Ауру жанымызға батқанда дәрігердің алдынан табылатынымыз рас. Ақ халатты абзал жан деп дәріптейтін мамандық иелері жайлы кей кездерде көңілінен шықпаса, дұрыс ауру белгісін анықтай алмаса, дәрігер болып несіне отыр деп реніштерін айтып жататындар да кездеседі. Қазір көп жағдайда«жақсы таныс дәрігерің бар ма?» - деп сұрайтындар да көп. Өзінен гөрі өзгенің денсаулығына алаңдап, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей кезекшілікте отырып,сан түрлі аурудың бетін қайтару үшін күрделі ота жасап, уақытпен санаспайтын дәрігерлер жайлы қоғамда көзқарас қандай? Адам өмірін ажалдан арашалап жүрген жандардың еңбегі лайықты бағаланып жүр ме? Бұл сауалға жауапты екі күн бойы «Sultan magazine» борттық журналы және №2 Астана қаласының көпбейінді қалалық ауруханасы, «Нұр Отан» партиясы бірлесе өткізген «Жақсы дәрігер» фотокөрмесі кезінде біз де іздеп көрдік.
Ақтөре Маратұлы, жас маман : №2 қалалық көп бейінді ауруханасының инсульт орталығында невропатолог болып жұмыс істеймін. Жоғары оқу орнын былтыр бітірдім. Бұндай фотокөрменің ұйымдастырылғанына қуаныштымын, біріншіден,біздің жұмысымыздағы ашықтық,екіншіден халықпен тығыз байланыста,көз алдарында тегін кеңестер береміз,үшіншіден, осындай тексерістер кейбір аурулардың алдын алуға да септігін тигізеді. Дәрігер деген жауапкершілігі зор мамандық. Алдымызға келген әрбір адамның денсаулығына алаңдаймыз. Күніне алдымызға қабылдау бөлімінде отырғанда 18-20 науқас келеді.Адам баласының жаратылысы,мінез-құлқы әр түрлі. Науқас жанына батқандардың көңіл-күйлері де сондай. 100 пайыз бәрінің көңілінен шығу қиын.Жүйке ауруларын емдеу,сырқатының түрі мен белгісін дәл анықтай білу,түпкілікті диагнозын қою оңай емес.Тіпті кейбір науқастарға толық диагнозын қою үшін 4-5 жыл уақыт кетеді.Оған дейін бір диагнозды қою арқылы емдеп көреміз,кейбір белгілері ұқсас болатын ауру түрлері де бар,соның бәрін анықтап алуымыз қажет.
Қазір жүйке жұқартатын бізді қоршаған проблемалар көп. Менің бір жерден оқығаным бар, «проблеманың екі түрі болады: оның бірі шешілетін,екіншісі шешілмейтін.Егер проблема шешілетін болса,оны уайымдап керегі не ,ал шешілмейтін болса оған бола мүлдем қиналудың қажеті жоқ»-деп,сондықтан күйзеліске түспеу үшін адам өмірде өз денсаулығына зиян келтірмеу жағын ойлауы тиіс.
21 ғасыр ақпараттарға толы , адамдар кейде ұсақ-түйек нәрселерге де көп көңіл бөліп кеткен сияқты.Сондықтан қазір түсініксіз аурулар түрі де көбейіп отыр.Өзім инсульт орталығының дәрігері болғандықтан бізге 50-60 жас аралығындағы науқастар көп түседі.Жүйке аурулары ,яғни тамырларға байланысты болғандықтан,бұрын дұрыс емделмей,уақытында тексерілмей,бір сөзбен айтқанда денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан осындай жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Айлығым-54 мың теңге,қосымша кезекшіліктер аламын. Туған жерім Түркістан облысы,Шымкент қаласы. Астана медициналық университетін бітіргенмін. Ең алғаш еңбек жолын бастаған республикалық ауруханадағы неврология бөлімшесінің меңгерушісі Сақыпжамал Идрисоваға ризашылығым шексіз,ол жерде терапевт болып істедім,мені осы жүйке аурулары дәрігері болуыма бағыттаған сол кісі.Қазіргі ұжымым да маған жас маман ретінде қалыптасуыма көп ықпал етеді,білімдері мен тәжірибелерін үйретуден жалықпайды.
Базаркүл Залиева, «Мейірім» медицина орталығы емханасының меңгерушісі,онколог-радиолог, жоғары санатты дәрігер-терапевт.
- Біздің орналасқан жерімізге байланысты емханаға 11 мың 780 адам тіркелген.Мына фотокөрмені тамашалап қарасаңыз,менің көптеген әріптестерімнің суреттері тұр. Біздің дәрігерлер көп жұмыс істейді,олар жайлы тек барлығы жаман деп кішкентай дүниеден кір іздемей,жақсы жақтарын да айтқан дұрыс. Әсіресе,елордасы Астана қаласында медициналық класстер жақсы дамыған. Кардиологиялық орталықта жүрекке өте күрделі операциялар жасалып жатыр.Қазақстанның медицинасы жоғары деңгейде дамып келеді. Өзім медицина саласында 30 жылдан аса еңбек етіп келемін, Қарағанды медициналық институтын бітіргенмін,ол оқу орны көрсеткіштері бойынша кезінде Одақта,кейін елімізде көрсеткіштері жағынан алдыңғы орындарда екені белгілі.Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келгенмін.Он жылдай Қарағандыда онколог-радиолог болып жұмыс істедім.2007 жылы Астанаға қоныс аудардық. Көп жерде жұмыс істедім,учаскелік дәрігерден емхана меңгерушісіне дейінгі өсу жолымда осы таңдаған мамандығыма деген ынта-ықыласым мен адам өміріне деген алаңдаушылығым,жауапкершілігім басты орында тұрады. Еліміздің медицина саласында жұмыс істеп жүрген әріптестерімді,жалпы Қазақстандық медицинаны жаман деуге болмайды. Өзім қызмет атқаратын мекемеде директорымыз ,медицина ғылымдарының кандидаты,жоғары санаттағы уролог Айдос Айтуғанов , медицина ғылымдарының кандидаты,жоғары санаттағы невропатолог Бағжан Сыздықова,жоғары санаттағы эндокринолог,медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Темірғалиева,жоғары санаттағы хирург Ғалия Әбежанова, балалар дәрігері Әсем Жобалаева ,УДТ мамандары Рымкеш Серкебаева,Наталья Ким,жоғары санаттағы травмотолог Марат Сұлтановтардың есімдерін ризашылықпен үлгі етіп жақсы дәрігер деген осы кісілер деп айтамын.
Дәрігерлердің атқарып отырған еңбегіне алатын жалақылары сай емес. Көп жағдайда орташа жалақыны операция жасайтын,кезекшілікте болатын дәрігерлердің жалақысымен ғана есептейді,негізінде науқастарды қабылдау бөлімдерінде отыратындар аз жалақы алады.Жоғары санаттағы дәрігердің айлығы-120 мың. Ал жас мамандардікі тіпті төмен,пәтер жалдайды, Астананың жағдайында алған ақшаларын пәтерге беріп қойып,бір жалақыдан келесісіне дейін күтіп отырады.
Елбасының биылғы Қазақстан халқына жолдауында: « Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» -деп атап көрсетілген.
Біздің емханаға күніне 120 адам қабылдауымыз тиіс болса,іс жүзінде 500-дей адам келеді. «Мейірімнің» атына –заты сай , ауырған жандар кезек күтіп қалмасын , сапалы ем қабылдасын,медициналық көмек қолжетімді болсын деп аптаның жеті күні демалыссыз,оған қоса мереке күндері де жұмыс істейміз.
Марат Амиров, фотограф: Бұл көрме үшін мыңнан аса сурет түсірдім,соның ішінен 120-дайы таңдап алынды. Мақсат-халық пен дәрігерлер арасындағы байланысты жақсарту.Ұйымдастырушылар фотокөрмені дайындау барысында мені таңдап,бірнеше медициналық мекемелерге барып,сол жерлерден жұмыс процесі барысында суреттер түсіруіме мүмкіндік жасады.
Бұрын дәрігерлер жайлы ауруды емдейтін мамандық иесі деп қана қарайтын едім. Осы фотокөрмеге түсіру кезінде «Жақсы дәрігер» деген сөздің дәл мағынасын ұғынып, көзбен көріп, адамды ажалдан арашалап қалатын жандардың өлшеусіз еңбегін жүрегіммен сезінгендей әсерде болдым.
Qazir үшін фотокөрмеден материалды дайындаған : Базаргүл Сейітжанқызы.