«Шаһарларға саяхат» айдарын жалғастыра отырып, бүгін Атырау қаласына аялдаймыз.
Қазақстанның батысында, Жайық өзенінің бойында орналасқан қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланған.
Осы жылы Гурьевтер әулетінің басшысы Гурий Назарьев, балалары Михаил, Иван және Андреймен Жайық бойына келіп қоныстанып, өнеркәсіптерін ашып, Жайық және Ембі өзені балықтарын өндірістік және сауда мақсатында пайдалануды бастайды. Патшаға жаққандықтан 1679 жылы осы жерді ғұмыр бойы мекендеп, кәсіп ету үшін Гурьевтер әулетіне басыбайлы берілген, қазақтар «Үйшік» деп атап кеткен мекен, осыдан соң Гурьев қаласы атанған.
Ал қаланың өткені жайлы материалында тарих ғылымдарының докторы,Әбілсейіт Мұқтардың мына тарихи деректері де назар аударуға тұрарлық:
« 1991 жылы 4 қазанда ел тәуелсіздігі қарсаңында Гурьев қаласы халық депутаттары кеңесі Гурьевті Атырау атауына ауыстырып тарихи ақиқатты қалпына келтірді. Сонымен бүгінгі Атырау қаласы тарихы ХІІІ ғасырдағы Ақтөбе-Лаэти – Үйшік – Құтлукент - Жайық - Төменгі Жайық - Усть-Яицк – Гурьев – Чапаев - Гурьев қалаларынан бастау алады. Олай болса қала тарихын ХІІІ ғасырдан бастауды ұсынамыз»-, дейді тарихшы ғалым.
Қаланың заманауи сәулеті Қазақстанның өзге қалалары секілді, қаланың жаңа және ескі бөліктері бар. Орал өзені Атырауды екі бөлікке бөліп тұр: еуропалық және азиялық бөліктер. Атырауда ең ұзын жаяу көпір бар, ол «Гиннес рекордтар кітабына» енгізілген.
Қала дүниенің екі бөлігінде орналасқан – Еуропа мен Азия. Атырау мұнай мен газды өндіру мен қайта өңдеудің ірі орталығы болып табылады.Халық саны 2013 жылғы есеп бойынша 272 071 адам . Жер қойнауы мұнайға бай. Сондықтан өңірдің басты байлығы қызыл балық пен қара уылдырық, мұнай мен газ болып табылады.
Бүгінде Атырау – Қазақстанның негізгі көмірсутек аймағы, мұнай мен газды өндіру бойынша ең ірі орталық, келешегі бар қаржыландыру нарығы. Ал Атыраудың қара уылдырығын ТМД мен Еуропада жақсы біледі.
Атырау жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырза.
Фото: TR-KAZAKHSTAN.KZ