Құрметті Qazir оқырмандары, өздеріңізге белгілі мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерімізді орта білім беру ордаларына қабылдау науқаны 1-ші маусымнан басталды. Әрине қыркүйекте басталатын жаңа оқу жылына құжат тапсыру үрдісі жылдағы дәстүр бойынша осы кезеңде жүргізілетіні бәріне мәлім. Сондықтан бұл жаңалық емес. Десе де, биылғы мектепке қабылдау жұмысына енгізілген біршама өзгерістер ата-аналарды қуантары анық. Бұл туралы толығырақ «Қоғамдағы үш анық» айдарында.
1. Баланы бірінші сыныпқа беру тәртібі өзгерді.
Биыл мектеп табалдырығын тарыдай болып аттайтын балғын балаларымыздың жас кедергілеріне байланысты мәселе шешімін тапты.Ол туралы жақында Үкімет қаулысы да шықты. Онда, енді қыркүйек айында жастары толық алтыға толмаған балалар да мектепке қабылданатыны жазылған. Демек, жастары қыркүйек пен желтоқсан аралығында ғана алты жасқа толатын бүлдіршіннің ата-анасы, биыл баласын 1-ші сыныпқа қабылдауға өтініш беруге құқылы. Бұндағы мәселе, бұған дейін көп баланың мектепке өзімен жылдас қатарластарымен қатар қабылдануына тосқауыл болып келген еді. Енді бұл, жаңа өзгеріс көптің көңілінен шығып отыр.
2. Ата-ана мектепті өзі таңдайды
Тағы бір ауыз толтырып айтылар жақсы жаңалық, биылғы оқу жылында ата-ана баласын өздеріне ыңғайлы мектепке бере алатын болады. Ағымдағы жылы, бірінші сыныпқа балаларды қабылдауға қажетті құжаттар тізімінен «мекенжай анықтамасы» алынып тасталып отыр.Осыған сәйкес, егер мектеп басшылығы оқуға қабылдаудан бас тартса, ата-ана "Білім туралы" заңының 6 бабына сәйкес сол өңірдің білім беру басқармасына шағымдануға болатындығын да тиісті ведомство басшылығы хабардар етуде.
3.Мектепке енді барған бала сынақ тапсырмайды
Тағы бір өзгеріс, үстіміздегі жылы жасы жеткен бала мектепке ешқандай сынақ тапсырмай-ақ қабылданатын болады. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балаларға арнап, білім беру ұйымдары оқу жылы басталғанға дейін даярлық курстарын ұйымдастырады. Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айгүл Жұмағұлова журналистерге берген сұхбатында мәлімдегендей, енді бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихандар, тестілеулер, сынақтар, конкурстар болмайды.
Қосымша ақпарат: Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарланып отыр. Мектепалды сыныптарда 169 250 бала қазақ тілінде, 57 720 бала орыс тілінде, 6 497-і басқа тілде оқып жатыр екен. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 150 785 бала білім алып жүргендігі мәлім. Олардың 88 174-і қазақ тілінде, 61 502 бала орыс тілінде, 1109-ы өзге тілде. Бірақ бұл жерде, құжаттар 30 тамызға дейін қабылданатындықтан, нақты оқушы саны қыркүйек айында жарияланатын болады.
4. Мектеп бағдарламасына жаңа жоба енгізілді
Еліміз бойынша 11 орта білім беру ошағында оқушыларға саптық және ату дайындықтарынан бөлек қоян-қолтық ұрыс, жекпе-жек сынды әскери жаттығуларын үйренетін пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. Ол үшін мектептерде арнайы үйірмелер жұмыс істейтін болады. Ол бойынша негізгі сабақтар аяқталған соң жасөспірімдер ерікті түрде әскери үйірмелерге қатыса алады. Мұндай тактикалық жаттығу 5 жыл бойы оқытылатындығы айтылды. Осы бойынша 7-ші сыныптан 11-ші сынып аралығында оқытылатын жаңа жоба бойынша оқу-жатттығудан өткен бала, мектеп бітірген соң әскери бағыттағы мамандыққа оқуға түсе алады деп болжанып отыр. Өйткені, бұл оқушылар сынақ кезінде басқаларға қарағанда әскери дайындықтары жоғары болатыны белгілі. Оған қоса, тиісінше он бірінші сыныпты аяқтағаннан кейін кадеттер аттестатпен бірге «әскери дайындықтан өтті» деген арнайы куәліктерге де ие болу мүмкіндігі туралы ұсыныс та,қазіргі кезде қарастырылып жатыр.
Бұндай жаңа бастамалар, арине Елбасының Халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысында қолға алынуда. Басты мақсат-Қазақстандағы білім беру жүйесін күтілген стандарттарға жеткізу.
Салтанат Сәдібекқызы.