«Қазір мотивациялық бағыттағы жазбаларды іздеп жүріп оқитын болдық. Өзіңе шабыт сыйлап, бара жатқан бағытыңның дұрыс екендігіне сендіретін тірек сөз бұл заманның адамына әбден керек. Бірақ сол мотивациялық жазбалардың көбі өзге тілде жазылатынын да жоққа шығара алмаймыз. Әкім Ысқақ ағаның жазбаларын мен позитивті мотивацияға жатқызамын. Ол біздің қазақтілді кеңістікке дәл сондай жазба керек екенін тап басып тани алды.» Журналист Айнұр Төлеудің осы жүрекжарды пікірін біздің Qazir оқырмандары да қуаттай түскендей. Оған дәлел- әр сенбі сайын Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан берілетін жазбаларды асыға күтеді.
АЛТЫНЫМ !
Алтыным! Адамның өмір жолы кейде көшедегі бағдаршамдарға ұқсайды. Өз жолында үнемі «көк жарық» жанып тұруы мүмкін емес. Кейде «қызыл жарық» та кездеседі. Бұл алға қадам баспай, өзің ойланатын, толғанатын кез. Өзгелерге жол беруіңе тура келеді. Себебі, өмір жолында келе жатқан жалғыз сен емессің. «Сары түсте» – дайын бол іске! Ал, адамдық бағдаршамда ақыл, сенім, сабыр атты «жарықтарыңды» өшірмеуге тиіссің!
* * *
Алтыным! Адам – өз сандығының құлпы. Оны кез-келгенге ашып тастай алмайсың. Жөнсіз, ақылсыз жанға ашсаң оның іші кір басады. Ал жақсы жанға ашсаң сандығың маржан мен гауhарға, яғни керемет байлыққа толып кетеді. Бар байлығыңды жинайтын өз сандығыңды сақта, алтыным!
* * *
Алтыным! Сені жек көретін жанға да терең мән бере түс. Оның сырын біл, себебіне үңіл. Бәлкім, шын мәнінде өзіңнің де жек көрінішті тірліктерің бар шығар.
Адам өз қателігін біле бермейді. Сондықтан саған ренжігендердің тірлігіне орай қорытынды шығара біл.
* * *
Алтыным! Адам- тұманды күні жолға шыққан жолаушы.Тек кей адам адасады, бәрібір бағытынан айнымай, ашық күнге шығып, өз жолын табады.Кей адам адасудың өзі өмір деп біледі.
* * *
Алтыным, әлемдегі ең жылы жер – өз үйің. Оның шуағындай жылуды ешкім бере алмайды. Ең үлкен бақыт – шаңырағында шаттық шамы жанып тұрған отбасы.
* * *
Алтыным! Қиналсаң да, біреуге барып жыламағын, бар сырыңды жайып салма. Бұл өмір - ол құпия, оны қымбат қазынаңдай ішіңде сақта.
* * *
Алтыным! Сен маған "Суретке бәрі күліп, жарқырап түседі, ол сурет мәңгі дәл сол күйі күлімсіреп қалады, ал өзіміз мәңгі олай болмайтынымыз өкінішті" дейсің. Ал мен «Өкінішті емес, қуанышты, көлеңкені емес, күн сәулені, ызғарды емес, шапағатты, жаманды емес, жақсыны, өткенді емес, асыл арманыңды ойлағанда ғана биікке, жеңіске жетесің» деймін.
* * *
Алтыным! Кітаптар да, жазбалар да аз емес қой, мен үшін соны терең түсінген адамның орны бөлек. Әңгіме оқығанда емес, соны жүрекке тоқығанда деп білемін. "Теңіз терең емес, адам жаны терең" деп бекер айтылмаған ғой. Ең терең адам – саған керек адам.
* * *
Алтыным! Жақсы мінез – адамның зор байлығы. Ал жаман мінез – жаныңды жаралайды. Теріс қылық қурап бара жатқан ағашқа ұқсайды және өкінішке ұрындырады. Топырағын таппаған дән секілді өсіп-өнбейді. Көбіне ұятқа қалдырады.
* * *
Алтыным! Өмір сүргің келсе өмірді сүймей болмайды. Өмірге құштарлық жақыныңды сүю арқылы келеді. Иә, жүрегің ізгілік пен махаббатқа толса ғана Бақыт елінің тұрғыны бола аласың.
Әкім Ысқақ «Алтыным» кітабынан(жалғасы келесі сенбіде).