30 қараша және 1 желтоқсан күндері «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында парсы билерінің нақышымен махаббат жайлы «Шехеразада» ертегісі мен еліткен, елжіреткен вальстері мен мазуркалары бар романтикалық «Шопениана» тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылады.
Бір бөлімді балеттердің премьерасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Классикалық мектеп дәстүрлеріне негізделген мол тәжірибеге ие М.Фокин түрлі стильде балетті дамытты. «Шопениана» мен «Шехеразада» – осының керемет айғағы, стильдік тұрғыдан екеуі мүлдем бөлек, өзгеше. «Шопениана» – өткен ғасырдың ерекшеліктерін ескере қойылған балет. «Шехеразада» – шығыс тақырыбы бар ғаламат музыкадағы неоклассика. Осынау спектакльді қайта жаңғырту үшін Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаны шақырдым, онымен бұрыннан таныспын, бір кездері бірге жұмыс жасағанбыз. Дәл оның бастамасымен М.Фокиннің аты аңызға айналған балеттері қалпына келтіріле бастады, ол осынау істі алғашқылардың бірі болып қолға алғандардың қатарында еді, - дейді Алтынай Асылмұратова.
Қойылым тобы костюмдер, декорациялар мен өзге де көптеген бөлшектерді көркемдеп бейнелеу арқылы М.Фокиннің идеясын жүзеге асыруы тиіс. А.Асылмұратованың жетекшілігімен бірге спектакль жұмысына қоюшы дирижер Арман Оразғалиев еңбек етуде. Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің Халық әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстнева. Декорациялар Александр Бенуа, Орест Аллегри эскиздері негізінде жасалуда. Сценографиясын жасаушы – Виктор Караре, костюмдер бойынша суретші – Арасель Досмұратова, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони.
Қоюшы сценографтар балеттің классикалық нұсқасын ұстанды, дегенмен өзіндік нақыш та қоса білді. Көркемдік-өндірістік кешеннің жетекшісі Виктор Караренің сөзінше, эскиздер бойынша ауқымды да тыңғылықты жұмыс жасалған.
Фото: пресс-служба Государственного театра оперы и балета "Астана Опера".