Әр дүйсенбі сайын тұрақты дайындалатын айдарымызда бұған дейін Айша бибі кесенесі жайлы материалды жариялаған болатынбыз.
Киелі Тараз жеріндегі Айша бибі кесенесінен 20 қадам жерде орналасқан Бабаджа Хатун туралы «Көне дүние күмбірі» айдарынан толығырақ таныса аласыздар.
Бабаджа Хатун кесенесінің (Х-ХІ ғғ.) тұрғызылуы туралы аңыз Айша бибі кесенесінің салынуы туралы аңызбен тікелей байланысты. Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң, жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.
Аталған аңыздың түрлі нұсқалары бар. Кең таралған аңызға сәйкес, Айша бибі XI ғасырдың танымал ғалымы, ақын Хәкім Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған. Ол өмірден озғаннан кейін Айша Айқожы шейхтің тәрбиесінде болды. Бірде Тараз әміршісі Қарахан Мұхаммед қызға үйленгісі келді, алайда Айшаның тәрбиешісі бұған келісім берген жоқ. Содан кейін қыз алдап-арбаумен Тараз қаласына қоныс аудартылды. Өкінішке орай, әмірші онымен жүздесу мүмкіндігінен мәңгі айырылды, өйткені қыз бас киімде жасырынған жыланның шағуынан Аса өзенінің жағалауында қаза тапты.
Қыздың өмірден озуына байланысты қайғыға салынған Қарахан дәл сол жерде ерекше сәулетті кесене тұрғызды. Айша бибінің күтушісі кесененің сақтаушысы болды және қайтыс болғаннан кейін Айша бибіден 20 қадам жерде Бабаджа Хатун кесенесінде жерленді. Бұл екі кесене сәулет ескерткіші ретінде және қажылық дәстүрін өткізетін мұсылманның қасиетті жерлері болып есептеледі.
«Сырлы тамдар» ертеде тек әйелдерге арнап салынған. «Жұмақ – аналардың аяғының астында», «Анаңды құрметте, сыйла, әуелі жақсылықты тек анаңа жаса» деген өсиетті үш қайталайтын мұсылмандық дүниетанымына сәйкес, Мұхамед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадис ілімінің негізіне сүйеніп, текті һәм адал әйелдің мәртебесі ер адамнан кем қаралмаған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.