Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ Алматы облыстық филиалы Жетісу жерінде каратэден республикалық шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып отыр, - деп хабарлайды Qazir.kz
2018 жылғы 16 желтоқсан күні Талдықорған қаласының «Өркен» спорт кешенінде Кёкушинкай каратэден қыздар мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының ХІІ Ашық Чемпионаты мен Ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының ХV Кубогын өткізу жоспарланып отыр.
Жетісу жерінде алғаш рет өткізілетін шығыс жекпе-жегінің дүбірлі додасына «Қазақстан Республикасы Жауынгерлік өнер ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан бойынша жалғыз қара белбеу 7 дан иегері Тәжімұрат Толыбайұлы Найзабеков қатысады. Сонымен қатар, шихан Т. Найзабеков басшылық ететін «Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ құрамындағы еліміздегі облыстық филиалдардың жетекшілері мен каратэнің қыр-сырын меңгерген 500-ден астам спортшы Талдықорғанда бас қоспақ.
Қыздар мен әйелдер арасындағы ел чемпионатына 10 жастан жоғары қыздар мен әйелдер қатысса, ерлер арасындағы ХV Қазақстан Республикасының Кубогын 18 жастан асқан жігіттер сарапқа салып көрмек.
Сэнсэй Сания Қасабаева жетекшілік ететін Алматы облыстық филиалының атынан қатысатын отыздан астам каратэк Жетісу жерінің намысын қорғап, татамиде бар өнерін көрсететін болады.
«Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ жиырма жылдан астам уақыт ішінде әлемдік додаларда еліміздің байрағын талай көкке желбіреткен ұйым екені мәлім. Еліміздің барлық өңірінде каратэнің осы бағыты бойынша 20 мыңнан астам спортшыға шығыс жекпе-жегін меңгеруге мүмкіндік жасалған.