«Көне дүние күмбірі» айдарынан Асан қайғының ізін жалғастырып, халқын бақытты ету үшін Жерұйықты іздеп жүріп қаза болған баласы Абат жайлы аңыздар және оған арналып салынған кесене жайлы таныса аласыздар.
Абат-Байтақ кесенесі – Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 шақырымда оңтүстік-батыста орналасқан Батыс Қазақстандағы діни жерлеу мәдениетінің архитектуралық жәдігері, зират аумағындағы кесене. Абат-Байтақ кесенесi – Алтын Орда империясының орнына құрылған Ноғайлы мемлекетiнiң осы жақтағы жалғыз ескерткiшi.
Абат туралы аңыздардың қайсысын алып қарасаңыз да халықтық, елдік тұрғыдан ойлайтын қайраткер, әкесі Асан қайғының ізін жалғастырып, халқын бақытты етпекші болып Жерұйық іздеуші ретінде көрінеді. Асан қайғы XV ғасырда өмір сүрген жырау, оның «қайғы» аталуы қазақ пен өзбектің бөлініп көшуінен деген деректі Әлкей Марғұлан айтқан.
Бұл ескерткіш тұңғыш рет П.И. Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде келтірілген. Онда подпоручик Ригельманның Қарасу өзені үлкен Қобдаға құятын сағада «Пирамида тәрізді жасалған қырғыздар (қазақтар) Астана деп атаған біршама тастан қашалған құрылысты тауып, суретін салғаны жазылған. Мұнда белгілі адамдар жерленгені, солардың бірін олар Байтақ деп атайтыны да әңгімеленеді. Кейін ХІХ ғасырдың аяқ кезінде ғана осы ескерткішті Я.Я. Полферов негізінен аңыз ретінде сипаттаған.
Қорымда Кіші жүздің табын, кете, шекті, ожырай, байбақты және басқа да рулардың өкілдері жерленген. Абат жайындағы тарихи аңыздардың барлығы да – қазақ сәулет өнерінің тамаша белгісі ортағасырлық Абат-Байтақ кесенесіне келіп тіреледі. Аңыз бойынша, бұл мавзолей ХV ғасырда өмір сүрген, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр осы Бесқопада желмаядан құлап қаза табады.
Екінші атауы – «байтақ» кең, шексіз деген ұғымды білдіреді. Аңыз желісі бойынша Байтақ кедейлерге көп көмектескен, қолы ашық жомарт адам болыпты. Соған байланысты қосалқы есімін халық берген деп айтылады. Бұл ғимарат – тек сәулет өнерінің ғана інжу-маржаны емес, келешек ұрпаққа ғибратнамалық философиялық ой салатын тастағы дастандай үлкен мәдениет жәдігері екенін көрсетеді.
Ескерткіш Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай мекенінің оңтүстігіндегі Бесқопа жазығында орын тепкен. Аңыз бойынша мавзолейде Жерұйықты іздеп жүріп қаза болған Абат пен әйелі қоса жерленген. Жалғыз ұлының қазасы Асанға орны толмас қайғы әкеледі. Ұлының өлген жеріне мәңгілік ескерткіш орнату үшін халқына бір күнде зәулім ғимарат салуға жарлық етеді. Асанның шешімі бойынша әрбір түтін бір кірпіштен әкеледі. Сөйтіп, Абаттың кесенесін бүкіл халық болып бір күнде салып бітіреді. Кесенені бүкіл халық, байтақ ел болып жұмыла кірісіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасып, бірігіп тұрғызғандықтан, Абат атына Байтақ сөзі жалғанған деп түсіндіреді көнекөз қариялар.
Абат – Асан қайғының жалғыз ұлы. Қадір-қасиетімен бұқара халыққа жаққан, сегіз қырлы, бір сырлы Абат «Шіркін, Асанның ұлындай» дегізіп, елді тамсандырған, жасы отыздарға шыққан жігіт болған. Дүниеде бекер ашуланбайтын, өкпелемейтін, әйел затын қызғанбайтын, қорықпайтын, жомарт, мырза адам деп сипатталады.
Абат батыр – «Қырымның қырық батыры» топтамасына енетін эпостық жыр. Ел аузында аңыз-әңгіме түрінде сақталған жырда Асан қайғының ұлы Абат батырдың елінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін соғысы, жекпе-жек шайқаста карсыласы Қайбар батырды өлтіруі жайында әңгімеленеді. Кесене – халықтың бірлігі мен достастығының, ұлттық татулығы мен бірегейлігінің символы.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.