген атауына ішкі құндылықтары сай келетін жалғыз музей. Ал олай атап атын қойып кеткен де белгілі тұлға Қаныш Имантайұлы Сатбаев болған. Міне, бұл мұражай сонылығымен де ерекше деуге әбден лайық.
Бұған қатысты,Жезқазған өңірінің өлкетанушысы Кенжал Балкенұлы: «Мұражай ісі заманауи технологияны қолдану арқылы да жүзеге асырылуда. Себебі мұнда әрбір жәдігер электронды нұсқаға көшірілгендіктен экрандар арқылы көп мәліметтерге қанығуға болады» дейді. Бұл мекеменің өз заманына лайықты дамып отырғандығының белгісі.
Құнды экспонаттарға толы мәдени тарихи ошақтың іргесі бекіген күннен бастап, онда бүгінге дейін арнайы ат басын бұрып барушылар саны аз емес. Олардың қатарын еліміздің және шет мемлекеттерінің қайраткерлері мен игі жақсылары толықтыруда. Ал осындай тарихы әріден бастау алып, кейіннен атауы өзгертілген мұражайға биыл 21 жыл толып отыр. Бұдан әрі де қайталанбас жәдігерлерге толы іргелі- мәдени орда, әрбір экспозицияның сақталып жеткізілуін және оларды қайта жаңғырту мақсатында өз қызметтерін жалғастыра бермек.
Арнайы Qazir үшін Жезқазғаннан дайындаған: Салтанат Сәдібекқызы