«Шаһарларға саяхат» айдарынан Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласы жайлы мәліметтермен таныс боласыздар.
1. Шаһар тарихы жайлы. Қаланың іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастады. 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналды. Қалада бұрынғы фосфорит өндірісінің негізінде құрылған акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жұмыс істейді.Жаңатастың фосфор байлығы 1939 жылы айқындалса да,оны игеру 1964 жылы ғана басталған.Сол жылы іргетасы қаланған поселке Бүркітті деп аталған.
2.Қаланың инфрақұрылымы. Бірнеше мектеп, мұражай, мәдениет үйі, 2 кітапхана, спорт мектебі, клуб, аурухана, тубдиспансер, аудандық санэпидемиологиялық станция бар. Тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль және темір жол (Тараз — Жаңатас темір жол тармағы) арқылы қатынасады.
3.Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы. Жаңатас қаласының қайта түлеуіне «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» тигізген пайдасы зор. Мұнда да шағын және орта кәсіпкерлік саласын мықтап дамытуға баса көңіл бөлінген. Шаһарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасы күн өткен сайын нығайып келеді.
4.Қаланың өндіріс әлеуеті. Жаңатас фосфор кенімен аты шыққан қала. Бүгінде мұнда «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған өндіріс ошақтары алғашқы жартыжылдықта 293,7 мың тонна фосфор өнімдерін өндірді. Қазіргі таңда «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешеннің екінші кезеңінің құрылысын жүргізуде. Кешен 2019 жылы толық іске қосылады. Жобаның құны – 950,0 миллион АҚШ доллары.
5.Шаһардың әлеуметтік-мәдени орындары. Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы, облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны – 21192 адам. Жаңатас қаласында 155 төсекке арналған орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, Халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс істейді. Көп салалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері, демалыс саябақтары бар.
6. Кеншілер қаласындағы жұмыспен қамту жағдайы.Шағын қалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыссыздық азайып,қаладағы өндіріс кәсіпорындары ,оның ішінде «ЕуроХим» ел өміріне ерекше серпін беріп отыр. Деректерге сүйенсек,зауыт толық қуатына шыққанда 1200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ал 2020 жылға қарай, жұмыс күшінің әлдеқайда артатынына жоспар бар. Бүгінгі күнге «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-да 230 адам, «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-да 170 адам, барлығы 400 адам жұмыс істеуде.
7.Моноқаладан-ақылды қалаға айналдыру жоспары. 2020 жылға қарай Жаңатас тұрғындарының санын 30 мыңға жеткізу көзделіп отыр . «ЕуроХим» Түркістан облысының Шаян өңірінен Жаңатас қаласына дейін көгілдір газ тартуды қолға алған. Алдағы уақытта компания жобасы бойынша Жаңатасты «Ақылды қалаға» айналдыру жоспарланған. Кезінде 60 мың халқы болып,атағы алысқа жайылған, Шерхан Мұртазаның «Қара маржанына» арқау болған қаланың болашағы зор.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Иллюстративное архивное фото - inform.kz