«Тәлімгер - ол табиғатынан Көшбасшы болуы керек. Оқушылар арасында беделге ие болу үшін Тәлімгердің өзі білімді, тәрбиелі, саяси бұғанасы бекіген, жағымпаздық пен жемқорлықтан ада, өр тұлға болуы шарт». Жасұландар тәрбиесіндегі тәлімгерлердің орны жайлы бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарында.
Қарағанды облысында«Жас Ұлан» ұйымы 2012 жылдан бері барлық мектептерде жұмыс атқаруда. Қазір біздің облыс мектептері оқушыларының 64 пайызын құрайтын 119170 Жасұландардың басын біріктіріп, облыстық білім басқармасымен тығыз серіктестікте жыл сайын келісіп бекітілген жоспармен қалыптасқан түрде жұмыс атқарады.
Ұйымның алты жылдан аса жұмыс барысында Жасұландармен жұмысты мектеп тәлімгерлерімен атқарып келе жатырмыз. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты мектеп қабырғасындағы оқушылар тәрбиесі үлттық құндылыққа бағыттала бастады.
Тәлімгер мамандығы оқушылар арасында өте қажетті маман. Ол оқушылармен емін-еркін араласатын, олардың сеніміне ие, айтқан сөзіне берік жан болуы тиіс. Тәлімгер - ол табиғатынан Көшбасшы болуы керек. Ал оқушылар арасында беделге ие болу үшін Тәлімгердің өзі білімді, тәрбиелі, саяси бұғанасы бекіген, жағымпаздық пен жемқорлықтан ада, өр тұлға болуы шарт. Ондай толық қанды азамат болу үшін тәлімгер мамандарының алаңдамай қызмет атқаруына бағытталған, сүзгіден өткен бекітілген нақты құжаттары, керек кезінде арашалап алатын қоғамы болуы шарт. Олардың оқушылар өмірінде қамтитын жұмысы қатары өте көп: жас ұрпақтың танымдық, шығармашылық және басқа да дүниетанымдық қабілеттерінің жан-жақты дамуына ұйтқы болу, бақытты балалар әлемдеріне бірлесе саяхат жасап, игі істер атқару, мектептен қанаты толық бекіген ортада адасып қалмайтын еркін өмір кейіпкерлерін дайындау.
Мұндай оқушылардың шексіз қиял ғажайып ойлардан туындайтын жұмыстарды атқару үшін маман-тәлімгердің білімі мен жаңашылдық дағдыларын тұрақты жетілдіріп отыру керектігі мәлім.
Сыныпқа сабаққа енген оқушының ұстазға, білімге деген мәдени тәрбиелі қарым-қатынасы мен мектептің имиджін қалыптастыру тәрбие жүйесіне байланысты. Балалар әлемінде білімнің сапасы бірінші кезеңде пәндік сабақтағы 45 минуттық ұстаздың білімі емес, көбіне сол білімді бекемдей түсетін мектептің қоғамдық жұмыстары. Өмір көрсеткендей балалардың есінде сабақтан тыс өткен істер көңілдерінен шықпаса,олардың естерінде тек көлеңкелі жақтары ғана есте сақталып қалады. Сондықтан, мектеп ұжымының оң имиджін қалыптастыратын маман Тәлімгер деуге толық негіз бар.
Тәлімгер мамандығы білім саласында жоғары оқу орнын бітіріп келгендердің пәндік орынды күте тұру бекетіне айналған секілді. Сондықтан, жыл сайын жаңа оқу жылында тәлімгерлердің 70 пайызы ауысады. Бұл үрдіске ұстаздыққа ауысу ғана емес тәлімгерлердің айлығының аздығы, осыған байланысты оқыған мамандығын тастап басқа салаға кетіп жатады.
Қазір облыстық білім басқармасы кадр бөлімімен серіктесе барлық тәлімгерлердің толық мағлұматтарын жинап, сапалық сараптамасын жасаудамыз. Бұл осы мамандардың көзге ілінбеген мәселелерін анықтайды.
Өкінішке қарай, білім беру ұйымдарында тәлімгерлер орнын сабақ кестесінде аз сағаты бар ұстаздарға бөліп беру, тәлімгерлерді басқа жұмыстарға жегу, білім саласына қатысы жоқ адамдарды тарту фактілері жойылмай тұр. Екінші жағынан толық ставкадағы тәлімгерлер қосымша сабақ беріп, тәлімгерлік жұмысты ысырып қойып жүрген мектептер де бар. Тәлімгерлікке жұмысқа тұру, категория алуды таныстықпен шешу фактілеріне жол берілуде. Сондықтан, тәлімгерлік мамандыққа тестілік іріктеу, тестілеу әдісімен категориялық жоғарылау мәселесі де шешуін күтіп тұр. Осындай жәйттер әрине, тәрбие бағытының сапасын төмендетеді. Мұндай үрдістер интернет арқылы әлем кеңістігінің неше түрлі кері жайттары, бұрыс бағыттағы орталар белең алған жағдайда мектеп жастарын балалық шақтың қызық істермен толтыруға, дұрыс жолға салуға кедергі болуда. Қазір мемлекетімізде құрылған балалар, жасөспірімдер, жастар ұйымдары сүзгіден өткен, мемлекеттік құндылықтарды қамтитын жобалар ұсынуда. Осы жобаларға оқушылардың қызығушылығын оята отырып, белсенді қатыстырып, болашақта таңдайтын мамандықтарына бағыт сілтеу де Тәлімгерлердің маңызды істерінің бірі. Тәлімгерлердің өз ісімен айналыспауы толық жойылып,тәрбие саласында жалақысын алып отырған мамандар жұмысын толық сапалы түрде жүргізуі тиіс.
Елбасының Жолдауда атап көрсетілген ұстаздар қауымының жағдайын, статусын, төменгі жалақыны көтеру бағытындағы тапсырмалары білім саласында оңтайлы жағдай туғызып, еліміздің "Білімді тәрбие арқылы беру" қағидатының толық орындалуына жаңа "Парасат" тәлімгерлер қауымдастығы үлесін қосады. Бұл қауымдастық азаматтық қоғам шеңберін кеңейту болып саналады.
Қарағанды облысының үкіметтік емес «Жас Ұлан» ұйымы тәрбие бағытындағы мамандар қызметінде кездескен кедергілерді мемлекеттік білім саласымен серіктесе шешу үшін құрылған "Парасат" тәлімгерлер қауымдастығының алдына қойған бағыты: ата - аналардың буынын бекітіп, тәрбиелеген перзенттерін, мектеп жасында қанаттарын қатайтып тұлғалыққа бағыттап, Елбасы айтқандай елімізде әрқайсы «Туған жерлеріне туларын тіге алатын» азаматтар етіп шығаратын тәрбие жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыра білу.
Майра Абдрахманова,
Қарағанды облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Иллюстративное фото - архив героини.