2014 жылдан бастап елімізде «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!»- «Серпін-2050» атты мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп келе жатыр. Бағдарламаның мақсаты-халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру болып табылады. Qazir бұған дейін Қарағанды қаласы жоғары оқу орындарында осы бағдарламамен оқып жатқан жастардың ой-пікірлерін топтастырған материал жарияласа,бүгін Жезқазған қаласындағы «Серпіндік» жастың ойын назарларыңызға ұсынады.
Алматы облысы,Талдықорған қаласынан «Серпін» бағдарламасы бойынша Жезқазғандағы Өмірхан Байқоңыров атындағы университетте оқуға келдім.Қазір геология мамандығы бойынша 2 курста оқып жүрмін. Алғаш келгеннен бастап шағын қала болса да Жезқазған маған ұнады,халқы қонақжай. Басында бейтаныс қалада төрт жыл бойы оқу қажеттігін түйсінгенімде іштей қобалжыдым, бірақ алға қойған мақсатым мен қалаған мамандығым менің бойыма алдағы күндерге деген сенімімді орнықтырды. Жезқазғанға «Серпіндіктердің»алғашқы қарлығаштары 2015 жылы келген,бүгінде мұнда 400 студент оқып жатыр.Биыл алғашқы түлектері бітіріп шығады.
Олар Алматы,Жамбыл,Қызылорда,Түркістан,Маңғыстаудан келген жастар.Өзіммен бірге екінші курста 160 студент бар. Бағдарлама түлектері оқуларын бітіргесін осында жұмысқа орналаса алады. Мектепте оқып жүргеннен бастап өзім география пәнін жақсы көріп,қызыға оқыдым.Мамандық таңдаған кезде жаныма жақын геологияны қаладым. Жезқазған жері пайдалы қазбаларға бай,өндірісі дамыған қала. Қалаға кіре берістен «Мыс-біздің байлығымыз» деген жазудың өзі көзге жылыұшырайды. Екінші курсты аяқтағасын өндірістік тәжірибеден өтуге де мұнда үлкен мүмкіндік бар. Іргелес Сәтбаев қаласында орналасқан Жезқазған кеніштеріне барып алған біліміңді тәжірибемен ұштастыра аласың. Кураторым Гүлнар Жолдасқызы да бізге білім мен өндірістік тәжірибенің маңызы жайлы жиі айтады.Өзі геолог,мамандығын жетік меңгерген кәсіби маманнан дәріс алу біз сияқты жастарға өмір жолында өте пайдалы екенін түсінеміз.
Жезқазғандық жастармен жақсы араласамын. «Серпін» бағдарламасымен төрт өңірден келген жігіттермен бірге пәтер жалдап тұрамыз. Осы уақыт ішінде бір үйдің балалары сияқты болып кеттік. Облыс болып бөлінбейміз,тіпті бірі-біріміздің диалект сөздерімізге де үйреніп кеттік.
Университет қабырғасындағы,қала бойынша өткізілетін іс-шараларға белсене қатысамыз. Биыл жастар жылы деп жарияланды ғой. Сондықтан замандастарым өздерінің идеяларын айтып,жаңа стартап жобаларын ұсынып,жаңадан іс бастап,кәсіпкерлікпен де айналысуларына мүмкіндік туып отыр. Университетте бизнес инкубатор , «еркін ойлау лабораториясы» т.с.с студенттердің бастамаларын жетілдіру мен нақты іске бағыттауға барлық жағдай жасалған. Болашақта жезқазғандық жастардың бос уақыттарын жақсы өткізуге үлкен ойын-сауық және сауда орталықтары салынса деп ойлаймын.
Шыңғыспен әңгімелескен Бибінұр Жансейіт.