Әр дүйсенбі сайын «Көне дүние күмбірі» айдарында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми -зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда еліміздің жалпыұлттық және өңірлік нысандарының тізіміне енген қасиетті саналған жерлер мен орындар жайлы тарихи-танымдық материалдарды ұсынамыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елін сүйетін,туған жер тарихы қызықтыратын оқырмандарымыз толық мәліметтерді орталық шығарған қос жинақтан таба алады.Біз бүгін «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабынан Астанадағы киелі орындармен таныстырамыз.
Күйгенжар мекені – Әз Тәуке ханның ордасы
Есіл өзенінің оң жақ байырғы жағасында, аты жоқ салаларының қырқасында, Күйгенжар ауылынан шығысқа қарай «патшалық» қорым орналасқан. Ол бес ірі қорымнан тұрады. Жерлеу камерасының құрылысына қарап, қорғанды жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың соңғы ғасырларына, хундардың Қазақ стан территориясына дендеп енген кезеңіне жатқызуға болады. Әз Тәуке ханның ордасы Күйгенжар маңында орналасқан деген болжам бар. Көне деректерге қарағанда, Әз Тәуке хан 1680-1715 жылдар аралығында билік құрған. Еуразиядағы көшпелі халық билеушілерінің қыс та – оңтүстікте, қалалық өңірде қыстап, жазғы жайлауды елмен бірге Арқада өткізетіні ертеден белгілі салт. Бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары қарауыл мұнара сияқты жасалған. Бекініс-қорғанның ішіне де, сыртынан да терең ор қазылған және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен. Жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Күйгенжардың өткелі деп атайды. Есілдің орта сағасында шоғырланған «патша» қорғандары бұл территорияның Сарыарқадағы көшпелілердің киелі орталығы болғанын есептеуге әбден негіз бар.
Бұрынғы мұсылман мектебі
Астана қаласындағы Отырар көшесінде орналасқан бұрынғы мұсылман мектебінің ғимараты ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы ағаш өнері құрылысының ерекше үлгісі болып саналады. Бұл үйде қазақ халқының дарынды ақыны, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері С. Сейфуллин (1912 жылы) дәріс берген. Үйді ақмолалық көпес С. Белов салдыртқан. Ол үйді кейіннен татар-мұсылман қауымдастығына сатады. Ескерткіштің бұдан кейінгі тарихы білім беру саласымен байланысты. ХХ ғасырдың басында мұнда қыздарға арналған Ақмола қаласындағы бірінші мұсылман мектебі орналасты. 1907 жылдан бастап бұл үйде 27 оқушы дәріс алған қырғыз-татар мектебі жұмыс істей бастады, ал кеңестік кезеңде мектеп жетіжылдық №4 қазақ мектебі болып қайта құрылды. Мұнда қыз балалар білім алса, кейіннен ер балалар да оқыды. 1960 жылдардың басында ғимарат балалар бақшасына беріліп, 90-жылдардың ортасына дейін пайдаланылған. 1996 жылдан бастап ғимарат Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының реквизиттер даярлайтын көркем-қойылымдық шеберханасы ретінде пайдаланылып келеді.
Мұсылман жастарына арналған Баймұхамбет Қосшығұловтың мектебі
Ескерткіш Астананың ескі орталығында, Абай мен Бөкейхан көшелерінің қиылысында орналасқан. Ескерткіштің пайда болуы Ақмола қаласындағы кондитерлік фабрика қожайыны, бірінші гильдиялық көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың атымен байланысты. Б. Қосшығұлов жеке өз қаржысына мешіт және мұсылман жастарына арнап мектеп салдырған. 1986 жылы ғимараттың тарихи-мәдени құндылығына қарамастан, оған жөндеу жүргізілді. Осылайша үстіне екінші қабат тұрғызылып, ғимараттың көрінісі сәл өзгертілді. Бұл әулеттің негізін салған Қосшығұлов Баймұхамбет Қараөткелдің кедей-жатақтарының арасынан шыққан жетім жігіт болған деседі. Қараөткелдің қазағы да, орысы да қайырымдылығына, қарапайымдылығына қарай Баймұхамбет демей, «Байкөп» атандырған. Өлкетанушылар мен тарихшылар Қосшығұловтар әулетінің ұлты татар деп жазады. Татарлардың, әсіресе Сібір татарларының Есіл өңіріне ертеден келе бастағаны анық дерек. Өзге татарларға қарағанда Сібір татарларының қазаққа бір атасы жақын екені де белгілі, бірақ Қосшығұловтың Сібір татары емес екені анық. Қазіргі кезде бұл жерде «Казком» банкі орналасқан.
«Жасыл мешіт» қоршауы
Астана қаласының Республика мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан. Бүгінде «жасыл мешіт» қоршауының фрагменті ғана, кірпіш бағаналар және металдан соғылған өрнекті тор қоршау сақталып қалған, жалпы ұзындығы – 71,5 м. Халықтың арасында «татар мешіті» немесе «жасыл мешіт» деп аталған. «Татар мешіті» деп аталуының себебі, ол қажы Мүрсәлім Миркамаловтың, болыс Жәнібек Байбековтің (С. Сейфуллин бабасы) бастамасымен 1895 жылы ақмолалық бай татар көпес Н. Зәбировтың қаражатына салынған. Мешіттің «жасыл» аталуының себебі көпес Зәбировтың әдеті сол, қандай құрылыс тұрғызса да, жасыл бояумен сырлайтын болған екен. Сол себептен көпшілік «Жасыл мешіт» атап кеткен. ХХ ғасырдың 50-жылдары орнына үш қабатты тұрғын үй салынды. «Жасыл мешіттің» қоршауы орнында сақталып қалды және осы тұрғын үйдің ауласының шекарасына айналды. Сақталып қалған «жасыл мешіт» қоршауына ішіндегі қабырғаға сүйеніп, сиынып тұратын адамдарды жиі байқауға болады. Діни сенімдегі мұсылмандар қоршауды және ішіндегі көне қабырғаны қасиетті орынға балайды, тәу етеді.
Қалалық басқарма ғимараты (М. Горький атындағы орыс драма театрының әкімшілік ғимараты)
Астанадағы Желтоқсан көшесінде орналасқан, 1880 жылы қалалық басқармаға арнап салынған бір қабатты үй сәулеті ХІХ ғ. соңына тән эклектикалық стильге жатады. Үйдің беткі жұқа қабаты қызыл кірпішпен өрнектеліп қапталған. Бастапқы келбеті сақталған ғимарат – тарихи және архитектуралық құндылығы бар, қаланың тарихи бөлігінде орналасқан ескерткіш. Бір қабатты ғимарат қаланың бірінші әкімшілік үйі болды. Басқарма қаланың өмірінде маңызды саяси, қоғамдық және шаруашылық рөл атқарды. ХХ ғ. басында қалалық басқарманың белсенділігінің арқасында Ақмолада қалалық аурухана, үш ерлер және екі әйелдер училищесі, Мария атындағы әйелдер училищесі, жоғары бастауыш ерлер училищесі жұмыс істеді. Соңғы қала басшысы лауазымын көпес Степан Андрианович Кубрин атқарған. 1919 жылы ғимаратта 59-атқыштар дивизиясының штабы орналасты. Кейін әр жылдары осында қалалық және облыстық кітапханалар орналасты. 70-жылдардан бері ғимарат А.М. Горький атындағы орыс драма театрына тиесілі.
Көпес Матвей Кубриннің үйі
Кубриндер әулетінің негізін салушы Константин сырттан келген адам емес, Қараөткелдің орыс-казактарынан болатын. Оның ұлдары Андриан мен Матвей орыс-казактың жауынгерлік тәрбиесінен, әскери қызметтен гөрі саудаға бейім болып өсті. Олар Ақмолада «Андриан Кубрин және оның ұлдары», «Матвей Кубрин және оның ұлдары» дейтін екі компанияның негізін салды. Бүгінде Астанадағы Кенесары көшесі бойында орналасқан ғимарат (сауда үйі) – М. Кубриннің бір кездегі дүкені, бір қабатты еңселі үй (1905-1907) модерн стиліне жатады. Өз стиліне сай әр түрлі сәулеттік элементтермен безендірілген ғимарат өзіндік ерекше келбетке ие. Революциядан кейін әр жылдары орталық қалалық кітапхана, орталық баспа үйі, уездік экономикалық бөлім орналасты. Ел арасында саяси қуғын-сүргін жылдары үй астындағы жертөледе үштіктің әділетсіз қатал үкімін күткендер үшін түрме камералары болған деген әңгімелер сақталған. 1950 жылы дүкенді қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданып, нәтижесінде сәулет стилі сақталған қосымша бөлігі салынды. Қазіргі таңда әмбебап дүкен орналасқан.
Константин-Елена шіркеуі
Астана қаласы, Республика даңғылында орналасқан Константин-Елена шіркеуі – қаланың тарихи және мәдени ескерткіштерінің бірі. Алғашқыда бұл шіркеу қазіргі орталық стадион орналасқан жердегі қамал ішіне салынып, қазіргі орны – бұрынғы станица алаңына (Республика даңғылының маңайы) 1900 жылы көшірілген. Шіркеудің тарихы 1849 жылы Ақмола священнигі Михаилдың Сібір шекара басшыларына шіркеу салу туралы өтінішінен басталады. Бір қабатты, крест тәрізді іргетасқа салынған құрылысқа Ақмола бекінісінің гарнизонның инженері инженер-поручик Г.А. Воротников жетекшілік жасады деген мәлімет бар. Енді бір деректерде Константин- Елена шіркеуінің құрылысын татар азаматы А. Абдулманов өзінің бір жолдасымен бірге жүргізді делінеді. Шіркеу тұтастай ағаштан тұрғызылып, құрылысы1858 жылға дейін жүргізілді. 1876 жылы Ақмоладағы қамал-бекіністің ресми жабылуына байланысты Ақмола казак-орыстары шіркеуді өздеріне қайтаруды талап етті. Тек 1893 жылы Тобыл рухани консисториясы шіркеуді «Казачья станицаға» көшіруге рұқсат береді. Осыған байланысты ол бұзылып, 1900 жылы 14 мамырдан бастап қазіргі тұрған орнына көшіріле бастады. 1902 жылы шіркеудің бөренелері түгел алынып, толық көшіріліп бітті. Бүгінгі күні Константин-Елена шіркеуіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Тарихи құнды ескерткіш – XIX ғасырдан сақталып қалған жалғыз ғибадат ету орны.
«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабынан
Иллюстративное фото - astana.gov.kz