Астанада 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында «Атау» деген атпен қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті. Астаналықтар 4 күн бойы студент жастар түсірген фильмдерді тамашалады.
Фестивальдің сәтті өтуіне елордадағы «Москва» бизнес орталығындағы «PlatformA» көрме орталығы жәрдем еткен. Іс-шарада жалпы 23 картина көрсетілді. Оның ішінде деректі және анимациялық фильмдер де болды. Өнер байқауында қатысушыларды Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі Александра Поршиева, суретші, өнертанушы Айгерім Мәжитхан және өнертанушы, байқау кураторы Ольга Скальчук (Ресей) бағалады. Көрермен әр фильмнен кейін кинокартинаны жасаған шығармашылық топпен кездесіп, алған әсері, түсірілім барысына қатысты көкейдегі сұрақтарын қойды.
Жастар өз жұмыстарына негізінен қоғамды алаңдататын мәселелерді арқау еткен. Олардың ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық, жалғыздық, адамның өзіндік «Менін» таба алмауы, жастар арасындағы қылмыс, тұрмыстық кикілжіңдер бар. Махаббат, ғашықтық жолдағы күрес, шығармашылық адамдарының жан дүниесі тақырыптары да камерадан тыс қалмаған.
Солардың біріне арнайы тоқтала кетсек. «Қасапшының бір күні» (режиссері – Нұрсұлтан Нұсқабеков). Мұнда қоғамымыздағы тастанды бала, баласы қарайламай кеткен ата-ана тағдыры суреттелген. Көпшілігіміз «Тағдыр ғой, жазмыш солай болған шығар» деп өте шығатын тақырыпқа жас режиссер Н.Нұсқабеков бейжай қарай алмапты. Әдетте «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген өмір қағидасы болушы еді. Бұл деректі фильмде бәрі керісінше. Фильм кейіпкерінің (Ол кісі өмірде бар, Астанадан 25 шақырым қашықта орналасқан ауылдардың біріндегі шаруа қожалығында қасапшы болып жұмыс істейді) бала күнінде әкесі анасын 6 баламен тастап кетеді. Өзге әйел үшін. Үйсіз-күйсіз қалған балалар тырмысып жүріп өседі. Кейін кейіпкер де ат жалын тартып мінген шағында отбасын құрады. Түрлі жағдайлармен баласымен араздасып қалып, ұлымен қарым-қатынасы үзіледі. Арада 20 жылдай уақыт өтсе де, ұл әкеге қайрылмаған. Кейіпкердің мынадай сөзі бар: «Мен есейген шағымда әкемді іздеп таптым, оны үйіме әкеліп бақтым, менің ұлым да түбі оралады. Ол күндердің күнінде бәрібір туған әкесін іздейді, қаны тартып тұрады». Фильм әр көрерменнің жүрегінен осындай өмір шындығымен ойып тұрып орын алды.
Фестивальге жастар үлкен дайындықпен келгенін аңғару қиын емес. Дәлел – көрсетілген кинолар. Тақырыпты ары қарай қаузаса, үлкен дүниелер жасауға әбден болады. Аяқ алыстарының өзі көрермен мен киносыншыларды тәнті етті. Фестиваль қорытындысы бойынша, «За чувственность и визуальный ряд» сыйлығы «Пуговицы» фильмі үшін режиссер Елизавета Новиковаға, «За оригинальность воплощения» сыйлығы Бауыржан Дәрменовке («Одиночество. Безлюдные места»), «За воплощение на экране достоверного портрета молодежи» сыйлығы Амир Аменовке («Жаздың салқын түні»), «Ата-текті іздеу» сыйлығы Нұрсұлтан Нұсқабековке («День мясника») және «За смелое выражение актуальной темы» сыйлығы Шұғыла Сержанға («Самал») бұйырды. Ал «Көрермен көзайымы»сыйлығы сауалнама нәтижесі бойынша жас режиссер Аян Найзабековке («Толғау») табыс етілді. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Алайда басты сыйлық бұл емес екен. Алты жеңімпаз кинокартина «Арткино» атты Бүкілресейлік қысқаметражды авторлық кинолар фестивалінде байқаудан тыс көрсетіледі.
Жанболат Шәкім,
Көрермен, журналист
Фото: vosmerka.kz