«Шаһарларға саяхат» айдарынан тарихы жайлы сөз қозғағанда алдымен Алтын адам табылған мекен ретінде әйгілі,табиғаты да көркем Есік қаласы жайлы мәліметтермен танысасыздар.
1. Қала тарихынан бір үзік сыр. Алматыдан шығысқа қарай 43 шақырым қашықтықта орналасқан бұл қала жайлы әңгіме қозғағанда ,алдымен әйгілі Алтын адам табылған мекен ретінде еске түседі. Іле Алатауының солтүстік баурайында, теңіз деңгейінен шамамен 1000 метр биіктікте орналасқан Есік қаласы,бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының орталығы. Көне шаһардың негізі 1854 жылы қаланған. Қала маңынан Есік, Талғар, Түрген сынды өзендер ағып өтеді. Ал Есіктен 17 шақырым жерде, биік таудың шатқалында Есік көлі орналасқан. Қаланың солтүстік жағында ежелгі сақ мәдениетінің аса көрнекті ескерткіші – Есік обасы орналасқан. Темір дәуірінен сақталған обадан 1970 жылы белгілі археолог Кемел Ақышев алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін тапқан.
2. Шаһардың әсем табиғаты туралы.1854 жылы көне қоныс орнынан Надеждинск станцасы қаланған делінген шаһар жайлы жазылған деректерде. 1923 жылы ол Есік станицасы болып аталса,1968 жылы қала мәртебесін иеленген.Төбесі көк тіреген таулар мен айнадай жарқырап көз сүріндірер әсемдігімен өзіне тартатын Түрген шатқалы мен Есік көлі мен Жасылкөл туралы қала тұрғындары ғана емес,мұнда келушілер де ерекше таңданыспен қарап,сүйсінеді.
3. Қаладағы туризм саласының дамуы.Таңғажайып табиғатына қоса әлемге әйгілі алтын адам табылған қасиетті мекен саналатын қаланың туризм әлеуеті ерекше деп айтуға болады. Қаладағы көненің көзіндей болып бізге жеткен әйгілі сақ қорғандары, тарихын тасқа қашап жазған бабаларымыздың сөзіндей болып аманат қылған тас бетіндегі суреттер жас ұрпаққа мақтаныш болар тарихи нысандар десек,оларды көпшілікке таныстыру, көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету мақсатында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылған. Онда қазақ жеріндегі сол дәуірге тән 155 археологиялық нысандардың орындары көрсетіліп, тізімдері берілген.
4. Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелер. «Көктем», «Есік шарап зауыты», «Дионис», «Елес», «Фудмастер», «Голд Продукт» сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ қалада құрылыс, көлік мекемелері мен шағын өндірістік кәсіпорындар, сонымен қоса жалпы білім беретін 9 мектеп, педагогикалық колледж, мәдениет үйлері, кинотеатрлар, клуб, аурухана, емхана, дәріханалар бар. Қаладан оңтүстікке қарай 17 шақырым жердегі әсем тау шатқалында демалыс және туризм аймағы саналатын Есік көлі орналасқан.
5. Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы.Есік қаласы шағын қалалар қатарына жатады. Шағын қалаларға халқының саны 50 мың адамнан аспайтын қалалар жатқызылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ондай қалалар саны 60. Дамыған автокөлік инфрақұрылымы Есік қаласын Алматы облысының басқа қалаларынан ерекшелейді. Республикалық мәндегі автотрасса қала арқылы өтіп, Есік қаласын облыстың және республиканың басқа қалаларымен байланыстырады.Қаланың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы, бай табиғат және ауыл шаруашылығы ресурстары оған қолайлы инвестициялық климат туғызып отыр.
6. Қаланың даму мүмкіндіктері мен келешегі. Есік қаласы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар негізінде экономикасы тұрақты дамып келе жатқан, тұрғындар мен қала қонақтарына жоғары деңгейде мәдени қызмет көрсетудің қазіргі заманғы желісі дамыған елді мекен болып табылады. Болашақта қаланы демалыс, туризм және экскурсияның халықаралық орталығына айналдыру міндеті қойылып отыр және осы бағытта іс-шаралар жүргізілуде.
7. Қаланың қазіргі келбеті мен тіршілік тынысы.Шаһар аумағы – 25,8 шаршы км. Қаладағы халық саны 40 мыңнан астам. Сонымен қатар қаланың өсіп-өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашатын оның қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары мен табиғат ресурстары мен тарихи-мәдени мұралардың болуы деп айтуға негіз бар. Есік қаласының болашақта демалыс, туризм және экскурсияның халықаралық орталығына айналуы үшін және осының негізінде қала экономикасын өркендете отырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндіктері мол.
Қала жайлы деректерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.