«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін тарихы тереңнен бастау алған, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атты деп әлемге жар салған, алқызыл алмасының тіл үйірер дәміне көпшілік тамсанған, еліміздің ірі мегаполисі және қаржы орталығы атанған әсем қала- Алматыға аялдаймыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәліметтер. Деректерге сүйенсек,қаланың жаңа тарихы Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верный қаланған кезеңінен басталады.1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды. Верный дұрыс салынбағандықтан, бір жағы кіші Алматы өзенінің бойында орналасқан ағаштан қаланған бесбұрышты құрап,кейіннен ағаш кірпіш тастарына ауыстырылған екен. 1867 ж. 11 сәуірінде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталған. Түрксіб құрылысы Қазақстанның астанасы Алматы болуына ықпал етті.1927ж. 2 наурызында ҚазАССР-ң ОСК-і астананы Қызыл-Ордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдады. ІV Бүкіл Қазақстандық кеңестер съезі бұл шешімді мақұлдады.Осылайша, Алматы 1929 жылдан бастап астана атанды.
2. Шаһардың өткенінен бір үзік сыр. Б.з.д. 10 - 9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болса, Б.з.д. 7 ғ. - б.з.д. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері саналған. Б.з. 8-10 ғғ. Алматы өміріндегі орта ғасыр кезеңіне жатады.10-14 ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысы арқылы қала сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Алмату қаласының аты жазылған күміс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесімен безендірілген «Жетісу құрбандық табағы», ғажайып «Қарғалы диадемасы» бұл жердің мыңдаған жылдық тарихы бар өркениетті өлкенің орталығы болғандығын көрсетеді.
3. Алмасы әнге арқау болған әсем қала табиғаты. Іле Алатауының жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай екендігі белгілі әрі Алматының шеткі аймақтары Іле Алатауының ұлттық паркіне жатады. Мұндағы арнайы қорықтарда сирек кездесетін құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қар жолбарысы Алматы қаласының елтаңбасында бейнеленген.Қаланың 8 мың га. астам жерін бау-бақшалар мен парктер, саяжайлар алып жатыр. Алматы апортының даңқы әлемге жайылып,әсем әнге арқау болған. Қаланың климаты ауыспалы, тіптен температурасы жыл мезгіліне қарай күн сайын өзгеріп отырады.
4. Қала тарихындағы ерекше оқиғалар. 1986 ж. желтоқсанда әкімшіл-әміршіл билікке қарсы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі болды.
1991 ж. 16 желтоқсанда Алматыда Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Сол жылғы 21 желтоқсанда Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) дүниеге келді. 1992 ж. Алматыда дүниежүзілік қазақтарының құрылтайы болып өтті. 1993 жылғы шешім бойынша қала атауы «Алма-Атадан» Алматыға өзгертілді.1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржы және өндірістік орталыққа айналды.
5. Алматыны айшықтайтын айырықша жобалар. Алматы үшін үшінші мыңжылдықтың басы ірі көлемді жобаларды жүзеге асырумен айшықталды. Соның ең бастысы, құрылысы 20 жылға созылған Алматы метросы. Ол 2011 жылы іске қосылды. 2012 жылы метрополитен «Золотая колесница» халықаралық сыйлығының лауреаты болды. 2013 жылы Еуропалық сапаны зерттеу қоғамының (ESQR) жоғары наградасын иеленді. 2014 жылы метрополитеннің тағы екі бекеті қолданысқа берілді.
6. Шаһарды әлемге танытқан спорттық жарыстар.Алматының халықаралық аренада кеңінен танылуына спорттың ықпалы мол. 2011 жылы Азиаданың, бокстан, дзюдодан, трамплиннен шаңғымен секіруден өткен халықаралық жарыстар, «Гран-при 2013» атты волейболдан өткен әлемдік этап қаланың халықаралық мәртебесін арттырса, 2013 жылдың 6 қазанында өткен 1,2 категорияларындағы «Тур Алматы» кәсіби веложарысы Алматы атын әлемге тағы да паш етті. Бокс, мұзда сырғанау, шаңғы жарысы бойынша әлем чемпионаты, керлинг бойынша Тынық мұхиты-Азия чемпионаты, өрмелеу бойынша Азия чемпионаты Алматының туристік тартымдылығын айғақтайды.
7. Қаланың қазіргі даму бағыты. Алматы - еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, жалпы Орта Азия өңірінің саяси, ғылыми, мəдени, қаржы жəне өнеркəсіп орталығы. Қала аумағы 68200 га., халық саны - 1 млн.806.833. Шаһарда ірі көлік торабы, азық- түлік, жеңіл, ауыр өнеркәсіп дамыған. Мұнда отандық ірі банктер, шетелдік қаржы институттарының жетекші компаниялары шоғырланған. 2014 жылы қала ТМД мәдени астанасы ал, 2015 жылы – Ислам мәдениетінің астанасы болды.
Шаһар жайлы мәліметтерді қала әкімдігінің ресми сайтынан ықшамдап дайындаған: Раушан Бекмырзақызы.
Иллюстративное фото - Анастасия Лебедева.