Мемлекеттік қызметшілерге қатысты түрлі сын пікірлердің айтылып жүргеніне де аз уақыт болған жоқ. Олай болатыны, мемлекеттік қызметші биліктің халық арасындағы өкілі екендігінен шығар. Сондағы оларға қатысты пікірлерді жүйелесек:
- Мемлекеттік тілді жетік меңгермеген;
- Халықпен жұмыс жасап білмейді;
- Ұсақ-түйек мәселенің өзін шешуде жоғарыдан бұйрық не тапсырма күтеді, яғни шешім қабылдай алмайды;
- Ішкі мәдениеті төмен, этиканы сақтамайды т.с.с.
Бұл айтылып жүрген жайттар шындыққа жанаспайды деуге де болмайды. Өйткені орталықтан басқарылатын органдардың жұмысында көптеген шешілмеген мәселелер бар. Бұл жайтты жақсы білетін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өңірлерге шешім қабылдауда еркіндік беру керектігін жиі айтады. Айтылуында мін болмағанмен, орындалу жағы сәл ақсап тұр. Бар істің бастамашысы бола білетін Астаналық әкімдік осындай олқылықтарды түзеуде бірқатар шаралар қабылдауда. Айтып, бұйырып істете алмаспыз деген шығар, істің орайын басқа жолмен табуға көшкен. Қаладағы барлық мемлекеттік мекеменің басын қосып, қызметкерлері арасында түрлі байқаулар өткізуді жұмыс жоспарларына енгізіп қойған. Соның бір дәлелі – Астанадағы Оқушылар сарайында өткен «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» байқауы. Оны қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» орталығы ұйымдастырды.
Байқауда Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Астана қаласы бойынша қазынашылық департаменті, қалалық Статистика департаменті, Астана қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті т.б. мемлекеттік мекемелер бағын сынады.
Бақ пен бап сыналған жерде төрелік айтатын қазылардың болуы да заңдылық. Тіпті қажеттілік десек жарасар. Қазылар алқасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бопазов Марат Дәрібекұлы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Кәсіби даму институты Тілдік құзыреттілік секторының меңгерушісі Төленбергенова Нәзигүл Тұрысбекқызы, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Үмбетова Базаргүл Сейітжанқызы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп пен белгілі журналист, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Шыңғыс Мұқан болды.
Байқауды өткізерде қатысушыларға талаптар қойған. Оның ішінде Мемлекеттік қызметші өз мекемесінің намысын қорғау жолында өзінің кәсіби шеберлігін, белсенділігі мен ой ұшқырлығын, өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізе алатын, сөздік қоры бай, азаматтық ұстанымы қалыптасқан үміткер ретінде көрсете білуі тиіс. Қазылар алқасы қатысушының сөйлеу мәнеріне, киім киісіне, сахнада өз-өзін ұстауына, мемлекеттік қызмет этикасы мен эстетикасына және білімі мен біліктілігіне назар аударады.
Байқау барысы талапта көрсетілгендей өтті де. Бір әттеген-айы – осындай байқауларға өзге де мемлекеттік қызметтердің өкілінің көрермен ретінде келмеуі. Өйткені күнделікті жұмысы кешкі алты жарымсыз аяқталмайтын қызметкерлер мұндай байқауларды тамашалай алмайды. Анығын айтқанда үлгермейді. Ал оны өткізудегі мақсат жоғарыда біз атап өткен кемшіліктерді жөндеу ғой.
Сонымен байқауда қатысушылар қандай сынақтардан өтті? Алғашқы кезең «Сәлем – сөздің анасы» деп аталды. Мұнда мекеменің атқаратын міндеті, қызмет саласы таныстырылды.
Екінші «Жер-су атауы – тарих таңбасы» кезеңінде экранға еліміздегі танымал қасиетті орындардың суреттері көрсетіліп, сол бойынша қатысушының елтануға қатысты білімі тексерілді.
«Сөз маржаны» деп аталатын кезеңде қатысушылар ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін түсіндіріп, қызмет аясында кездесетін кәсіби терминдердің мағынасын ашты. Олардың қазақтың мақал-мәтелдерін қаншалықты білетіндігі көрінді.
Бәрінен де соңғы «Мәңгілік ел - мәртебелі тіл» кезеңі қызықты болды. Мұнда қатысушылар театрландырылған қойылым көрсетті. Көрермен көріністерді тамашалай отырып, мемлекеттік құрылымдарда кездесетін сан алуан мәселелерге қанық болғандай.
Сайыс болғасын, жеңімпаз да болады. Бірақ бастысы бұл да емес. Халыққа мемлекеттік қызметші дегеніміз кім, олар немен айналысады, жұмыстары көпшілік ойлағандай оңай ма деген сауалдарға жауап беру болатын. Әрі олардың кәсібилігін, мемлекеттік тілді сіз бен бізден артық білмесе, кем меңгермегендігін дәлелдеу еді. Осы тараптан алғанда мақсат орындалды десек болады.
Ал жүлдеге келер болсақ, онда кіл «сен тұр, мен атайынның» ішінен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы озып шықты. Екінші және үшінші жүлделерді қалалық Статистика департаменті мен Астана қаласы бойынша қазынашылық департаменті қанжығаға байлады. Барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Материалды Qazir үшін арнайы дайындаған: Жанболат Шәкім.