«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін Ақмола облысына қарасты көпшілікке ерте кезде өткізген дәстүрлі жазғы жәрмеңкесі арқылы таныс Атбасар қаласына қатысты деректерді ұсынамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәліметтер. Шаһар елордасы Астана қаласынан 232 шақырым қашықтықта Жабай өзенінің оң жағалауында орналасқан. Атбасардың іргетасы 1845 жылы қаланыпты. 19 ғасырдың 40-50 жылдары ол Атбасар округының,1869 жылдан Ақмола облысы Сарысу уезінің орталығы болған.1928 жылдан бері Атбасар ауданының орталығы.
2. Жәрмеңкесімен танымал шаһар. Тарихтан белгілі қазан төңкерісіне дейін қалада жыл сайын Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Атбасар жәрмеңкесі – 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Атбасар қаласының маңында жыл сайын өткізілген дәстүрлі жазғы жәрмеңке. Ежелгі керуен жолында орналасқан, қазақтар мен Ташкент, Бұқара көпестерінің сауда орталығына айналған бұл жәрмеңкеде фабрика-зауыт өнімдері мал шаруашылығы өнімдеріне айырбасталған.
3. Қала дамуына әсер еткен факторлар. 1940 жылы Ақмола – Қарталы темір жолының салынуы қаланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сырттан көптеген тұрғындар мен бірнеше кәсіпорын көшіріп әкелінсе,тың жерлердің игерілуі қаланы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін ірі кәсіпорын орталығына айналдырғаны мәлім.
4. Атбасардағы әлеуметтік нысандар. Деректерге сүйенсек, бүгінде шаһарда 8 мектеп, 5 балабақша, 7 шағын орталық (оның iшiнде 1 жеке меншiк), 3 мектептен тыс мекеме, 2 кешкi мектеп жұмыс iстейдi.Мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен 1 154 бала қамтылып,қаладағы 8 мектепте 4 395 оқушы бiлiм алуда. Сонымен қатар, 58 спорт ғимараты, 3000 орындық трибунасы бар стадион, жабық хоккей корты, жүзу бассейнi, 14 спорт залы жұмыс істейді.
5. Шаһардың бизнес әлеуеті. Шағын және орта бизнес дамуда. Қала аумағында, жұмыс iстеп тұрған шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi 2011 , оның iшiнде 519 шағын кәсiпорын, 7-орта,1618- жеке кәсiпорын бар. 2017 жылы шағын және орта бизнесте 384 жұмыс орындары ашылған.
6. Атбасардағы Ілияс Есенберлин әдеби музейі. Атбасар жері, бүкіл әлемге есімдері танымал болған азаматтарды қанаттандырды.Қала тұрғындары Ілияс Есенберлинді мақтан тұтады.1999 жылы 24 желтоқсанда қаланың әкімшілігінің қолдауымен «Көшпенділер», «Алтын Орда» тарихи романдарының авторы, Абай атындағы Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты І.Есенберлиннің әдеби музейі ашылды.Музей жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған төрт залдан тұрады.
7. Қаланың қазіргі даму бағыты. Қала әкімінің есебінде көрсетілгендей, 2019 жылы шаһардағы халық саны 28735 адам.Өткен жылы халықтың табиғи өсімі 118 адам болды.Былтыр өндірістік өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд.316,4 млн. теңгеге жеткен. 2019 жылға сомасы 555 млн.теңгеге алты инвестициялық жобаны iске асыру аясында қосымша 58 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Ашық ақпарат көздеріндегі деректерді топтастырған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.