«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгінгі бағыт түзеген қаламыз,мысты шаһар-Жезқазған. Сонымен, сары алтындай сары мысымен елімізге ғана емес,әлемге танымал қала жайлы не білгілеріңіз келеді? Онда мысты өңірдің өткені мен қазіргі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін тарихи деректермен таныс болыңыздар:
1.Жезқазғанға ат басын тірегенде алдымен алып зауыттың мұржалары көзге шалынады. Туған жердің түтіні де ыстық десек,өндірісті қаланың ,яғни Үлкен Жезқазған жобасы-бұл академик Қаныш Сәтбаевтың төл тумасы,ғұлама ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижесі,-дейді жезқазғандықтар.
2.Жезқазғанға қала мәртебесі 1954 жылдың 20 желтоқсанында берілген. Демек, биыл мысты шаһарға 64 жыл толады. Алайда,оның өткен тарихы көне дәуірлермен жалғасып жатыр.
Қала тарихына қатысты мәліметтерді сөйлетсек, оның бұрынғы атауы Ақжал болыпты. «Мыс-байлығымыз» деп кіре берістен қарсы алатын жазудың сыры да қаланың осылай аталуына себепші болған.
3. 1973 жылдан-1997 жылға дейін Жезқазған үлкен аумаққа ие,құрамында 7 аудан,4 қаласы бар облыс орталығы болған.
2012 жылғы есеп бойынша мұнда қазір 88 мыңнан аса халық тұрады.
4. «Жезді бойы –жез қалам,жер түбінен жезді алам,
Алтын қалам-кең далам,сенен ұшқан айға адам,Жезқазғаннан айналам» -деп әнге арқау болғандай, Жезқазған-ғарышкерлер қаласы ретінде де танымал. Байқоңырдан ұшқан алып кемеден ғарышкерлер алдымен жерге қонғанда –жезқазған топырағына табандары тиеді. Жезқазғанның құрметті азаматтарының тізімінің де денін атақты ғарышкерлер құрайды. Қалада олар отырғызған арнайы саябақтағы жасыл шыршалар мысты шаһардың халқына қалдырған белгі сияқты.
5.Жер қойнауында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі кездесетін шаһардың орналасқан жері де қасиетті Ұлытау өңірі екенін айта кетсек артық болмас. Үш жүздің басын қосқан,татулық пен бірліктің бесігі саналатын тарихи мекен,баба тау қаладан 120 шақырым жерде орналасқан. Ұлытау- Жезқазған аймағындағы мәдени-тарихи ескерткіштерге тоқталсақ, көне дүние күмбірін жеткізер Алаша хан мазарынан бастап,Жошыхан,Талмас ата,Жұбан ана,Болған ана,Қайып ата,Дүзен,Ерден мазарлары көз алдыңа келеді. Жезқазғаннан Қарағандыға қарай барар жолдағы 80 шақырым қашықтықтағы «Теректі Әулие»- үлкен археологиялық кешен ретінде «Қасиетті Қазақстан» тізіміне енген.
6. Жезқазған жерінде тұрып,оның қасиетті топырағын басқан жандардың бәрі өзін көбіне жезқазғандықтармыз деп атайды. Мысты шаһарды әлемге танытқан академик Қаныш Сәтбаев Павлодардың Баянауыл топырағында дүниеге келсе, Жезді өлкенің «жез киігін» әнге қосып,елге танымал еткен ақын Кәкімбек Салықов Қызылжар өңірінің тумасы, «Сырда туып,қырда өстім,кенші болып ғұмыр кештім» дейтін жыршы-термеші Шынболат Ділдебаев Сыр елінде өмірге келсе де қала халқы олардың есімін үлкен ілтипатпен айтып, өңір шежіресіне енгізіп қойған.
7.Табиғаты жайлы бірер сөз: Қала маңында мыңнан аса өсімдік түрі өссе, Бейбарыс бабамыз аңсаған исі мұрын жаратын,әрі емдік қасиеті мол жусанның 30 түрі кездеседі екен. Ең маңызды оқиға-бұрын өзгеден оқшаулау «тұйық қала» атанған мысты шаһардың екінші тынысы ашылып, Елбасы «ғаламат жоба,ғасыр жолы» атаған «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолы салынып, қаланың өркендеуіне үлкен серпін берді.
Жез қала тарихының өткені мен қазіргі келбеті жайлы баяндаған: Раушан Бекмырза.
Қала тарихына қатысты тарихи деректер «Жезқазған.Табысты жылдар тарихынан баян» жинағынан алынды.