Қала күні қарсаңындағы қызметтің қарбаластығына қарамастан QAZIR-дің тілшісімен кездесуге уақыт тауып, сұхбатты қала күніне, еңсесі биік Елордамыз Астанамыздың жиырма жылдығына арнаған жүрекжарды тілектерімен бастаған, Астана қаласының Алматы ауданы әкімдігінің білім және әлеуметтік сала қызметі бөлімінің басшысы Бекенова Сапура Мұхамедияқызы «Биыл Бас қаламыз Астана күні ғана емес, 20 жылдығы қоса аталып өтілуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты, тың тарихи бастамалары және жаңару мен даму жолындағы жігері арқасында Астанаға төрткіл дүние көз тігіп, тамсана қарауда. Әлемнің комфорты мен келбеті үйлескен қалаларының бірі статусына ие астанамыздың барлық тұрғындарын және қала қонақтарын мерекемен құттықтаймыз. Алыс-жақын шетелден келушілер бар. Барлық жоспарланған шаралар абыроймен атқарылсын. Алматы ауданы әкімдігі атынан және ел азаматшасы ретінде өз атымнан ыстық ықыласпен болашағымыздың жарқын, мерейіміздің үстем болуын тілеймін. Туымыз тұғырлы, заманымыз бейбіт, еңсеміз биік, ал елдігіміз мәңгілік болсын!», - деген құттықтау жолдады. Сонымен,бүгінгі «Қайырлы іс» айдары елордамыздың 20 жылдығына орай 20 ізгі қадам акциясы жайлы.
QAZIR: өзіңіздің де Алматы ауданы әкімдігіне қызмет етіп келе жатқаныңызға жиырма жыл болыпты. Астананың іргесі қаланған күннен бастап бүгінгі күні бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ордасына айналған аралықта болған барлық процесстердің куәгерісіз. Астананың жиырма жылдық мерейлі мерекесіне орайластырылған көптеген шаралар аясында құрылғанына 20 жыл толып отырған әкімдіктеріңіз «20 ізгі қадам» («20 добрых дел») акциясын бастаған екен.
Бұл бастама идеясы қайдан туды?
Сапура Мұхамедияқызы: бастамашы болған, ортаға ой тастап, кейбір өзекті мәселелердің кезектен тыс қабылданған шешімі болсын деген ниетпен идеяны қолға алған ауданымыздың басшысы Сәрсембаев Әділбек Зейнуллаұлы. Әріптестер болып ортаға тасталған ойға пікір қосып, талқыға салып, ортақ шешіміміз бойынша іріктелген 20 қайырымдылық шарасын бастадық.
QAZIR: «20 ізгі қадам» қандай мақсатты көздейді, Сапура Мұхамедияқызы?
Сапура Мұхамедияқызы: халықтың әлеуметтік осал топтарына, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, Ұлы отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, жалғыз басты қарттар мен ерекше күтімді қажет ететін жандарға, мүгедек балаларға, жетімдерге қамқорлық көрсету. Осы арқылы халық арасындағы әлеуметтік-мәдени белсенділікті арттыру, көпшілікті ерікті қайырымдылық қызметке тарту, азаматтарымыздың қайырлы істері мен пайдалы бастамалары жайлы айту.
QAZIR: қайырымдылық шарасы деп кеттіңіз, демек, бұл жоспарлы мемлекеттік жәрдем, атаулы жәрдем (адресная помощь) сияқты көмектерден тыс?
Сапура Мұхамедияқызы: иә, мұндай шараларға әкімдік бюджетінден қарастырылған арнайы шығын бөлігі (статья расхода) жоқ, біздің бастаманы қолдаған ниеттестер мен серіктестер, демеушілер ат салысып жатыр. Шараға оқу орындары мен білім беру мекемелері, онда білім алушылар, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар, ірі және шағын кәсіпорындардың еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар қатыса алады.
QAZIR: аталған науқан төңірегінде қарастырылған қадамдарға нақты тоқталып кетейік, қандай қадамнан бастадыңыздар?
Сапура Мұхамедияқызы: сіз бен біздің бүгінгі бейбіт күн кешуіміз ардагерлеріміздің арқасы. Оларға құрмет пен ізет көрсетуден жаңылмауымыз керек, бұл барлығымыздың борышымыз. Онсыз да күн сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлеріміздің тым болмаса қалған күндері бүтін баспанада болған жөн. Алғашқы қадам соғыс ардагерлеріне Сәтбаев көшесі бойынан берілген үйдің екі кіреберісі мен дәлізіне жөндеу жұмыстарын жүргізуден басталды. Бұл – «Ардагерге құрмет» қадамы бойынша атқарылған шара.
Ардақты ардагерлерімізге қатысты қадамның тағы бірі – «Қандай қиындықпен келген бақыт». Бұл қадам аясында ардагерлердің үйіне,пәтеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Ұрпақтар сабақтастығы» қадамы бойынша зейнеткерлерге арналған бос уақытты қызықты да, тиімді өткізетін шағын орталықтар мен балаларға арналған аула ашу көзделген.
«Өзгеге өмір сыйла!» қадамы аясында ауданымыздың әкімдігінің қызметкерлері бастаған топқа «Forte Bank» ұжымы қосылып, қан тапсырды.
«Мен салауатты өмір салтын қалаймын» қадамы бойынша триатлон-парк территориясында отбасылық марафон өткізілді, «Менің үйім,менің көшем, менің қалам» қадамы бойынша 10 аула абаттандыру көзделді. «Менің сүйікті қалам» қадамы бойынша жаппай сенбілік, аудан көшелерін көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Астана жас қала, әдемі қала. Оның таза және жасыл болуы керек. Осыған орай жиырма жылдығымыздың нышаны ретінде Алматы ауданының 20 көшесіне 2000 тал егілді.
QAZIR: Сапура Мұхамедияқызы, атқарылған және атқарылу үстіндегі шараларға қатысудағы халықтың белсенділігі қандай?
Сапура Мұхамедияқызы: ауданымыздың әкімдігі құрылған уақыттан бастап осында қызмет етіп келе жатқаныма да жиырма жыл толды. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға болмайды. Қызметіміз барысында тәжірибенің тозығын тастап, озығын алып келеміз ғой. Белсенділік жоғары. Көпшіліктің салауатты өмір салтына көңіл бөлетіндігі қуантады. Өзің өмір сүретін ортаның тазалығын сақтау, табғаттың сұлулығы мен қоршаған ортаны қорғау сияқты санаға сіңген қоғам қалыптасты бізде. Бұл да бір жетістіктің көрінісі.
QAZIR: Қандай шаралар жоспарлануда?
Сапура Мұхамедияқызы: есту, көру қабілеттерінен айырылған, мүмкіндіктері шектеулі және ерекше күтімді қажет ететін балаларға арнайы құралдар, арбалар алып беру, аз қамтылған, жетімсіз отбасында тәрбиеленіп жатқан, бірақ үлгерімі мен тәртібі жақсы 20 балаға цифрландыру бағдарламасын ескере отырып компьютерлік жабдықтар сыйлау, «Әрқашан күн сөнбесін» қадамы бойынша мамандандырылған бөбектер үйінің маңайын көркейтіп, жолдарын жөндеу, ауданымыздағы 20 көшені көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстарын қолға алу, қауқары кеткен қарттардың тұрғын жайларын тазартуға жәрдемдесу, ауданымызда «Балалық шақ» аллеясын, «Ардагерлер желегін» ашу, балаларды жазғы демалыс лагерьлеріне жіберу, спортта, оқуда және шығармашылықта жетістігі бар аз қамтылған отбасы баласының бір жылдық ЖОО оқу ақысын өтеу жоспарланған. «Железнодорожный» тұрғын-үй алабындағы (станция 40-ая) сквердің жөндеу көрмегеніне қанша уақыт болған, адам қолы тимеген, ұсқыны кеткен әбден. Сахнасы, балалар ойнайтын алаң және серуен алаңы қарастырылған сквер салынды.
QAZIR: оңайшылықпен атқарылып жатқан жоқ шығар?
Сапура Мұхамедияқызы: ебін тапсаң икемін келтіруге болады. Оның үстіне бұл жыл бойы жалғаса беретін акция. Мұндай қадамдарды белгілі оқиға қарсаңында атқарылатын іс емес, дағдыға айналдыруымыз керек. Сонда біраз жыртығымыз жамалады. Оның үстіне қайырлы іс уақыт та таңдамайды, орын да таңдамайды.
QAZIR: Бұл қайырымдылық шараларына сіз әкімдіктің қызметкері ретінде ғана қатысып жатырсыз ба?
Сапура Мұхамедияқызы: қалайша, қарағым?! Мен мұны ең алдымен адами, азаматтық, тіптен аналық парызым деп түсінемін. Онсыз қайырымды қызметкер қайдан болсын?
QAZIR: Сізге де, маған да жақсы мәлім. «Тастанды балалар» дерті мен дауы біздің қоғамда бар, ол тіпті ешкімді таң қалдырмайтын құбылыс болып бара жатқандай, Құдай сақтасын! Ал «тастанды ата-аналар» дегенді өзіңізден естіп отырмын, ол жайлы не айтасыз?
Сапура Мұхамедияқызы: бұл да біздің қоғамға тасталған «вызов» болса керек. Бұл құбылысқа да жеке майдан, күрес керек. Түрлі тауқымет, себеп-салдарлар бойынша қарттар үйінде қалып жатқандар - «тастанды ата-аналар». Оның себебін анықтау, қарттар үйінде қалуының алдын алу – жұмыстың мүлде басқа түрі. Ал бұл қайырлы қадамдар аясындағы міндет: жылжып ағып, сырғып өтіп, сумаң ететін уақыттарын құлазуға сарп еткізбей жағымды күйге бөлеу, қанша қалғаны белгісіз, бір-бірінен айырмашылығы аз күндерінің санаулы сәтін болса да сергек ету. «Күнтізбесіз жасалған қайырымдылық» қадамы жағдай қажет етпесе туындамайтын еді ғой. Квота бойынша кезегін жылдап тосатын науқас 50 бала оңалту орталығындағы ақылы емін бастады. Ал мұндай балалар үшін жасалатын жәрдемнің ауқымы, ақшасы емес, дер кезінде болуы қандай маңызды.
QAZIR: Қайырлы істі қайда, кімге, қашан, қандай амалмен жасағыңыз келсе де не ерте, не кеш болмас. Алматы ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан байқадық, ізгі қадамдарыңызды Талғат Мұсабаев сияқты біртуарлар тарландар, Нұржамал Үсенбаева сияқты мәртебесі биік тұлғалар қолдап жатыр екен.
Сапура Мұхамедияқызы: дәл солай, бұл біздің үніміздің жүректерге жеткендігін білдіреді. «Қайырымдылық жасай жүріп біз әдемілікті арттырамыз. Мен үшін әдемі адам – қайырымды адам» дейді Н.Үсенбаева. Сол сияқты, кейіпі көрікті ажарлы адам, мейірімді ана, мерейлі тұлға, жеміс пен жеңіске бөленген қызметкер боламын десең – ең алдымен қайырлы іс қыла біл.
QAZIR: Сапура Мұхамедияқызы, көпшілікті араластырып, аудан тұрғындарын, жастарды жаппай жұмылдыра отырып жүргізіп жатқан ізгі қадамдарыңыз қоғамдағы қайырымдылық кемесінің шайқалмай жүзуіне себеп сияқты, осындай маңызды, өзекті еріктілік пен қайырымдылықты қоғамда насихаттай жүрген қызметтеріңізге елжіремейтін жүрек жоқ шығар. Сіздердің ұжымды да QAZIR Елорда күнімен құттықтайды. Қоғамға қызметіміз адал, ісіміз қайырлы болсын!
Сөз соңында материалдың тақырыбына, сұхбаттасушының жасына, лауазымына, білім-білігіне қарамастан қоятын «Сіз үшін басты үш құндылық қандай?» деген дәстүрлі сұрағымды қоюды орынсыз деп санадым, онсыз да барлығы түсінікті: адамдық, қызметте адалдық, қайырлы іс.
Сұхбаттасқан Жаннат Манасбайқызы