«Шаһарларға саяхат» айдары Ертіс жағалауындағы өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, республикамыз бойынша ауасы таза қала болып саналған-- Ақсу шаһарына аялдайды.
1.Қала жайлы мәлімет.
Ақсу қаласы облыс орталығы Павлодар қаласынан 50 шақырым жерде Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан. Солтүстігінде Ақтоғай ауданымен,оңтүстігінде Баянауыл,Май,Лебяжі аудандарымен,батысында Павлодармен,шығысында Екібастұз қаласымен шектеседі. Қаланың іргесі Екібастұз ауданының тас көмір кені ашылуымен байланысты жұмысшы кенті болып қаланған. Қала мәртебесі 1961 жылы берілді. 1993 жылға дейін Ақсу шаһары – Ермак қаласы деп аталып келген. Қалада бүгінде 70 мыңдай халық тұрады.
2.Қаладағы өнеркәсіп орындары . Ақсу –өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған қала. Мұнда елімізге танымал екі алып кәсіпорынды атай кеткеніміз жөн. Олар: Ақсу ферроқорытпа зауыты мен ЕЭК ААҚ электр станциясы. Сонымен қатар Ақсу нан зауыты ААҚ, Павлодар құс фабрикасы ЖШС, Қалқаман элеваторы АҚ, Выбор ЖШС т.с.с шағын және орта бизнес орындары бар. Қаладағы ең маңызды стратегиялық нысан-Қ.И.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арнасы.
3.Шаһардағы білім және мәдениет мекемелері. Қалада 27 мектеп,екі кәсіптік-техникалық лицей, 11 бастауыш шағын комплектілі мектеп, Жаяу Мұса атындағы колледж, Павлодар мемлекеттік университетінің филиалы жұмыс істейді. Ақсулықтар бос уақытында мәдениет және демалыс саябағы, Мәдениет үйіне , демалыстарын мазмұнды өткізеді. Облыс бойынша алғашқылардың қатарында электронды жүйеде 78 мың кітап қоры бар орталықтандырылған кітапхана қала жұртшылығына қызмет көрсетіп келеді.
4. Қаладағы денсаулық және спорт саласы. Ақсу орталық ауруханасы, Қалқаман ауылдық ауруханасы мен туберкулезге қарсы диспансер, жедел жәрдем станциясы, 11 ауылдық отбасылық дәрігерлік амбулаториясы бар. Қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 5000 орынға арналған стадион, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, қаланың шағын аудандарында және ауыл өңірінде спорт алаңдары спортпен айналысамын деген жандарға айқара есігін ашады.
5. Қаланың әлеуметтік қызмет көрсету орындары.
2018 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қалада 2 базар («Ауыл», «Достық»), 27 әлеуметтік дүкен, соның ішінде одан 9 әлеуметтік бөлімдер, 7 сауда үйі, 288 дүкен (одан ауылдарда 100 дүкен), 23 дәріхана, 10 автоқұю бекеті ашылып, 45 қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары , 74 қызмет саласының объектілері жұмыс істейді.
6. Қаланың даму ерекшеліктері. Облыста алып жатқан аудан көлемі бойынша Ақсу қаласы 6 орында тұр. Қала аймағына бір Ақсу поселкесі, Алғабас – 3 ауылы, Үштерек және Қалқаман; 11 ауылдық округтер – Айнакөл, Ақжол, Достық, Евгеньевск, Еңбек, Жолқұдық, М.Омаров атындағы, Құркөл, Қызылжар, Пограничный, Сарышығанақ кіреді. Ақсу ауданының әкімшілік-аумақтық бағынуға тапсырылуымен байланысты 1997 жылы ауыл шаруа¬шылық бағытына да ие болды.
7. Ақсу- Ертіс жағасындағы әсем қала.
Еліміздегі шағын қалалар тізіміне енген Ақсу қаласы әдемі ерекше дизайнмен көп қабатты шағын аудандар мен ғимараттары бар жинақы, таза, жайлы шаһар ретінде келушілер көңілінен шығады. Жасыл желекті саябақ алқаптары мен саяжолдары, гүлзарлар мен су бұрқақтары, Ертіс өзенінің көркем жағалаулары – халықтың сүйік¬ті орындары. Қала ауа сапасы жөнінен таза қалалар көшін бастаған. Ақсулықтар өз шаһарын әрдайым мақтан тұтады.
Ашық көздердегі материалдардан әзірлеген : Раушан Бекмырзақызы.