Елбасымыз «Туған жер» бағдарламасында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген ұлағаты сөздері осы оқиғаларды еске алып, жастар біле жүрсін деп баяндауыма әсер етті,- дейді өлкетанушы, журналист Тоғанбай қажы Құлманұлы
Күн шілде айы болған соң, машина іші де қапырық, ыстық мазаны қашырып келеді. Жол басшымыз Жәркен агроном ақкөңіл жігіт. Сөзге де ұста. Елдің-жердің тарихынан сөз қозғап, көңілімізді көтеріп қояды. «Терісаққан» кеңшардың егінді алқаптарын аралап, енді жеке шаруашылық ашып, жүгеріден бітік өнім алатын еңбек озатымен таныспақ ниеттеміз.
– Ағалар, бәріңде кітап жастанып өскен жансыздар ғой. Мынау кімнің сөзі: «Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар».
– Е, сол да сөз болып па? Әрине, Ӏлияс Есенберлиннің «Қаһары».
– Енді бір сөз «Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер».
– Күнімжан ханымның сөзі.
– Солардың алғаш табысуына себепкер болған қарасуды көргілеріңіз келе ме?
– Оу, айналайын не деп кеттің? Өзіміз шөл қысып, судан қаталап келе жатқанда...
– Аға ренжімеңіз. Қазір мына белден асқан соң, алдымыздан «Күнімжан шомылған қарасу» кезігеді.
– Сен шын айтып тұрмысың?
– Ия, аға.
Өзен жағасына келгенде, еріксіз ойға шомып, өткенге көз жүгірттік. Ӏлияс аға да кітап жазарында нақ осылай толқыған болар.
«Кенесарының батыр атанып, атағы Сарыарқаға жаңа жайыла бастаған кезі еді. Ұлытауды жайлаған Жырық руының байы Сандыбайдың Ердені осы өңірге правитель болып тағайындалып, ат шаптырылып, балуан белдескен үлкен той болған. Осы тойға бір топ жігітпен Кенесары да келген. ...осы тойдан қайтып келе жатып, Арғынның Алтай, Төртуыл рулары жайлап отырған Терісаққан өзеніне келіп, азырақ ат шалдыруға аттарынан түсе-түсе қалған».
Біз нақ Кенесарының табаны тиген сол өзеннің жағасында тұрмыз. Сол сәтті Ӏлияс ағадан асырып суреттей алмаспыз.
«Кенесары пысынап кетіп, азырақ салқындап алайын деп сылдырап жатқан суға таяғанында шағын келген Терісаққанның бергі ағымында көк толқынмен ойнап жүзіп жүрген екі қызды көрді. Ауыл көшіп жатқан кез, сірә, көш жөнекей шомылып алғысы келген тәрізді, киімдері мен шідерлеп қаңтарып қойған аттары арғы бетте. Кенесары алғашқыда айдалада пайда болған бұлар перінің қыздары шығар деп ойлап қалған. Әсіресе алдыңғы қыз бір адамның аузының суы құрығандай сұлу көрінген. Қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк толқынмен ойнап жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып, еріксіз көзін тартып әкеткен. Тек арғы беттегі аттары мен үюлі тұрған киімдерін көргенде ғана Кенесары есін жинай бастаған.
– Арсыңдар ма, арулар? – деген ол қыздардың арғы жағаға қарай бұрылғанын көріп, кетіп қалады екен деп қорқып.
Алдыңғы тана көз жапалақ сары қыз «Ойбай, көтек!» – деп дауыстап жіберіп, суды екі аяғымен сабалай арғы бетке қарай жүзе жөнелді де, соңғы қара торысы мойнын бұрып кейін қарап, жағада тұрған Кенесарыны көріп тоқтап қалған. Түрегеліп жүзіп, тек судан басын шығарып:
– Бар боларсыз, мырза, – деп сәлем берген.
Сөйткенше жағаға Кенесарының жолдастары да келген. Әдеттегі
қалжың-әзіл басталған. Аш денесін жігіттерге көрсетіп судан шығуға ұялып тұрған қыздар, жағадағы Кенесары екенін естіп, не қыларын білмей сасқан. Кенесары тобы әзіл-қалжыңы аралас, егер тілегімізді орындамасаңдар, қазір арғы бетке өтіп, киім-кешектеріңді алып кетеміз деп қорқытқан.
Қыздар «ағатайлап» кетулерін сұрап жалынған. Қалжың құмар желөкпе жігіттер өздерінің тілегін орындамай кетпейтіндерін айтып тұрып алған. Су сорып әбден жаураған қыздар, бұлардың кетпейтініне әбден көздері жеткен соң, жігіттердің не тілейтіндерін білгісі келген. Қара торы сұлуы Кенесарыға
қарап:
– Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз? – деген.
– Қалағаным қиын болса да сөзіңде тұрасың ба, қарындас?
– Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер.
Қыз аузынан шыққан «қатын емеспін» деген сөзді Кенесары өз мағынасында түсінді. Кенет жүрегі алып-ұшып, қолға түскен торғайдай тыпырши жөнелді..
– Қатын болмасаң…Жарайды, біз кетейік. Тек соңымыздан қуып жетіңдер. Қалауымды сосын айтайын. Уәде ме?
– Уәде!
Кенесары тобы өзен жағалай кете барған. Аздан кейін қыздар бұларды қуып жеткен. Он алты-он жеті жасар уыздай екі жас қыздың суық жүрісті бейтаныс топ жігіттің қастарына қорықпай келгендеріне Кенесары таң қалған».
Кенесары хан Күнімжанның қолын сұратқанда Байболат ақсақал:
– Үш жүзге хан болған Абылай атасына Арғынның, Қарауыл, Атығай рулары алты қызын бергенде, сол Абылайдың батыр немересіне біздің жалғыз қызды қимағанымыз болмас, алсын – деп, бір аптадан соң, үш бозды көсем жеккен күмістеген қара пәуескемен, жасау артқан тоғыз нарды бір көш етіп Күнімжанды Көкшетаудағы Қасым төренің ауылына ұзатқан деседі..
Тарихи деректер бойынша, Орскіде генерал-губернатордың өз атынан тұтқындағы Күнімжанға кәмшат ішік тіктірген екен. Жалпы, Күнімжанның дүние-мүлікке қызықпайтын аса ақылды әйел екендігін Герн сапары барысы жайлы рапортында айрықша атап көрсетіпті. «Күнімжан ханым 1845 жылдың мамырында ғана тұтқыннан босатылыпты. Сонымен, ақылды да әрі ел арасында сүйкімді істерімен аңызға айналған Күнімжан ханым қазақтың дара қыздарының бірі ретінде тарихта өз ізін қалдырған екен»
Фото: Massaget.kz.
Тоғанбай қажы Құлманұлы