Елорданың Жұмыспен қамту орталығында қызметтерді қашықтықтан көрсететін пунктердің саны арттырылады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
«2018 жылы орталықта бейне байланыс арқылы қызметтерді қашықтықтан көрсететін 4 пункт ашылған болатын. Биыл мұндай пунктердің саны арттырылады деп жоспарланып отыр», - делінген жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарламасында.
Бұдан бөлек, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған «CZ Astana» мобильді қосымшасы іске қосылды.Оның көмегімен бос жұмыс орындары туралы ақпаратты, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған пайдалы ақпаратты тауып қана қоймай, өзіңнің қай мамандыққа икемің бар екенін тексеруге болады.
Сонымен қатар,өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Астананың жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу курстарымен 733 адамды қамтыған.
Курстар мобильдік қосымшаларды әзірлеуші, киберқауіпсіздік саласындағы маманы, анимация және видеографика, тігінші, дәнекерлеуші, кран машинисі (краншы), мастер-шаштараз, тігінші, электромонтер, лифтер, бақылаушы-кассир, наубайшы, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі, әкімші, слесарь-сантехник, аспаз, сауда менеджері, маникюр шебері, массажист, кондитер, автоэлектрик, слесарь КИПиА, "Д" санатты жүргізуші, әлсіз ток жүйелерінің шебері, автокөлікті жөндеуші слесарь сияқты мамандықтар бойынша ұйымдастырылды.
Басқарманың мәліметіне қарағанда, биылғы Жастар жылы аясында жастарды жұмысқа орналастыруға жоғары көңіл бөлінеді. Жастар үшін мамандықтар жәрмеңкелері өткізіліп, оларға жастар тәжірибесінен өту жолдамасы, мамандық бойынша нақты бағыт берілетін болады.