«Шаһарларға саяхат» айдары бүгін Алматы облысына қарасты тарихы терең , табиғаты көркем әрі көне қалалардың қатарында ертеде Талхиз атанған, қазіргі Талғар қаласы жайлы мәліметтермен таныстырмақ.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Қаланың іргетасы 1858 жылы қаланғанмен,шаһар әкімшілік –аумақтық бөлініс болған 1928 жылы құрылған. 1959 жылы ресми қала мәртебесін иеленген ,ал бүгінде Талғар ауданының орталығы. Қала Іле Алатауынан бастауын алатын Талғар өзені мен Талғар шыңы баурайында орналасқан. Алматы қаласынан арақашықтығы - 25 шақырым,ал облыс орталығы Талдықорған қаласынан 260 шақырым.
2. Шаһардың өткен тарихынан. Қала тарихы жайлы жазба деректерге үңілсеңіз,жүргізілген археологиялық зерттеулер бойынша оның бұрынғы атауы VIII-IX ғасырларда Талхиз атанған ежелгі мекен болғандығы айтылады. Сонымен қатар Жоңғар-қалмақтарына қарсы күрескен Аңырақай шайқасына қатысты мәліметтер де көптеп кездескен екен. 982 жылы Худуд әл-Әлем¬нің «Әлем шекарасы» трактатында Талхиз атауы алғаш рет қолданылған. Талғардың оңтүстігінде VII-VIII ғасыр¬ларда Қарлұқ мемлекетінің орталығы болған «Талхиз» қаласының орны сақталған.
3. Қаладағы өндіріс орындары мен шығаратылатын өнімдер. Талғар кірпіш зауыты мен эксперименттік құю механикалық зауытының өнімдері республикаға танымал. Соңғы кездері су жүретін түрлі құбырлар , бетон араластырғыштар, ауыл шаруашылығы техникалары мен спорт тауарларын да шығарып келеді. Сондай-ақ «Талғарспирт» , «Барон», «Интелсервис» , «Текстилайн» сияқты шағын бизнес нысандары да халыққа қызмет көрсетуде.
4. Шаһардағы әлеуметтік мекемелер. Талғарда жалпы білім беретін 10 орта және музыка, спорт, кәсіптік техникалық мектептер, Д.А.Қонаев атындағы университеттің колледжі, М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжі, медицина колледжі, кинотеатрлар, орталық аурухана, балалар және тіс емханалары, туберкулезге қарсы диспансер, санитарлық-эпидемиологиялық , «жедел жәрдем» станциялары мен 1ересектер және 1 балалар емханасы, орталық кітапхана, мәдениет сарайы, демалыс саябақтары бар.
5. Қала мақтаныштары саналған тұлғалар. Шаһар тұрғындары осы топырақта дүниеге келген белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов, ұлттық театр мен кино өнерінде шоқтығы биік Ыдырыс Ноғайбаев, елімізге танымал демограф Мақаш Тәтімов,қазақ баспасөзінің саңлағы Бекболат Әдетовтың есімдерін ерекше мақтанышпен атайды.
6. Көлік қатынасы. Талғар арқылы республикалық маңы¬зы бар Алматы – Талғар – Есік – Түрген – Маловодное – Шелек – Жаркент – Қорғас халықаралық автомобиль жолдары өтеді.
7. Шаһардың бүгінгі тынысы. Талғар қаласында бүгінде 50 мың 400-ден аса халық тұрады. Қала аумағы 1808 га, көшелердің ұзындығы—147,8 км. Жекеменшік секторда 13000 аула және 163 көппәтерлі үйлер бар. Шаһар халқы көп шоғырланған жерлерінде 12 мейрамхана мен 13 ірі сауда орталықтары,7 әр салалы базарлар қызмет көрсетеді.
Қала туралы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.