«Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» . Бұл туралы Елбасы өзінің биылғы жылдың 5-ші қазанында халыққа жолдаған Жолдауында жеткізген болатын. Жалпы медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту арқылы бюрократияны жойып, сапаны арттыру алдағы жылдарға жүктелген міндет. Осы орайда сапалы медицина білікті мамандар қолында десек,ал оның іс жүзінде жүзеге асуы, бүгінгі кадр дайындайтын медициналық ЖОО-дарының үлесінде. Бұл жайында қандай жаңашылдықтар бар деген сауалды біз,еліміздің ірі оқу орындарының бірі, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-ның Басшысы, ректор Рысбеков Мырзабек Мырзашұлынан сұрап білдік.
Qazir: Мырзабек Мырзашұлы, Елбасы Жолдауында айтылған медицина саласының сапасын арттыруды жүзеге асыруда, өзіңіз басшылық етіп отырған оқу орны қандай бастамаларды қолға алып жатыр?
- Иә, Елбасының жаңа Жолдауында дәрігерлер мен медбикелердің әлеуетін көтеру және сапаны арттыру тапсырылды. Ол үшін ел қазынасынан арнайы қаражат бөлінетіндігі де айтылды. Жалпы ел медицинасын көтеруге бағытталған бөлімінде халықтың денсаулығы сапалы медицинамен өлшенетіндігіне айқын тоқталды.
Ал сапа- білікті дәрігер мен медбикелердің жұмысымен бағаланады. Ал сол мамандарды дайындайтын оқу орындарының бірі ретінде біз бүгін жаңа форматта оқыту жүйесін енгізіп отырмыз. Ол арқылы болашақ дәрігерлеріміздің білім алуға деген талпыныстарын арттырамыз деп ойлаймын. Демек, онда жаңа цифрлы жүйе (JPI) арқылы студент өз білімінің деңгейін күнделікті бақылап отырады. Одан бөлек, тілді меңгеруде де әр түрлі жолдарын қарастырып отырмыз. Бүгінде түлектерімізді шет елге білімін жетілдіруге жылдап жіберу арқылы да ұтып отырған тұсымыз бар. Яғни ол жақта олар әрі мамандығын жетілдірумен қатар тілді де үйреніп келеді.
Үш тілді дәрігер маманын дайындап шығарудың тағы бір жолын бүгінде бізге Білім және ғылым министрлігі ұсынып отыр. Бұл жерде біз шет елдік мықты маманды тауып тиісті ведомствоға ұсынсақ, оған қажетті қаражатты бөлмек. Бұл да үлкен көмек.
Qazir: Әр оқу орнының мықты мамандар дайындап шығаруда өзіндік ұранымен ұстанымы болады. Сіздерде?...
- Бұл орайда біздің мақсат- еліміздегі ЖОО арасындағы Академиялық Адалдық Лигасының құрамына кіру. Оның ішінде болашақ дәрігерлерімізді адалдыққа тәрбиелеу. «Адалдық» деген бір сөздің ішінде бірнеше сөздің ұғымын түсінуге болады. Онда мамандарымызды өз жұмысына адалдықпен қарауға, кешегі Елбасы Жолдауында сөз болған бюрократия мен жемқорлыққа жол бермеуді бойларына сіңіру кіреді. Міне қазір осы құрамға кіру жолында үлкен жұмыстар жасалып жатыр.
Qazir: Статистика бойынша басқа оқу орындарына қарағанда осы еліміздің медицина саласын дайындайтын ЖОО-на білім алуға келетін шет елдіктер көп екен. Өзіңіз басшылық етіп отырған оқу орнында бүгінде қанша шет елдік студент бар?
- Иа бізде өзге мемлекеттен келіп білім алып жатқан студенттер көп. Олардың көбі Үндістаннан және Иорданиядан. Келер жылы да 500 бен 700 дің арасында Үндістаннан, 50 дейі Иорданиядан, 150-ге жуық көршілес Қытайдан студенттер келеді деп отырмыз. Олар біздің колледжден білім алғысы келетіндер.
Qazir: Олардың біздің елге келіп білім алуына не себеп? Көбіне шет елдік студенттер неге қызығушылық танытуда?
- Олардың нақты біздің оқу орнын таңдауы, ең біріншіден білім берудегі жаңашылдықтар, сосын оқу ақысының өзге мемлекеттермен салыстырғанда төмендігі және климаттық жайлылық та бар деп ойлаймын.
Qazir: Мырзабек мырза, сол Жолдауда ЖОО-ры жанындағы жетіспейтін жатаққана мәселесі де айтылған болатын. Бұл жағы сіздерде қалай шешілуде?
- Біздің Акционерлік Қоғам биыл жаңа ғимарат сатып алып 530 орындық жатақхананы пайдалануға бердік. Алдағы жылы 1500-2000 студентке жатақхана беріледі деп жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің оқу орнында бұл мәселе оң жолға қойылған деп айтуыма әбден болады.
Qazir: Мырзабек Мырзашұлы, осы саланың үздік маманы ретінде айтыңызшы? Сапаны көтеру мақсатында ЖОО үшін не қажет?
- Менің ойымша әр медициналық оқу орнының жанында өзінің клиникасы болуы керек. Онда сол оқу орнының білікті оқытушылары, профессорлар жұмыс істесе, ол әрі жас мамандар үшін сабақ, ал халық үшін қолжетімділікті арттырар еді. Осы істе де біз бүгін жұмыстарды бастап кеттік. Алдағы уақытта 1000 орындық Университет жанындағы аурухананы ашатын боламыз. Бұл өйткені бүгінгі күні халық үшін де, сапаны көтеру үшін де үлкен қажеттілік.
- Рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан: Салтанат Сәдібекқызы.