«Астана Опера» музыкалық кемеңгер Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірленуде. «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінің әлемдік премьерасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен танымал неміс хореографы Раймондо Ребектің қойылымында ақпанның 14-15 күндері болмақ,- деп хабарлайды Qazir. kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, бас хормейстер – Ержан Дәуітов.
Қоюшы хореограф Раймондо Ребектің айтуынша, Бетховен оны бала күнінде өнердің керемет шексіз әлеміне жетелеген алғашқы классикалық музыкант болған. Бетховеннің өмірі қиын да күрделі әрі сол мезетте ауқымды : ол 600-ден астам музыкалық туындыны өмірге әкелген. Бетховен өз мансабын пианист ретінде бастап, кейін ғана композитор ретінде танылғанын атап өткен жөн.
« Жұмыста пайдаланатын бірінші қағидам – әсемдік пен тарих. Әртістердің қимыл-қозғалысы осы балеттің мәнін түсінуге көмектесетін жағдай жасауы қажет, олардың міндеті – көңіл-күйді көрсету, сезімдерді жеткізу, дуэтте актерлік жағынан өзара әрекет ету. Бұл менің «Астана Опера» труппасымен жұмыс жасаудағы екінші тәжірибем болғандықтан, барлығы айтарлықтай тезірек өтуде, себебі әртістер мені, менің талаптарымды түсінеді. Қойылым өте ауқымды, қолымыздан бәрі келеді деп сенемін. Хореграфиясына келетін болсақ, негізінен мен классикалық балет элементтері бар заманауи хореографияны пайдаланамын»,- дейді Раймондо Ребек.
Спектакльдердің басталуы 14 ақпан сағат 19:00-де, 15 ақпан сағат 17:00-де.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.