«Көне дүние күмбірі» айдарында жергілікті халық Әулиекөл деп атаған, хан сайлаулары өткен тарихи орын жайлы мәліметтермен танысасыздар.
Ақкөл-Жайылма – ұшқанда құс қанаты талатын қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Ақкөлді жергілікті қазақ қариялары Әулиекөл деп те атайды және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Соларға қарап отырып Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихындағы орны Баянауыл, Қарқаралы, Ұлытау сияқты тарихи орталықтардан бір де кем емес екенін аңғарамыз.
Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Ақкөл-Жайылма табиғатының әсемдігімен және табиғи байлықтарымен ерекшеленеді, әулиелер жерленген орда деп саналады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ үшін бұл өңір ерекше болып табылады. Қалың қамыс басқан Ақкөл мен Жаман көл жағалары қысқы қонысқа өте ыңғайлы.
Қазақ заманында да Ақкөл-Жайылма жерінде хан сайлаулары өтіп тұрған. Соның бірі – 1817 жылы 30 мамыр күні осы жерде Орта жүздің ханы болып Барақұлы Бөкейдің сайлануы. Абылай тұқымының беделін түсіру үшін бұл жиынға Ресейдің әскербасылары да келген және өзге қазақ сұлтандарының Ақкөл-Жайылмаға жиналуына тікелей ықпал еткен. Ақкөл-Жайылма өңіріне қатысты қазақ аңыздары терең зерттеуді қажет етеді. Себебі, мифәфсана немесе батырлық жыр («Қобыланды батыр», «Көрұғлы») түрінде сақталған аңыздардың кілті көне заман тарихында, тілдің этимологиялық қатпарларында. Солардың бірі – МәшһүрЖүсіп жинақтарында кездесетін «Алтай туралы» делінетін аңыз. Әңгіме Алтай деген жігіттің жас күнінде «Жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып, қанжығалы Пісбекбайдың жылқысын баққанынан» басталады. «Пісбекбай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішбекбай, Пісбекбай деген екі ағайынды байлар екен», – дейді шежіреші.
Бір жылдары ауыр жұт болып күллі Ақкөл-Жайылмадағы мал Ішбегінде екі нар ғана қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмадағы ел сол екі нармен көшіп-қоныпты. Алтай батыр осы жұттың боларын алдын ала біліп, Пісбекбайдың жылқысын, ұзын аяқты түйе мен сиырын Құс жолының астымен жылы жаққа айдап алып кетіп аман сақтапты. Кейіннен осы ерлігіне риза болып Пісбекбай қыздарын Алтайға береді-мыс. Сол қыздардан Әліке, Байдалы, Сайдалы, Мойын туып, «Арғынның сәуірі» атанды. «Арғын болсаң – Алтай бол» деген сөз Алтайдың арғын ішіндегі үлкендігін, көптігін, мықтылығын айғақтайды.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
фото: ашық ақпарат көзінен.