«Турандот» операсы – әлемдік театр сахнасында 92 жыл. Өлмес өнер туындысын «Астана опера» театрының көрермендері қалай қарсы алғанын «Сиқырлы әлем» айдарынан оқыңыз.
«Турандот» - италияндық опера композиторы Джакомо Пуччинидің өмірінің соңында жазған операсы. Ең алғаш рет 1926 жылы Милан қаласындағы Ла Скала театрында сахналанды. Опера қатігез қас сұлу Турандот ханшайым мен Калаф ханзаданың махаббаты туралы. Қыз өзіне сөз сала келген күйеу жігіттерді сынап, үш жұмбақ жасырады, егер түйінін шешкен жан болса, ханшайым оның жары атанады, ал жауабын таппаса, үміткер жазаға кесіледі.
«Турандоттың» еліміздегі премьерасы «Астана опера» театрында 22 маусым күні өтті. Астананың 20 жылдығына қазақстандықтар үшін арнайы жасалған сыйлық болды. Ерекшелігі – әртістердің ұлттық құрамында. Астана операның атақты өнер майталмандары, Қытай ұлттық опера театрының өнерпаздары және еуропалық опера саңлақтарының шеберлігіне көрермен өз көзімен тәнті болды. Турандот ханшайымды белгілі австралиялық опера әншісі Мартина Серафин, Калаф ханзаданы болгарлық тенор Камен Чанев және ханзадаға шынайы ғашық болған Лиу партиясын қазақ операсының жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызы орындады. Оркестрді басқарған – атақты дирижер Алан Бөрібаев.
Көрермен толы залда операның тұсаукесері сәтті өтті. Орындарынан тік тұрып қошемет көрсеткен көрермен алған әсерін жасыра алмай келесідей пікірлерін білдірген:
@assel_astana2016: «Браво!!! Бұл Астана операның ең үздік қойылымдарының бірі! Керемет кеш үшін рахмет!»
@marzhan3803: «Керемет қойылым болды! Декорациясы күшті, режиссердің, қатысқан әрбір әртістің әні, қимыл-қозғалысы көңілден шықты. Тура бір тариxи оқиғаны көзбен көргендей әсер алдық! Костюм, декорацияларда мін жоқ! Қонақтарым да өзім де дән риза болып қайттым!»
@anara121075: «Кешегі қойылымды көріп, сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсер алдық! Керемет!»
@91aigerim: «Сиқырлы кеш! Хор керемет! Жарайсыздар!»
@laura087: «Астанада тұратын адамдардың бағы бар. Осындай өнер туындысын тамашалай алатындарын айтам. Біз болсақ, жете алмай отырмыз...»
Материалды дайындаған Мақпал Аманбай
Ақпараттар және фото @astana_opera парақшасынан алынды.