Өмір-өзен. Оның толқыны - әркімді әр түрлі тербейді. Басыңа түскен тағдыр сынақтарын мойымай көтеріп, тізе бүкпеу - қайсарлық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де - осынау өмірдің ауыр сынағын қайыспай көтерген қайсар жан. Бүгінде жасы 26 да, Өскемен қаласының тумасы Айгерім Болатқызы, өзімен қатар өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіп иесі.
Басына салған қиындықтарды жеңіп, бақытты болашағын бағдарлап та қойған Айгерімнің арман-мақсаттары да жетерлік.
Айгерім:- Мен 2010 жылы Өскемен қаласының орта мектебін өте жақсыға тәмамдап, алғашында Мәскеу қаласының ЖОО -на ойламаған жерден оқуға түстім. Ол жақты таңдаған себебім; сол жылдары ағам Ресейде оқып жүрген еді. Бірақ кейіннен «ананың көңілі балада демекші»жырақта жүрген сол бауырымның амандығы ата- анамды қатты алаңдатты. Оны сезген мен, өзге елге оқуға бармай, Алматы қаласының Қаз МУ не оқуға түстім. Ол жерде де топ басшысы болып, жақсы оқыдым. Бірақ...
Тағдырдың жазымына шара бар ма? Небәрі 20 жасымда жол апатына түсіп, ауыр жарақатымның салдарынан қозғалыссыз қалдым. Екі қолым мен екі аяғым жансыз қалып, күнім кісіге қарады. Ол кездегі жан жарасын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі мен өзімді, «ӨЗІМ» ретінде қабылдай алмадым. Ол кездегі ішкі жан арпалысымды, басыма түскен қайғымды ешкімге де тілемеймін. Бірақ, бүгінде аллаға шүкір, уақыт емші, өз жігерімнің арқасында қайта қайралдым. Алғашында әрине, ата-анам, бауырларым мен мені жақсы көретін жандар үшін солай етуім керек болды. Ал кейіннен, бір-ақ рет берілетін өмірдің қадірін сезініп, бағалау керектігін өзім де түсіндім.
Qazir: Айгерім, бүгінде тоқыма өнері арқылы өз кәсібіңді дөңгелетіп, өзгені де жұмыспен қамтып отырған жансың. Жалпы бұл кәсіпті қашан, қалай бастадың?
-Жалпы тоқу арқылы табыс табуымның өзі қызық басталды. Жол апатынан кейін, біраз ем алып, бірыңғай үйде отырған кезім болатын. Бір күні интернеттен киімдер қарап отырып, қалың күртешені қатты ұнаттым. Тапсырыс бермек болып хабарлассам, бағасы 800 доллар көлемінде болды. Содан, осы адам тоқыған нәрсені неге мен өзім тоқып көрмеске деген ойға қалдым. Ол ойымды анам да қолдай кетті. Тоқыма құралдары мен жіп алдырдым. Солай тоқып үйрендім. Алғашында тоқығанымды сатуға ұялатын едім. Кейіннен арнайы тапсырыстар арқылы сосын әлеуметтік желілер арқылы өнімімді өткізе бастадым. Осылайша жұмысым жалғасып жүре берді. Кейіннен елордаға келіп, шағын кәсіп ашып, қазір жұмысым жақсы жүруде. (Брэнд Aika_Bolatova тапсырыс қабылдайды.)
Qazir: Алдағы жоспарың қандай?
-Кәсібімді кеңейту. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып, адамдарға қуаныш сыйлау.
Qazir: Өз бойыңдағы ерекше қасиетің?
-Жеңілгенді жек көремін. Әркез бірінші болып, алда жүргенді ұнатамын. Дені сау бола тұра, басқадан немесе мемлекеттен қол жайып, көмек сұрайтындарды түсінбеймін. Жалпы мақсат қойсам, сол мақсатыма жету жолында, еш аянбай еңбек етуге дайынмын.
Qazir: Біз танысқан шағын кәсіп иесі Айгерім Болатқызын, біз білмейтін тағы қандай қырынан тани аламыз?
- Мен қосымша жүзумен айналысамын. Спорттың бұл түрінен жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Бәрі де алланың берген қуатының арқасы деп ойлаймын.
Qazir: Өмірлік ұстанымың қандай?
-Пайдалы болу. Қоршаған ортама, ата-анама, тіпті табиғатқа болсын пайдамды тигізу. Мен одан қуат аламын.
-Рахмет, Айгерім,әр адам баласына бір-ақ рет берілетін өмірдің қымбаттығын сезінген жан ғана мақсатпен өмір сүреді. Ал алдына мақсат қою-арманға қол жеткізу. Демек сенің талпынысыңа, ерік-жігеріңе қарап, сенің болашақта үлкен бизнес иесі болатыныңа сеніміміз мол.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы.