«Өзекті жанға бір өлім» дегенді білсек те, өзекті өртеген өкініші көп болды бұл өлім. Бейсенбінің кешінде естіген кезде есеңгіреп,есімізді жия алмадық,алтын айдарлы ұлымызды өлімге қия алмадық,сене алмадық,әлі де өзіңді өмірде жоқ деуге сенгіміз келмейді...
Күллі ерік-жігерін, маңдай терін, жеңісі мен жемісін еліне арнап, көк туымызды қастерлей көтеріп, желбіреткен, Отаным деп егіле еңбектенген, спортта оза шапқан саңлақтың ғұмыры айдынға түскен ай жарығындай жалт етті де, жоқ болды. Қазақ мәнерлеп сырғанау мектебінің жарық жұлдызының ғұмырының қыршыннан қиылғаны өзегімізді өртеп, өксігімізді баса алар емеспіз. Әлемдік спорт аренасында дүние жүзіндегі дүйім жұртқа Қазақстанды мойындатып, мәртебесін еселей түскен еріміз Денис Теннің қазасы күллі халықтың қабырғасын қайыстырды.
Жарық дүниені жан-тәнімен сүйетін, әлемге аты мәлім, сәлемге кішіпейіл, тәрбиесі адам тамсанатын, елінің намысын қорғау үшін жанын салған патриот, патша көңіл, жылы жүректі жанның жазығы жоқ еді. Тағдырынан тататын дәм-тұзының таусылатынын кім топшылай білсін? Қаза құштырған қылмыскер сен жалау көтергендегі жанкүйерің емес пе еді? Пай-пай, айхай жиырма бестің белесінен мәңгілікке аттандың. Қорған бола алмадық, қайран, қыраным-ай.
Есімің ел есінде, ерлігің жүректерде. Айнадай айдында жарқыраған ізің қалды.
Қайтейік, қош, ДЕНИС!
Еліміздің мақтанышына айналған,халқымыздың жүрегінен өшпестей орын алған арда ұлдың артында аңырап қалған ата-анасына, жақындары мен жолдастарына, күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз! Қош бол, қазақ спортының жарық жұлдызы!
Фото - из открытых источников