Будапешт - қоғамдық көлік инфрақұрылымы өте жақсы дамыған қала. Еуропа құрлығындағы ең алғашқы метро желісі осында ашылған. 4 метро желісі, автобустар мен трамвай, троллейбус жолдары - туристердің ағылып келуінің бірден-бір себепкері. Метроның жалпы ұзындығы 37,6 шақырым, барлығы 52 бекет бар. Күніне метро шамамен 1 млн. 200 мың адамды тасымалдайды. Сағат 4.30-23.00 аралығында күндізгі қоғамдық көлік, ал 23.00-ден түнгі автобустар жүреді. Будапештті маңайдағы қалалармен байланыстыратын HEV (Helyiérdekű Vasút) қалааралық автобустары да бар. Студенттер мен түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған.
1895 жылы негізі қаланған автобус құрастыру зауыты "Икарустың" отаны да - Будапешт. Жақын маңдағы қалалар мен Еуропаның өзге елдеріне де билет бағасы (ұшақ немесе автобус, пойыз) қолжетімді. Кез-келген транспорт түрі жаңа, сапарлаушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Венгрия - баға жағынан кәрі құрлықтағы ең арзан елдердің бірі. Туристердің саяхатқа, тіпті апта соңындағы демалысқа, кейде бизнес ашу үшін де дәл осы мемлекетті таңдауының себебі - осында. Бірақ такси мен бензин бағасы салыстырмалы түрде қымбат. Қазақстандық жүргізуші куәлігін белгілі бір мерзімге дейін қолдануға болады. Нарықта атомобиль бағасы, эконом класты көліктер, Еуропаның кез-келген елдеріндегідей, арзан.
Қазақстаннан қыдырып келем деушілер, туристік визамен (ресми бағасын төлеу қажет) Wizzair әуе компаниясы арқылы Астана-Будапешт бағытында қатынайтын рейспен келе алады. Жол 5 сағат уақытыңызды алады. Билет бағасы жүгіңізге байланысты, дегенмен қолжетімді.
Қалада туристерді тарту мақсатында, көптеген мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады. Әлем классиктерінің туындылары, көрмелер, саяхат турларын көптеп кездестіре аласыз. Меніңше, Венгрияның климаттық ерекшелігі мен географиялық орналасуының өзі - алыс-жақын шетелдіктердің ағылып келуіне жақсы ықпал етуде. Осыған орай, арзан хостелдер, тамақтану орындары, шоп-турлар өте көп. Қалада туристер үшін арнайы жасақталған аудандар да бар. Жалпы қала ресми аймаққа бөлінген 23 ауданнан тұрады.
Будапештке келісімен, ең алғаш, Дунай жағалауына барсаңыз болады. Кешен толығымен UNESCO-мен қорғалған. Мажарлардың нағыз мақтанышына айналған Парламент ғимараты(Kossuth tér, 1-3), Будай сарайы, Балықшылар бастионы (Hess Andras Square, 1-3), киелі Матьяш саборы (Szentharomsag tér) осында орналасқан.
Будапешт - сөзсіз, фестивальдар қаласы. Мұнда шарап фестивалі, азық-түлік, музыка, қолөнерге байланысты, кез-келген адамның талғамынан шығатын шаралар көптеп өтеді. Академиялық ортада демалғысы келетіндер үшін де таңдаудың түрі табылады. Зәулім кітапханалар, гелерея, музейлер, театр түрлері сізді бей-жай қалдырмасы анық. Сонымен қатар кітапхана-кафелерде ерекше атмосферада керемет уақыт өткізе аласыз. Будапешт сапарын жоспарласаңыз немесе мажарлар мен түркі тамырына қатысты деректер қызықтырса, келешекте де өздеріңізбен бөлісуге дайынмын.
Qazir үшін арнайы Венгриядан материалды дайындаған: Жанар Мақсұтқызы.