Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында ерте заман тарихынан сыр шертетін, Қарағанды облысының аумағында орналасқан Бегазы археологиялық кешені жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
Беғазы мәдениетіне жататын тарихи жәдігерлер ерте заманнан, дәлірек айтқанда, қола дәуірден жеткен мұралар болып табылады. «Беғазы» деген атау сол жердегі Беғазы тауына, Беғазы өзеніне байланысты қойылған. Дәндібай да жер атауы. Осы екі атау біріктіріліп, сол жердегі археологиялық кешенді «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп атайды. Ерте дәуірдегі Қазақстанның тарихынан сыр қозғайтын «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» Қарағанды облысындағы аудан орталығы Ақтоғай кентінен 40 шақырымдай жерде. Бұл тарихи мекенді зерттеп, оның ежелгі тарихымыз үшін маңызын айқындаған ғалым – әйгілі академик оқымысты, тарихшы, этнограф Әлкей Хаканұлы Марғұлан. Академик Марғұлан бастаған арнаулы археологиялық топ Беғазы-Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеді. Осы зерттеулер негізінде Қазақстан тарихы үшін ғана емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қорытындылар жасалды. Беғазы кешені қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі тайпа көсемдері мен дін басылардың бейіттері бар 6 қоршаулы обалардан тұрады. Қоныстан табылған заттар айғақтағандай, бұл обалар біздің заманымыздан бұрынғы ӀХ-VӀӀӀ ғасырларға, яғни қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын мәдениетті сипаттайды. Барлық қазылған құрылыстары бірі-біріне ұқсас. Көлемдері әр түрлі. Екі жағы үлкен қақпақ тастармен көмкерілген. Бейіттер кезінде тоналғандықтан, жерлеу дәстүрін анықтау мүмкін емес. Қабірлер бірнеше бөлікке бөлінген. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшелігі – ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, соның негізінде оған ұқсамайтын жаңа мәдениет түрлері қалыптасқан. Атап айтқанда, билігі, діни сенімі, саяси әкімшілік орталығы, өндірісі мен өндіргіш күштері дамыған, алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құру деңгейіне көтерілген тайпалардың болғандығы анықталды. Беғазы-Дәндібай мәдениетін қалыптастырған бұл тайпалар, ғалымдардың айтуынша, шығысында Абыралы, Шыңғыс тауларына, батысында Ұлытауға дейінгі аралықты мекендеген. Беғазы-Дәндібай мәдениеті ғылымда Беғазы кешені, Беғазы қорымы, Дәндібай, Бұғылы ӀӀ-ӀӀӀ, Саңғыру I, III, Қойшоқы сынды бірқатар археологиялық орындар деректері мен жәдігерліктерін қамтиды. Бұл біздің ерте заман тарихымыздың бір тарауы болып саналады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.