Астаналық «Асыл адамдар» кеше «Рахмет» сауда үйіне жиналды. Бұл әрине мерекелік бас қосу немесе көңіл көтеретін концерттік бағдарлама емес еді. Бұған дейін «Асыл адам» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкеновпен Qazir.kz тілшісінің сұхбатында олар қолға алған бірнеше жобалар жайлы толық қамтылған болатын.
Қордың негізгі мақсаты- баспанаға мұқтаж жандарға көмектесу.Көңілбай Шүкеновтың айтуынша, әрбір адам өзіне көмектесу арқылы,өзгеге де көмек қолын соза алады. Ол үшін қордың қайырымдылық жобаларына ат салысып, арнайы сертификат иеленсе болғаны. Сертификатта : «Сіз жақсы адамсыз.Осы сертификатпен «Арман үй» жобасына қатыса аласыз» деген сөздер жазылған.Кез келген қайырымдылық жасаған адам осы сертификат арқылы келесі жылдың 1 наурызында, яғни алғыс айту күні арнайы өткізілетін ұтыс ойынына қатысып, сәттілік серік болса Қосшыда салынып жатқан жаңа үйдің 2 бөлмелі пәтеріне ие болады. Айтылған сөз құр уәде түрінде қалып қоймайтынына көз жеткізу үшін салынып жатқан үйді көргісі келетін жандарды қарашаның 16 күні Көңілбай Шүкенов Қосшыға бастап апарды. Сол күні жиналғандар арасында Қосшы ауылының әкімі де болды. «Адамдарға қайырымдылық жасауға үгіттегеннен гөрі,оларды ынталандырған тиімді»,- деп санайды Көңілбай Қалдыбекұлы.
Сол себепті мереке күндері арнайы ұтыс ұйымдастырып,республиканың түкпір-түкпіріндегі қордың қайырымдылық жобаларына қатысушылардың басын қосып түрлі сыйлықтарды ұтысқа тігеді. Кеше «Рахмет» сауда үйіне жиналған халық сондай ұтыс ойынына қатысып,бірі кішкентай шәйнек ұтып алса,енді бірі смартфон,тіпті тоңазытқыш пен кір жуатын машинаға дейін ұтып алғандар да бар.Ұтысты ұйымдастырған қордың қызметкерінің сөзіне қарағанда,сол жердегі ұтыс ойынына қатысқандардың арасында тек елордалықтар емес,Көкшетау,Қарағанды қалаларынан да сертификат алғандар болды.Тоңазытқышты ұтып алған Нәзира Мектепхан Қосшыдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтінін телефон соққан жүргізушіге қуанышты қалыпта жеткізіп жатты.Ал,кір жуатын машинаны Қарағанды қаласынан Құсайынова Аңсаған ұтып алды.Телевизор ұтқан Ізтілеуова Әсел де Қосшыда мұғалім болып жұмыс істесе, айфонды ұтқан Сейденова Жанар Қазақ аграрлық техникалық университетінің оқытушысы екен.
Бұл мерекелік ұтыс ойыны «Жақсы адамдар бірге» концертінен кейінгі «Арман үй» қайырымдылық акциясы бойынша ұйымдастырылып отыр.
- Халықтық жоба болғандықтан ұтыс көпшіліктің көз алдында өздері сайлаған комиссия мүшелерімен арнайы хаттама толтырылып,әділетті өтті,-дейді Көңілбай Шүкенов. Алда автокөлік пен «Арман үйге» қол жеткізетін әлі екі ұтыс ойнатылмақ. Осылайша, елордалық «асыл адамдар» мерекелік көңіл күймен қатар ұтып алған сыйлықтарымен«Рахмет»сауда үйінен ризашылық сезіммен үйлеріне тарасты.
Арнайы Qazir үшін материалды дайындаған: Назерке Төлеген.