«Көне дүние күмбірі» айдарында Жамбыл облысында орналасқан Ақыртас кешені жайлы мәліметтермен танысасыздар.
Ақыртас – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII X ғасырларда салынған. Ақыртас Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол стансасынан 6 км оңтүстікте орналасқан. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. Бұл кешеннің құрылысы әу бастан-ақ белгісіз себептермен аяқталмай қалған. Ақыртас құрылысы қай дәуірдің қай мезгілінде басталды, бүгінге жеткен сұлбасы қай жылдармен шектеледі дейтін сұрақтарға әлі де толық жауап берілген жоқ.
Жалпы көлемі 180-205 метрге жуық шаршыны алып жатқан кешеннің ішкі-сыртқы қабырғалары да шегенделген тас блоктармен өрілген. Кешеннің еңіске қараған тұғыр тасының биіктігі 3,5-4 метр болса, оның өрге қараған тұсы бірте-бірте аласарып барып тұйықталады. Шамамен алғанда, біздің дәуіріміздің бірінші жартысында іргетасы қаланған деп жобаланатын алып құрылысқа қажетті қабырға тастар, биік технологияның бүгінгі жетістігіне тән аспап-саймандар көмегімен қашалғандай әсер етеді.
П.И. Лерх Ақыртас салынып бітпеген Будда ғибадатханасы десе, академик В.В. Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады. Археолог Т.К. Басеновтың жазуында Ақыртас – салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі. Ақыртас 8 ғасырдың 2-жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін. Бірақ құрылыс белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас осы Ақыртас болуы мүмкін. Атақты «Түрксибтің» осы «Ақыртас» сарай кешені тұсынан өтетін бөлігіндегі өткел-көпірлер түгелімен дерлік Ақыртастан тасылған құмтастармен шегенделген. Егер 1864 жылы Ақыртаста болған орыс суретшісі М.С. Знаменскийдің панорамалық сурет-сызбасына қарасақ, кешеннің қабырғалары әжептеуір биік болғанын, ал арнайы шегенделіп дайындалған тас кеспектердің ұзындығы 2-3 метр, ал көлденеңі 1-1,5 метрге жуық екенін және олардың қаланбай қалғандарының сан ғасырларды бастан өткерген қалыппен шөге түскенімен, керемет құрылыстың кемел болмысын анық көрсетіп жатыр. Аэрофото түсірім көрсеткеніндей, «Ақыртас» құрылысы үш бөліктен тұратын алып құрылым бейнесінде жобаланған. Ақыртас сарай кешені жайлы аңыздар өте көп. Соның бірі: Алаңғасар алып бір сұлуға ғашық болыпты. Сұлу алаңғасар алыптан өзіне арнап тастан сарай салуды талап етеді. Алаңғасар алып Бота мойнақ тауынан тас алып тасып, оларды қашап, тегістеп сарай салуға кіреседі. Ол сарайды тұрғызып болған соң, Ботамойнақ тауын тесіп, Талас өзенін сол тесік арқылы сарай маңынан өткізбекші болады. Таудан тас тасып жүргенде, Алаңғасар алып ай десе аузы, күн десе көзі бар басқа бір сұлуды кездестіреді. Мұның сұлулығы алдыңғы қыздың сұлулығынан артық әрі сөзі назды екен. Алаңғасар алып дүниеден қайтқанда, оның сирағынан Әмударияға көпір салынған. Тағы бір аңызда Ақыртас жайын былайша баяндайды: Ерте заманда Ақыртас қаласының тұрғындарының бастарына зор қауіп төнеді. Елге жау шауып, халық қатты қиналыпты. Есірген жау елдің сұлу қыздарын – күң, бозұландарын құл етуге бет алыпты. Сонда Ақыртастың үлкен-кішісі түгел жиылып, құдайға құлшылық етіп: «Е, Жаратқан, мына кәпірлерге пенде еткенше, бізді өзің ал, жаудың оғы өтпейтін, қылыш кеспейтін тасқа айналдыр!» – деп жалбарыныпты. Құдай халықтың тілегін қабыл етіпті. Үй, мал-мүлік, дүние, жүрген-тұрған барша жан тасқа айналыпты.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
фото: ашық ақпарат көзінен