Күн мен түннің теңелген,жаңару мен жаңғыру мейрамы - Наурыз да келіп жетті. Көрікті көктем мерекесімен бірге көңілге шуақ сыйлар ,әр сенбі сайын оқырмандарға ұсынар «Алтынымның» жалғасы бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарында.
АЛТЫНЫМ!
Алтыным! Бұл өмір жалға алған пәтер сияқты. Уақытша ғана тұрасың. Бір күні өмір-қожайын сені шығарып жіберетіні хақ. Себебі, жаңа пәтершілер келеді.
* * *
Алтыным! Мен үшін өмірде басты үш қуаныш бар:
1. Арманыңның орындалуы.
2. Ата-анаңа, айналаңа жақсылық сыйлай білуің.
3. Айнымас адал досыңның, тәрбиелі балаңның бар болуы.
* * *
Алтыным! Мен үшін өмірде өзекті өртер үш қайғы бар:
1. Сенген үмітіңнің ақталмауы.
2. Дос дегеніңнің дұшпанға айналуы.
3. Қиналғанға қол ұшын бере алмауың.
* * *
Алтыным! Адамдық жол– ең азапты жол. Шыдасаң, төзсең, сабырлы, парасатты болсаң ол бақыт жолына айналады. Шыдамсызға бақыт та, арман да жолай қоймас.
* * *
Алтыным! Кейде ұсақ-түйекке, болмашыға өкпелеп, адасып жатамыз. Осының өзі –пендешілік. Болмаса, ұлан-ғайыр өмірге бар жоғы келіп кететін аз күндік қонақ қана екенімізді ескерсек, оның қасында, бұл түк те емес қой.
* * *
Мұң! Сенде өзегімді күйдірген у да, тәттіліктің дәмін берген бал да бар. Мұң менің әлемімнің ажырамас бөлшегіне айналды.
* * *
Алтыным! Шын мәнінде бәріміз де жолға шыққан жолаушымыз. Иә, иә, бейнелеп айтсақ жоқ іздеушіміз. Өмір деген қызық қой. Бір нәрсені іздеп, екінші бір нәрсені тауып жатасың. Бірде таба алмай шарқ ұрасың. Кейде керісінше, өзінде барыңды жоғалтып аласың... Меніңше, өмірдің ең азабы, қорқынышы да осы.Біз жоғалту үшін емес, табу, толығу, көбею үшін келгенбіз. Соның қадірін білгенде ғана рухани өсесің...
* * *
Алтыным! Сүйенерің – Ақылың, Жүрегің, Тілің. Осы үшеуінің бірінен айрылсаң – өмірдің мағынасынан да айрылдым деп біл.
Алтыным! Күннің сәулесі тәнінді жылытқанмен, жанынды жылыта алмайды. Керісінше, ақпанның аязы да әсер етпейтін жанды жылытатын ерекше баурайтын күндер бар. Осының бәрі айналаңдағы адамдардың әсеріне байланысты. Бұрынғылар: «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат",- деп осындайда айтқан болар. Ыстық жүрекке, ілтипатты ниетке жан сарайың гүлдей бастайды. Суық сөз, салқын пейіл аяздан бетер тоңдырады. Бұл кезде адам жүрегі мұзға айнала бастайды. Ал көңіл көктемі қашанда адамдықтың алтын сәулесі іспеттес.
Әкім Ысқақ «Алтыным» кітабынан(жалғасы келесі сенбіде).