«Шаһарларға саяхат» айдарынан Қазақстанның батысында орналасқан еліміздегі ірі қалалар қатарындағы Ақтөбе қаласы жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәліметтер.Ақтөбе қаласының негізі 1869 жылы 28 маусымда қаланған,еліміздің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы болып табылады. Шаһар биіктігі 250-400 метр болатын Орал үстіртінің оңтүстік бөлігіндегі Орал өзенінің сол жақ құйылысы – Електің сол жақ жағалауында орналасқан. Қала солтүстік-батыс жағында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданымен, солтүстік – шығыста Қарғалы ауданымен, шығысында Хромтау ауданымен, оңтүстігінде және оңтүстік – батысында Алға ауданымен шектеседі.
2. Шаһардың өткен тарихынан бір үзік сыр.Қала 1869 жылы негізі қаланған Ақтөбе (Ақ Төбе) бекінісінің орнында пайда болса,бекініс құрылысының алғашқы бас жоспары 1874 жылы әзірленген. 1891 жылы Ақтөбе гарнизон бекінісі Торғай облысының Ақтөбе қаласына айналды. Қаланың дамуына ерекше ықпал еткен ХХ ғасырдың бас кезінде Ақтөбе арқылы Орынбор-Ташкент темір жолы болатын.1932 жылғы 10 наурызда Ақтөбе облыс орталығы болды. 1999 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Актюбинск қаласының атауы Ақтөбе деп өзгертілді.
3. Елдіктің белгісі-еңселі ескерткіштер. Шаһар сәнін келтіріп,айбынын асырып тұрған өткен күнге деген құрметтің белгісіндей ескерткіштер десек,қалада Әбілхайыр ханға,қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға,халқымыздың тарихында ойып тұрып орын алар Әйтеке мен Мөңке биге және 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер қойылған. Сонымен қатар,атақты ақын Нұрпейіс Байғаниннің, Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың,Тахауи Ахтанов және Қуандық Шаңғытбаевтың та ескерткіштері бар.Тағы бір атап өтерлігі,елімізде тек Ақтөбе қаласында тұңғыш рет әдеби кейіпкерлерге арналып,яғни Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы жеті кейіпкердің мүсіндерін қала тұрғындары мақтан етеді.
4. Ақтөбедегі ірі кәсіпорындар. Қалада ферроқорытпа, ауылшаруашылығы машиналарын жасау, рентгенаппаратуралар зауыттары секілді ірі кәсіпорындар бар. Қала ірі индустриалды орталық болып табылады қаланың шығысында кен орындары бар. Қаладағы өндірістің 30 % артығы металлургиялық, 10% – химиялық өндіріс үлесінде. Облыстағы өндірістік саланың негізін тау кен өндірісі, химия өндірісі және қара металлургия алып отыр.
5. Шаһардың көлік әлеуеті.Қаланың көліктік кешеніне автомобиль жолдары, теміржол және әуе жолы кіреді. Қаланың географиялық сипаты ерекше. Қала орналасуы жағынан Еуропа мен Азия арасында, Батыс Қазақстан мен Республиканың басқа да қалалары арасында «қақпа» болып тұр. Қазақстанның орталық, оңтүстік аумағымен шектесуі негізгі көліктік және транзиттік орталықтар ретінде де ерекшеленеді.
6. Қаладағы әлеуметтік нысандар. Қалада 19 мәдениет мекемесі бар, дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін 554 спорттық нысан жұмыс істейді.Бұдан басқа, хоккей модулі, Жекпе-жек сарайы пайдалануға берілген.Қала тұрғындары қазіргі заманғы жабдықтар,халықаралық стандарттарға сәйкестігі мен өзгеше дизайнымен ерекшеленетін «Қобыланды батыр» атындағы 13 мың 500 адам сыятын орталық стадиондарын мақтаныш етеді.Өткен жылы Астананың 20 жылдығы қарсаңында Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы «Денсаулық» саябағында бес жүзден аса дәрігер бір сағатта 4272 адамның артериалды қан қысымын өлшеген болатын.Биылғы жыл басында осы шараның Гиннестің рекордтар кітабына енгені туралы жағымды жаңалық облыс медицинасының тарихына жазылды.
7. Қаланың қазіргі тынысы.Қала аумағына 5ауылдық округ және 22 елді мекен кіреді. Батыс Қазақстанның қалаларының ішінде Ақтөбе тұрғын саны жағынан алдыңғы орында, ал Қазақстан қалалары арасында Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды қалаларынан кейінгі бесінші орында тұр. Соңғы 10 жыл ішінде қаланың тұрғындар саны 57% өскен,бүгінде қала тұрғындарының саны 471 мыңнан асқан.
Мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы .
Иллюстративное фото: sputniknews.kz