Дүйсенбі сайын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыз бойынша «Көне дүние күмбірі» айдарында Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені туралы мәліметтермен таныстырамыз.
«Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені аумағындағы археологиялық ескерткішке әр түрлі дәуірлердің петроглифтері, қола дәуір қорымдары, сирек археологиялық кешендер – «мұртты» қорғандар енетін, ерте темір ғасыр қорғандары, ерте орта ғасырлар дәуірімен мерзімделген жерлеулер шоғырланған. Мұнда жартастарында б.д.д. V-iii мыңжылдықтарда охра (сары я қызыл қошқыл түсті минерал бояу) бояумен салған суреттері бар үңгір ерекше орын алады. Бұл жерде маусымдық – күнтізбелік циклге жататын күрделі жөн-жоралғылар мен жерлеу, тәу ету әдет-ғұрыптары ғана өткізіліп қоймаған, сонымен қатар Күнге, Ай мен жұлдыздарға астрономиялық бақылау жасалып, күн мен түннің теңесуін және күннің тоқырауын белгілеп отырған.
Ежелгі адамдар аспан кітабын алақандағыдай оқи білген сияқты. Жеті Қарақшы жұлдызы бейнеленген және күн сағаттарымен белгіленген алаң – гранит плиталар сақталған ежелгі астрономиялық зертхана. Гранит массивінің жанында осы жерге қонған ғарыш кемесінің түсу сәтін сипаттайтын таңбалар мен белгілер сақталған үңгір тұр. Қуысқа апаратын тастан жасалған баспалдақтар да ғарыштық таңба – әлем шыңына көтерілумен байланысты. Үңгір таңбаларының арасында Күн белгісін білдіретін түрлі айқыш-кресттер бар. Зерттеушілер мұнда жүйелі астрономиялық байқау өткізілген деген ғалымдардың тұжырымдарын растайды, ал неолит дәуірінің сызбалық петроглифтері пиктографиялық (пиктограмма – шартты суреттермен таңбаланатын ежелгі жазу түрі) хаттардың пайда болуын көрсетеді. Жартастардың бірінде жасанды тесік бар. Егер олардың біреуіне су құйса, онда көктемгі күн мен түннің теңелуінде күн сәулесі көрініп, жоғарғы тесікке түседі. Жартастың жанында үлкен тас тұр. Онда да бильярд шарларына арналғандай тесік бар. Мұнда тас ұңғыларының пішінін қайталайтын руда құймалары, шатқал аумағында үлкенді-кішілі домна пештерінің қалдықтары табылды. Осы жерден бірнеше жүз метр жерде жергілікті жануарлар – марал, сібір тауешкілері – теке, арқарларды бейнелейтін петроглифтер бар.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, «Ақбауыр» кешені энергетикалық және ақпараттық генератор болып табылады. Бұл бірегей орынға 22 наурыз және 22 қыркүйекте барған қолайлы. Бұл – көктем мен күзгі күн теңелуінің уақыты. Жартастағы киіз үйдің аумағындай тас үңгірде жазу-сызулары бар мұндай кешен әлемде екеу ғана.
Бір ғажабы, үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетіндей ауқымды тесік бар. Осы археологиялық нысандардың ішінде Ақбауырдың алар орны маңызды. Толық зерттелмегендіктен Ақбауыр жұмбағы хақында болжамдар аз емес.
«Тастан тұрғызылған құрылысы күрделі ескерткіш-гротерте дүниедегі аспан әлемін бағамдайтын обсерватория емес пе екен?» дейтіндер де бар. Өйткені ата-балаларымыз жұлдыздардың қозғалысы арқылы уақыт есебін жүргізіп, түрлі табиғат құбылыстарының алдын алып отырған. Ақбауыр жөнінде Бестерек ауылының ақсақалдарының сөзіне сенсек, күннің үңгірдің дәл ортасына түскен сәулесі арқылы Наурыздың келгенін анықтаған екен. Демек, Жаңа жылды тойлау жоралғысы осы арада өткен. Бұл бір болжам ғана. Ал Ақбауыр болса, өз сырын ішіне әлі күнге бүгіп жатыр. Бұл жұмбақтың ашылар сәті алыс емес.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.