Нұр-Сұлтанда Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Жастар жылының аяқталуы аясында «FROM.KZ» халықаралық форумы өткізіледі, деп хабарлайды Qazir.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара 22 қараша күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді. Оның мақсаты – жастарды біріктіру, қазақстандық патриотизм мен көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеу, пайдалы еңбекке, кәсіпкерлікке ынталандыру.
Форум ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Аталмыш шара Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Жастар жылы аяқталуы аясында өтеді.
Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жақсылық Түймебаев, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Ресей, Башқұртстан, Қырғызстан белсенді жастарының, елордалық этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының өкілдері қатысады.
«Бизнес & Jastar», «Жастар – Отанға, Отан – жастарға», «Jastar. Мәдениет және спорт» тақырыбында секциялық отырыстар өткізіледі. Форум модераторлары мен спикерлері ретінде Қазақстанда және шетелде танымал жас бизнесмендер, халықаралық жастар қозғалысының көшбасшылары, танымал мәдениет және спорт қайраткерлері шақыртылды. Олар табысқа жетудің жеке тәжірибесімен бөлісіп, сұрақтарға жауап береді.