Qazir оқырмандарына Астананың 20 жылдығына арналған жексенбілік мерекелік топтаманы ұсынады. Алдымен елордасына алғашқылардың бірі болып келген, көз алдында көркейген жаңа астананың қалыптасуында өзіндік қолтаңбасы бар саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайдың мерекелік құттықтауын ұсынамыз.
Осыдан 20 жыл бұрын Ұлытау – Жезқазған өңірінің жаңа Астанаға бет бұрған көшінің алдыңғы легіне ілесіп, қоныс аударған адамдардың қатарынан табылдым. Жаңа жер, жаңа орта жаңа өзгерістер әкелді. Әкімшілік қызметінен ақпарат саласына ауысып, өмірдің бір бедерінде тағдырым жаңаша өзгерді. Бұл тың ізденістерге жол ашып, өзімнің жаңа қырымнан танылуыма мүмкіндік берді. Ақпарат саласында түрлі деңгейдегі қызметтер атқара жүріп еліміздің дамуындағы тағдырлы сәттердің куәсі болдым,қоғамды демократияландыру бағытында, отандық және әлемдік ақпараттық кеңістікте Қазақстанның оң имиджін қалыптастыру тұрғысында, мәдени-рухани дүниелерді орнықтыру жолында біршама еңбек еттім. Әсіресе, 2001 жылы Астанаға жасаған Рим Папасы Иоанн Павел ІІ сапарына орай тұңғыш рет Елордада Халықаралық баспасөз орталығын ұйымдастыруға, 2003 жылдан бастап Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің әр үш жыл сайын өтіп тұратын съездеріне, 2010 жылы Қазақстанның елордасында өткен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитіне ақпараттық қолдау көрсету бағытындағы іс-шараларға қатысқанымды, Ресей,Тәжікстан, Иран, Польша,Қырғызстан, Австрия сияқты мемлекеттерде елдің мүддесін қорғап сөйлеген сәттерімді әрдайым жылылықпен есіме алып жүремін.
Міне енді осы 20 жыл ішінде өзім де Астананың ардагеріне айналдым. Балаларым осы жерден білім алып, жұмыстарын жасап жатса, немерелерім Астанада дүниеге келіп, осы қалада тәрбиеленуде. Осынау ғажайып шаһардың болашақ ұрпағымыз үшін де мәңгілік алтын бесігі боларына күмәнім жоқ. Қазір бүтіні бір Жер болып, түтіні түзу Ел болып отырғанымыз осы Астананың арқасы. Мен отбасыммен 20 жыл бойы Астанада өмір кешіп жатқаныма өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.
Жаңарған, жаңғырған Астананың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы
Фото: Liter.kz