Дүйсенбілік «Елорданың дидары» айдарында «Бастау» домбырашылар дуэтінен алған сұхбатымызға назар салыңыздар. Топтың құрылу мақсаты, Голливудқа сапарлары, сахналық киімдері турасында сыр шертпек.
Темірлан Олжабай және Ернат Наурыз – елордалық өнерпаздар, Израильде өткен «World of Music» Халықаралық байқауының гран-при иегерлері, Латвияда ұйымдастырылған «Восходящие звезды» байқауында «Ең үздік аспаптық топ» аталымының жүлдегерлері.
Екі мықтыны біріктірген «Бастау» тобы қалай құрылды?
Топтың құрылу тарихы Димаш Құдайбергенмен байланысты. «I am singer» жобасының жетінші кезеңінде «Дайдидау» әнін сүйемелдеген болатынбыз. Ал 2016 жылы Димаштың «Бастау» атты жеке концертінде біздің топтың тұсауы кесілді.
Мақсаттарың қандай?
Домбыраны әлемдік аспап ретінде скрипканың деңгейіне дейін жеткізу.
Репертуарларыңда қанша композиция бар?
Біздің үлкен сахнадағы өнеріміз «Бастау» күйінен басталады, Қасым Аманжоловқа жазған «Арнау» күйі, жастардың арасында жиі орындайтын «City life», «Өмір үй», «Еуразия» сияқты шығармаларымыз бар. Репертуардың ерекшелігі десек болады, орындайтын күйлер өзіміздің авторлық туындыларымыз.
Шетелдік байқауларға қалай шақырту алдыңдар?
Ең алғашқы, Рига қаласында өткен өнер бәйгесіне шақырту алдық. Ұйымдастырушылар біздің видеоларды көріп байқауға шақырған болатын. Содан біз бас жүлдені жеңіп алғаннан кейін, Иерусалим қаласындағы байқауға жолдама берілді. Ал Израильдегі жеңісіміз Голливудқа жол салды.
Голливудқа сапарларың қандай болмақ?
Қазір дайындық үстіндеміз. 7 шілде күні мұхит асып жолға шығамыз. Бұл сапар өнеріміздегі бір биік белес болайын деп тұр. Голливудтың өзінде болады. Әрбір әртіске бір минут қана беріледі, ағ ғана уақыттың ішінде өз өнеріңді ортаға салу керексің, өйткені олар бірден не «ия», не «жоқ» деп келесі айналымға өткен-өтпегеніңді айтады.
Имиджге аса мән бересіңдер. «Бастауға» ғана тән сахна стилі қалай әзірленеді?
Көбіне Астаналық және алматылық дизайнерлердің жұмысы. Сонымен қатар ағылшындық дизайнерге де тапсырыспен киім тіктірткен едік.
Алматыны өнердің қаласы, астананы іскерліктің қаласы дейді. Ал сендер елордалық өнерпаз ретінде бұл пікірге қалай қарайсыңдар?
Келісеміз. Бірақ жастардың қаласы болғандықтан, Астанаға бәрі жараса беретін сияқты. Бизнес жағынан болсын, өнер жағынан қарасақ та, көптеген мүмкіндіктер осы қалада ғой. Астанамен бірге артқа емес, алға қарауды үйренесің, сондықтан да жүрегімізге жақын қала. Шетелдің қай жерінде жүрсек те сағынып жүреміз.
Өнерде және өмірде кімді үлгі тұтасыңдар?
Мейрамбек Беспаев, Асылбек Еңсепов ағаларымызды деп айтсақ болады. Өнер жолы оңай емес. Осы тұлғалар сияқты жұлдыз ауруымен ауырмай, адамдықты алға ұстауға ниеттіміз.
Біздің Qazir оқырмандарына қандай сәлем жолдайсыңдар?
Сіздерге айтар алғысымыз шексіз! Мақсаттарыңыз биік болсын. Талмай, шаршамай тек алға ұмытылыңыздар. Сүйікті қаламыздың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Темірлан Олжабай – 1996 жылы Павлодар қаласында дүниеге келді. 5 жасынан бастап домбыраның құлағында ойнап, қалалық музыка мектебінде білім алған. Қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенті.
Ернат Наурыз – 1995 жылы Жезқазған қаласында өмірге келген. 6 жасынан домбырада ойнайды. Мектептік музыкалық білімін Қазақ ұлттық өнер университетінде шыңдауда. 4 курс студенті.
Сұхбаттасқан Мақпал Аманбай