«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда «Көне дүние күмбірі» айдарынан бүгін тағы бір археологиялық ескерткіш туралы мәліметтерді оқырмандар назарына ұсынамыз.
Сарматтар дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан шығысқа қарай 70 км қашықтықта орналасқан. Аралтөбе қорғандары тобын 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы анықтады. 1999 жылы Аралтөбе қорғандарына З.Самашев басқаратын Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмысын жүргізді. Қорым төрт бөлікке бөлінген, бұл жылдың төрт мезгілін білдірсе керек. Одан басқа тағы да күн шапағы тәріздене 12 бөлікшеге бөлінеді. Бұл жыл «12 айдан тұрады» деген ұғымды білдіруі мүмкін. Қорғанның үсті жалпақ тастармен қабыршақ тәрізді тәсілмен жабылған. Қазылған үш қорғанның алғашқысынан адам қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтардың сынықтары, жебе ұштары табылды.
Екінші қорғаннан басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде, оның жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездесті. Осыған дейін қылыштың пайда болу кезеңін аландар өмір сүрген, б.з. iV-V ғасырларына жатқызып жүрген болсақ, Жылыой өңірінен табылған қылыш, бұл қарудың пайда болуын төрт-бес ғасырға әрі жылжытып, осы өңірді мекендеген сарматтар тарихымен байланыстыра қарауға мүмкіндік тудырды. Қазылған үшінші зираттан Қазақстан тарихындағы екінші алтын киімді адам табылды. Әйел және ер адам мүрделерімен қоса, олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс жерленген болып шықты.
Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, әшекейленген. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе абыздықты ұстанған дінбасы болғанын дәлелдесе керек. Адам мүрделерінен басқа екі жылқы мен қыран құс қаңқалары табылуына қарап зерттеушілер құс ұстап, саятшылық жасаған аңшы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Обаның беті етегіне қарай көлбеулетіліп, қабыршақты сауыт тектес қылып, қалақ таспен түгелдей жабылған. Күн шапақты обаның солтүстік жағынан қалақ тастарды көлденең салып, тас дуалға кіру жолы соғылған. Обаның ортасында аса күшті және ұзақ жағылған оттың ізі сақталған ошақ бар. Сарматтар отқа табынушылар болған және оттың тазалағыш күшіне қатты сенген. Ғылыми дәлелдемеге сәйкес, бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі екі мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады. Қазба жұмысы кезеңінде біздің дәуіріміздің 129 жылы деп тұжырымдалды. Аралтөбеден табылған «Алтын адамның» түпнұсқасы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінде сақтаулы тұр.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.