Елордасында екі күн бойы «ALTYN OIMAQ » отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өкілдері қатысуымен алғаш рет форум және олардың өз тауарларын таныстыруға мүмкіндік берген көрме өткізілді. Бұл іс-шараны Азия даму банкінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігі ұйымдастырды.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда үстіміздегі жылдың 1 қаңтары бойынша осы салада 992 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, оның 13-і ірі, 27-і орта, 952-і шағын кәсіпорындар қатарына жатады. Көрмеге 80 - нен аса қазақстандық компания қатысты. Бұған дейін де отандық тауар өндірушілердің көрмесіне қатысып жүрген, шығарған тауарлары бүгінде көпшілікке танымал болып қалған кәсіпорындармен қатар бұл жолы жұртшылық назарына енді ғана өз өнімдерін ұсынуға талпыныс танытқан жеке кәсіпкерлер мен дизайнерлердің еңбегі ұсынылды.
Көрме атауының өзі көздің жауын алып, көңілге қуаныш сыйлайтын бұйымдардың иелері - шебер қолды тігіншілер мен жаңашыл идеясын жүзеге асырып, жұртшылықтың көңілінен шықсам деп сүйікті кәсібін алға сүйреуге ұмтылған жандардың еңбегін ерекшелеп тұр. Көрмені аралай жүріп, қала тұрғындары мен қонақтары көбірек жиналған шағын кәсіпорындардың бірінің басшысын әңгімеге тарттық.
- Бақытжан Қанатова, «baqqanat» деп өзімнің аты-жөнімді қысқартып алып, тауарларымызға логотип жасағанбыз. Негізі ИП «ZENA» деп аталады,атыраулықтар біздің шығаратын өнімдерімізді жақсы біледі. Төсек жабдығының жиынтығын өндіріп және сатумен айналысамыз. Өзім Тараздағы бұрынғы Жамбыл технология институтын бітіргенмін, мамандығым- тігін ісі бойынша технолог- конструктор. Тоқсаныншы жылдардың соңында жеңіл өнеркәсіп саласына қиындау болып, өнім өндіру азайды. Сол кездері мұнай өнеркәсібіне қарай ауыстым да,сол салада 20 жыл жұмыс істедім. Бірақ ішкі жан - дүниемде өзім қалаған мамандығыма деген ынтам мен қызығушылығым артпаса, кеміген жоқ. 2016 жылдан бастап,осылайша өз кәсібімді ашып, жұмысымды бастадым.
- Бір ғана тауар түрін шығарасыздар ма, нарықта бәсекелестік қандай?
- Басында тек төсек жабдығын ғана шығарып бастадық,қазір біртіндеп мектеп оқушыларына форма, медицина саласына униформа тігіп, өнім түрлерін кеңейтіп келеміз. Материалдарды Қытайдан аламыз және Шымкенттегі «AZALA HOME» ЖШС-мен әріптестікте жұмыс істейміз. Жүз пайыз тоқыма мата, сатиннің де көптеген түрлері бар ғой. Бөлшек саудада да, жаппай сату арқылы да өнімдерімізді саудалап, өткізіп жүрміз. Атыраудағы компанияларға, таныстарымыз арқылы шетелдерге Түркияға, Америкаға жібереміз.
- Жеке кәсіпкер ретінде қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз, қаржы тапшылығы қолбайлау болған жоқ па ?
- Бізде10 адам жұмыс істейді. Айлығын да, зейнетақы төлемін де уақытылы аударып отырамын,жылына бір рет кезекті еңбек демалысын алады. Өз идеямды жүзеге асыру үшін қаржы тауып, кәсіпкерлікті бастадым.Тауарларымды өткізу арқылы, тынбай еңбек етумен ісімді алға қарай жүргізіп келемін. Көрмеге қатысуға «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалынан хабарласып шақырды. Осында келіп, өзім сияқты қаншама кәсіпкерлермен жүздесіп, олардың шығаратын тауарларымен танысып, ашық пікір алмастық, көптеген бұрын бірге жұмыс істеген әріптестерімді көріп қуандым. Көрме жұмысын бастаған күні көпшілік жұмыстан шыға алмай , кісі аз келгенмен, екінші күні Ата Заң мейрамына сәйкес келіп, демалыс болғасын тауарларымыз жақсы өтті. Көрмеге қатысушылардың бәрі сапалы тауарларын әкелуге тырысады. Біздің бір адамға арналған төсек жиынтығы -12 мың болса, екі адамдық -16 мың, отбасылық жиынтық- 18-21 мың шамасында. Тауарымыз сапалы болғасын құны да соған лайықты деп ойлаймын. Кешеден бері байқағаным, тауарлары көп сұранысқа ие болып жатқан Қызылордадан келген ер адамдардың жейделерін шығаратын «DALATEX» және бұрын өзім еңбек еткен Ақтаудағы аяқ киім фабрикасының өнімдері. Еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытуға үлес қосып жүрген жандардың бәрі де өз ізденісі арқылы кәсібін ашып,оны өркендету үшін кездескен қиындыққа мойымай алға қарай ұмтылып жүргендер. Олардың басын қосып, тәжірибелерімен бөлісуге,әріптестік орнатуға мүмкіндік берген көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіре отырып, өз тарапымнан шығарып жатқан тауарларымыз сұранысқа ие болу үшін отандық өнімдерімізді көбірек насихаттау қажет деп санаймын.
Базаргүл Сейітжанқызы .